Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жолаушы тасымалы – жауапты іс

Жолаушы тасымалы – жауапты іс




Көлік қатынасы – кез келген мемлекетте үлкен маңызға ие. Ол жолаушылар мен жүкті тасымалдап қана қоймай, елдің экономикасына да пайдасын тигізеді. Бұдан бөлек айшылық алыс жерді жақындататын қасиеті баршаға мәлім.

Бүгінде ауданда қоғамдық көлік және такси қызметіне қатысты мәселелер өз шешімін тауып отыр. Кентте қазіргі таңда халыққа қызмет көрсетіп отырған 3 ЖШС, 6 жеке кәсіпкер бар. Жолаушылар тасымалы кентшілік 6 бағыт, аудандық 20 бағыт, қалааралық 4, ауданаралық 1 бағытта жүргізіледі. Оларда 100-ден аса автокөлік бар. Сонымен қатар аудандағы барлық елді мекен қоғамдық көлікпен толық қамтамасыз етілген. Жылдан жылға аудан көлеміндегі жолаушылар тасымалы артып келеді. Оның қатарына тұрақты әрі сапалы жұмыс істеп тұрған такси тасымалын да жатқыза аламыз. Шиелі кентіндегі «Шиелі такси», «Сұңқар», «Макси такси», «Сәт сапар» ЖШС-лары көпшілікке мәлім. Бұлардың әрқайсысы такси шақыру телефондары және диспечерлік қызметпен қамтылған.
Аудан орталығындағы автостанция да халыққа таныс. Мұнда Шымкент, Алматы бағыттарындағы автобустар қатынайды. Өткен жылы кентшілік жаңадан тағы бір маршрут ашылды. Сапаржайдың қызметі облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының құзырында болғандықтан басқарма арқылы халыққа қызмет көрсету барысын тексеру жұмыстары жүргізіліп отырады. Айта кетейік, облыстағы өзге аудандармен салыстырғанда, Шиелі ауданы – өзіне қарасты елді мекендерге жолаушылар тасымалы сақталған бірден-бір өңір.

«Өскен өңір» ақпарат

10 тамыз 2019 ж. 1 191 0