ЖОЛ ЕРЕЖЕСІ ЖАУАПКЕРШІЛІКТІ ТАЛАП ЕТЕДІ
«Ай жүрсең де аман жүр» дейтұғын сөздің астарында ақ тілек, бата тұр. Діттеген жерге жетуді жолдың мұраты десек, барар жеріне жетпей жолда үзілген қаншама тағдырлар бізді неге ойландырмай келеді? Ажалы темірден келген тағдырлардың артында айықпас жара қалып жатыр.
Өткен жылғы ауданда орын алған жол көлік оқиғасы 2016 жылмен салыстырғанда едәуір асып кетті. 2017 жылдың 12 айында аудан көлемінде 54 жол көлік оқиғасы тіркелді (Бұл көрсеткіш 2016 жылы 48 болған). Жолдағы жауапкершілікті сезінбегендік салдарынан 67 азамат әртүрлі дене жарақатын алса, 13 азамат жол көлік оқиғасының құрбаны болды. Жол апаттарының бұлай артуына нендей себептер бар? Көлік тізгіндегендер өзінің де, өзгенің де тағдырына бей жай қарағандығынан 13 азаматтың артында 13 отбасы қара жамылып қала берді. Жол апаттарының бұлайша күрт өсуі аудан әкімі Ә.Оразбекұлының да назарынан тыс қалмады. Өңір басшысы есепті кездесулерде жергілікті полиция қызметіне қатаң тапсырмалар да жүктеген-ді. Бұл, әрине орган қызметкерлері ғана атқараршаруа емес.Әр тұлғаның азаматтық борышы деп білгеніміз жөн. Былтырғы жылы тіркелген жол көлік оқиғаларының басым көпшілігі яғни, 24-і кент орталығында орын алған. Көлік жүргізу куәлігін «көкесінің» арқасында алғандардың көп екені көңілге кірбің түсірер шындық. Міне, сол жауапсыздықтың салдары орны толмас өкінішпен аяқталып жатыр.
Емін іздегенше алдын алудың жолын қарастыру қашан да тиімді. Осы орайда Шиелі АІІБ ЖПҚ-нің ЖПП тобы бірнеше арнайы шаралар өткізіп те жатыр. Аудан көлемінде жол көлік оқиғаларының алдын алу, болдырмау мақсатында 22 қаңтар мен 18 ақпан аралығында «Аытобус» жедел профилактикалық іс шарасы жүріп жатыр. Қоғамдық бақылау өкілдерімен бірлесіп, жолаушылар тасымалымен айналысатын көліктер мен такси жүргізушілері арасында жүргізіліп жатқан аталған шара барысында бүгінгі күнге құқық бұзушылықтар анықталып жатыр. Жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзушылықтар 46-ны көрсетіп отыр. Қоғамдық көлік жүргізушілерінің куәліктері сай келмей жатқан жағдайлар да бар көрінеді. Бұл дегеніміз, қаншама адамның өмірін ойыншыққа айналдыру емес пе?
Апта басында кентте және «Көкшоқы» мөқлтек ауданында аудандық ішкі саясат, жастар ресурстық орталығы мамандары мен ЖПП тобының инспекторлары жол апаттарының алдын алу мақсатында арнайы акция ұйымдастырды. Автобекеттер мен базар маңы, орталық аурухана және такси тұрақтарында арнайы түсіндірме жұмыстары жүргізілді. АІІБ-нің ЖПҚ ЖПП тобының қызмет аға инспекторы, полтиция капитаны Ербол Палжанов такси жүргізушілеріне жауапкершілік жүгін сезіне білуді айта жүрді. Жол қауіпсіздігі жауапкершілікті талап етеді.
Бақытжан ЖОЛАМАНҰЛЫ