Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Темір тұлпар –темірдей тәртіп

Темір тұлпар –темірдей тәртіп


Иә, тақырыбымызды осылай бастауымызға соңғы кездердегі жан түршігерлік оқиғалар себеп. Қарбалас тірліктен қолыңды босатып, жаңалықтар білуге асығасың кейде. Көк жәшіктегі жаңалықтардың басым бөлігі жайсыз хабарларды жеткізгенде және статистикалық мәліметтерді білгеніңізде төбе құйқаңыз шымырлап, тұла бойыңыз тітіркенеді.
Бір ғана мысал, бірер күн бұрын ғана Қармақшы мен Қазалы аудандарының арасында жолаушылар мінген екі мик­роавтобус соқтығысып, адам шығыны орын алған. Өкініштісі сол, көп жол апаты жүргізушінің жауапсыздығынан орын алады екен. Бүгінде халықтың әл-ауқаты жақсы. Бастарында бас панасы болмаса да бір үйде бес бала болса, кемінде үшеуінің темір тұлпары бар. Шүкір дейік. Жаман демейік, бар болғаны жақсы ғой қашан да. Алайда, көп жағдайда жамандықтың жаршысы болып, талай тағдырдың сол көліктердің тізгінінде кететіні жаныңызды күйзелтеді екен. Жол мұраты – жету десек, қазіргі уақытта жол-көлік апатынан жарақат алып, көз жұмып жатқан адамдардың санының көбейіп бара жатқандығына қарап бұлай дей алмаймыз. Жол сақшылары жүргізушілердің жылдамдықты шектен тыс асырып, ереже бұзатынын айтады. Осы санаттағы апаттардың 90 пайызы жүргізушілердің кінәсінен орын алатын көрінеді. Тек 10 пайызы ғана өзге факторлардың салдарынан. Сонда, жолға шыққан адамның мақсаты діттеген жеріне жету емес... бұл дүниеден кету болғаны ма? Бұл баршамызды алаңдатуы тиіс маңызды мәселе. Осыдан 300 жыл бұрын Майқы би «Темірден болар көлігің, темірден болар өлімің» деп айтып кеткен деседі. Сол айтқандай, өлімі темірден болған талай адамның қаны қара жолға сіңді, талай арман қара жолда үзілді.
Статистикалық деректерге қарасақ, аудан бойынша ағымдағы жылдың 10 айында 51 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Бұл апаттардан 7 адам қаза тауып, 68-і түрлі дәрежедегі жарақат алған. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, 41-ден 51-ге өскен. Жол полициясы қызметкерлері жол-көлік оқиғаларының орын алуына басты себебі, ең алдымен жылдамдықты шегінен асыра айдау, қозғалыстың қарсы бетіне шығып кету, сонымен қатар, көше қиылысынан өту ережесін бұзу екенін айтады. Жол көлік оқиғаларының 26-ы тәуліктің түн мезгілінде, 25-і күндізгі уақытта орын алған. Жол-көлік оқиғаларының 34-і кент орталығында (әл-Фараби, Байтұрсынов, Абылайхан, Бұдабай, Әбдікәрімов, Ясауи, Байсын, Шоқай, Палмұхамедов, Көкшоқы, Палымбетов, Шәкәрім, Жүргенов, Тоқтаров, Жақаев, Сейфуллин, Байсын көшелерінде) орын алса, 9-ы ауылдық округтерде (Ортақшыл, Бәйгеқұм, Тартоғай, Алмалы, Жаңатұрмыс, Иіркөл, Ақтоған, 21-бекет) 3-і «Шымкент-Самара» тас жолында, 5-і «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» транзиттік дәлізінде орын алған. Жол көлік оқиғаларында 9-ы қарама-қарсы бағытқа шығып, 12-і автокөліктің жанымен келіп соқтығысқан, 3-і маневрлеу ережесін бұзған, 9-ы жүргізушінің рөлге ие бола алмауы, 17-і жаяу жүргінші қағып кетуі және 1-і малды қағуы себепші болған. Тіркелген 14500 автокөлік иелерінің арасында жол-көлік оқиғаларының алдын алу, болдырмау мақсатында, 2018 жылдың 10 айында күнінде «Қауіпсіз жол», «Автобус», «Құқық тәртібі» секілді жедел профилактикалық іс-шаралары республика, облыс және аудан көлемінде 21 мәрте өткізілгендігі белгілі болды. Ал, жол апаттарының алдын алу мақсатында кент орталығында халық көп шоғырланатын орындарға 397 дана арнайы үлгідегі жадынамалар ілініп, жегрілікті баспасөз беттерінде мақалалар жарық көрген. Сонымен қатар, жыл басынан қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуде аудан көлемінде 7034 (2017 жылы 5859) құқық бұзушылықтар анықталып, 32997322 теңге айыппұл салынып, оның 19949032 теңгесі өндіріліп, өндіру көрсеткіші 60,4 пайызды құраған. Оның ішінде, жол қауіпсіздігі саласы бойынша 5223 құқық бұзушылық анықталып, 24907382 теңге айыппұл салынып, 15453365 теңгесі өндірілген. Ерап базасы бойынша 1646 құқық бұзушылықтар анықталды. Жоғарыда анықталған құқық бұзушылықтардың 591-і /яғни 9,6 пайызы/ бейнебақылау камерасының көмегімен анықталып, жалпы, 4 млн. 217 мың 725 теңге айыппұл салынып, оның 3 млн. 777 мың 780 теңгесі өндіріліп, өндіру пайызы 69,3-ті құраған. Қара жолдың бойында қаншама темір тұлпар «сүрініп», қаңтарылып қалуда. Осылайша, жүргізушілер үйіне өзі емес, қаралы хабар баруы мүмкін екендігін қаперінде ұстаса екен дейміз. Апат салдарынан талай адам опат болса, қара жамылғандар қатары да, жарақат алғандар да көп.Қалай болғанда да адамдарды жол үстіндегі жайсыз жағдайлардан арашалау үшін, ең алдымен, көлік жүргізушілері санасын сілкінтіп, өз жауапкершіліктерін бір сәтке болса да естерінен шығармағандары дұрыс секілді. Темір тұлпарға отырғанның барлығы темірдей тәртіпке бағынуы тиіс. Бағынбаса, не өз өмірі, не басқаның өмірі қиылады. Ұмытпаңыз, сізді отбасыңыз асыға күтіп отыр.

Дина ЖҮСІПОВА.
21 қараша 2018 ж. 1 369 0