Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Мұғалім әмбебап маман ба?

Мұғалім әмбебап маман ба?


                                  

Нақ осы тақырыпта қалам тербеуімізге көз алдымызда болып жатқан оқиғалар арқау болды. Осы тақырып аясында бүгінгі мұғалімдердің мәртебесі мен өзіндік орнын сөз етпекпіз.
Бірде егделеу кісінің мұғалімге деген көзқарасы мен құрметі жайындағы әңгімесін құлағым шалып, жұмысым қаурыт болса да тыңдадым.
«Біздер үшін мұғалімнен асқан қадірлі адам жоқ болатын. Әке-шешемізге еркелеп, сөзіне құлақ аспасақ та, ұстазымыздың айтқандарын екі етпейтін едік. Ауыл шағын болғандықтан, сол мектепте жұмыс жасайтын ұстазың әйтеуір сенімен туыс болатын. Дегенмен, мектеп қабырғасында ол сені мүлдем танымастай өзгеретін. Реңі сұстанып, өзінен шәкірттері именетіндей кейіпке енетін. Сондықтан болар, мектеп мұғалімін демалыс кездерде көшелерде көріп қалсақ та теріс бұрылып, сонадайдан айналып кететін едік. Аяғыңды қия бастырмайтын. Ал, сабаққа дайындалмай барсаң, не болмаса класста тыныш отыра алмасақ таяқ жейтінбіз. Содан біразға дейін қимылсыз қаласың. Ал, қазіргі мұғалімдер мен оқушылардың арасында дәл осындай ара қашықтық пен сыйластықты байқамаймын», – деп үнсіз қалған кісінің айтқандары бізді біраз ойландырды.
Расында, қарбалас қоғамның қойнында кеткен мұғалімнің мәртебесі қайткенде қайта оралады? Жалпы, бүгінде мұғалім дегенде көз алдымызға кімдер елестейді? Бірінші кезекте, көз алдымызға елбе-делбесі шығып, көше аралап, үй кезген адамның бейнесі келді. Сосын, көшелерді көркейтіп-көгалдандыруда белсеніп жүрген тазалықшы мен күлтөбенің басындағы күндегі жиынның бірін де бос жібермейтін жандар көз алдыма келеді. Ең өкініштісі, бұл көріністердің сіз бен біздің жанарымыздағы сұлба ғана емес, көз алдымыздағы оқиғалардың прототипі осынау ұстаздар екендігі. Осыдан кейін көкейімізде жауабы жоқ сұрақ тұрды. «Мұғалім – әмбебап маман болғаны ма?» деген. Әмбебап болам деп жүргенде мұғалімнің негізгі міндеті қайда қалды? Неге мұғалім көше аралап, бала жинауы керек?! Неге мұғалім қолына сыпырғыш ұстап алып, көше сыпыруы керек?! Неге мұғалім керекті- керексіз аудан орталықтарына сабағын тастап барып, жиналыстарға қатысуы керек?! Ақылы қоғамдық жұмыспен қамтылғандар осындайда түгелдей жұмысқа тартылса болмас па еді? Әлгіндей кейіпте жүрген педагогтарды бала тұрмақ басқа да сыйламайтыны айдан анық. Осы тұста айта кететін тағы бір жайт, жаппай көркейту-көгалдандыру айында жайсыз жағдайдың орын алғандығын аудан әкімі Ә.Оразбекұлы да айтып, бассыздық екендігін жеткізді.  Көшелерді тазалап жүрген ұстаздарды көрген  кент тұрғыны ауласына шығып, темекісін тастап, «жинап ал» деген екен. Бұл не деген масқара?
Мұғалімдердің төбесін көргенде алты қырдан айналып қашатын жандардың қазіргі ұрпағы қағып өтіп, «маған не жасай аласың?» дейтін жағдайға жеткен. Бұлай деуіме күнара жаңалықтардың  кемінде біреуінде ұстаздардың зәбір көргендігі жайындағы жайсыз хабарладың тарауы дәлел. Біресе, оқушыдан, біресе, ата-анадан қақ-соқ көретін осынау қорғансыз жандардың шынында қорғаны болмағаны ма, сонда?!
Дамыған елу елдің қатарында болу – еліміздің даму стратегиясының басты саясаты дейміз.  Ал, ел дамуының негізгі алғышарттары – ғылым мен техниканың, экономиканың жетістіктері. Мұның бастау алар сағасы сапалы білімде десек, сапалы білімнің тетігі –мұғалімде. Енді ойлай беріңіз, үй аралап, науқандық жұмыспен айналысқан немесе қолына күрек, сыпырғыш ұстап, орын толтыру үшін жалаулатып, жиналыс-концерт жағалап жүрген ұстаздан білімді шәкірт шыға қоюы екіталай.
Көшелердің көркейіп, тазарғаны, науқандық жұмыстардың дер  уақытында біткені керек шығар. Алайда, өзінің қағаздары да өз басына жетіп артылатын осынау «әмбебап мамандарды» өздерінің миссиясына толық босатсақ, әлеуметтік жағдайын көтерсек, мүмкін сол кезде, алдымыздағы аға буын айтқан бір кездері, біздердегі үзілген ілтипат пен ізгіліктің ізі жалғанар.
Дина Жүсіпова.
05 ақпан 2018 ж. 2 144 0