Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Көқрсеткіш көңіл көншітпейді

Көқрсеткіш көңіл көншітпейді

Президент Қ.Тоқаев «Елімізде, оның ішінде Алматыда жол-көлік оқиғаларының көп тіркелетіні алаңдатады. Адамдар қаза тауып, жарақаттанып жатыр. Жол апатынан зардап шеккендер саны басқа елдердегі қарулы қақтығыстардан қаза табатындардың санынан кем емес. Жол қозғалысы мәдениеті айтарлықтай төмендеп кетті» деп жол ережесін қатаң сақтау мақсатында жүргізушілердің жауапкершілігін арттыруды тапсырды. Нәтижесінде биылдан бас­тап жаңа заңдар қабылданып, жол ережесін бұзғандарға жаза қатайтылды.

Өткен жылы республикалық және халықаралық маңыздағы жолдарда барлығы 2547 жол-көлік апаты болған. Тәуелсіздік алған отыз жыл уақыттың ішінде 82 мыңға жуық адам осындай апаттардан қаза болған, ал жарты миллиондай азамат түрлі жарақат алған. Соның ішінде еңбекке жарамсыз болып, мүгедек атанған жастар қаншама?!
Оқиғаның көпшілігі жоғары жылдамдық пен жол ережесін бұзғаннан орын алғаны анықталып отыр. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, орта есеппен 100 қазақстандыққа 21 көліктен келеді, яғни әрбір бесінші отандасымыздың жеке көлігі бар. Көліктің көптігі де жол апаты жиілеуінің бір себебі болса керек.
Жалпы жүргізушілер мен жүргіншілердің жол ережесін бұзбауын қадағалау – жол полициясының міндеті. Дегенмен қоғамда «Олардың негізгі мақсаты қазір жол тәртібін бақылау емес, айыппұл жинауға айналып кеткен» деген пікір көп. Әрине, жол апатын болдырмау жол полициясының ғана қолынан келмейді. Халықтың өзі де жол тәртібін сақтап, жүргіншілік мәдениетті арттыруы керек.
2018 жылы ауданда жол тәртібін бұзушылық орасан болатын. Атап айтсақ, жол бойында болған 65 көлік оқиғасынан 83 адам зардап шеккен. Салдарынан 11 тұрғын көз жұмды. Бұл көрсеткіш өткен жылы ептеп азайғаны байқалады. 2019 жылы аудан көлемінде 45 жол апаты орын алған. Оқиғадан 54 азамат әртүрлі дене жарақатын алса, 9 азамат қайтыс болды.
Көлік оқиғаларының көпшілігі кент орталығында тіркелген. Әсіресе, көлік көп жүретін Әл-Фараби, Жақаев, Абылайхан, Шәкәрім, Дәулеткерей, Әбдікәрімов, Бәкіров көшелері мен Арай мөлтек аудандарында жол оқиғасы жиі орын алады. Халықаралық транзиттік Батыс Қытай – Батыс Еуропа тас жолы бойында да солай. Одан өзгелері Қызылорда-Павлодар тас жолында, Сұлутөбе, Алғабас, Еңбекші, Ә.Тәжібаев, Балаби, Бидайкөл, Ақмая, Алмалы, Қарғалы ауылдық округінде тіркелген.
Апат азайды дегенмен әлі де болса көрсеткіш көңіл көншітпейді. Егер халықтың өзі де жол тәртібінің сақталуына үлес қосып отырса, жол апаты да азая түсер еді. Мысалы, барлық көлік қызыл жарыққа тоқтап тұрғанда кейбіреулер өте шығады. Қазір халықтың бәрінің қолында қалтафон бар, сондай сорақылықты дереу полицияға жеткізсе, оны бәлки келесі жол қиылысында ұстар еді. Сөйтіп апаттың алды алынар еді. Мәдениеті жоғары Еуропа елдерінде осындай үрдіс баяғыдан бар. Сондықтан да оларда жол апаты оқиғалары аз. Жасыратыны жоқ, біз біреудің жол тәртібін бұзғанын полицияға айтуды ұят, тіпті сатқындық деп санаймыз. Бұл дұрыс емес, адам өмірін, оның ішінде өз өмірімізді де сақтағымыз келсе, осындай істерге дайын болуымыз керек.
Жалпы аудан көлемінде жол көлік оқиғаларының алдын алу, болдырмау мақсатында «Қауіпсіз жол», «Автобус», «Құқық тәртібі», «Абайлаңыз, балалар» секілді жедел профилактикалық іс-шаралары үздіксіз жүргізіліп отырады. Дегенмен жол апатын азайтуда бұл жеткіліксіз екені анық. Көлік тізгіндеген әр адам жауапкершіліктің жүгін сезініп, жол ережесін, мәдениетін қатаң сақтауы тиіс. Кішкентай ғана қателік бір сәтте талай адамның тағдырын тәлкекке салатынын естен шығармаған жөн.

Г.СӘБИТҚЫЗЫ

22 ақпан 2020 ж. 394 0