Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жол қозғалысы басты назарда

Жол қозғалысы басты назарда

Бүгінде ауданда көліктің саны күн сайын артып келеді. Соған қарай болатын жол апаты да жиілеген. Күнделікті тіршілік барысында көлік жүргізушілері жол ережесін бұзып не болмаса тиесілі құжатты өзімен бірге алып жүруді ұмытады. Ал жолдағы көліктің қозғалысын реттеу, жіті қадағалау, көлік жүргізушілеріне ережелер мен жолдағы қауіпсіздік туралы ақпарат беру – жол патрульдік полиция бөлімінің қызметкерлерінің негізгі міндеті.
Жол көлік оқиғаларының қауіпті екені белгілі. Өткен аптада аудандық полиция тобы да жол қауіпсіздігі ережесін қатаң сақтауға түсіндірме жұмыстарын жасау үшін жол апатынан жарамсыз болған автокөлікті эвакуатормен тиеп, көшелерді аралап жүріп өтті. Аталған шара аудандық потрульдік полиция тобының аға инспекторы, полиция капитаны Орынбасар Аңламасовтың қадағалауымен жүзеге асты. Яғни жол апатының алдын алу үшін жүргізушілерге үгіт-насихат жүргізді. Айта кетейік, жыл басынан бері аудан бойынша 49 жол көлік оқиғасы орын алған. Нәтижесінде 9 адам қаза болып, 47-сі әртүрлі дене жарақатымен ауруханаға түскен. Жол патрульдік полиция бөлімінің қызметкеркерлерінің айтуынша, осыған сәйкес жыл басынан бері «Жолда қабылдау акциялары», «Автобус», «Қауіпсіз жол» профилактикалық іс-шаралар жүргізілген. Тексеру барысында 2000-нан астам әртүрлі құқық бұзушылық анықталған. Адам өмірін сақтау, құқық бұзушылықты жою, түрлі жарақаттың алдын алу мақсатында ұйымдастырылған шара алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

Фариза НЫШАНБЕКҚЫЗЫ
30 қараша 2019 ж. 926 0