Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жүгенсіз көлік жарысы жаныңды қимасын

Жүгенсіз көлік жарысы жаныңды қимасын


Жалы жерге таралып, аяғымен жер тартып тұрған арғымақтың тізгінін тартып мінер қазақ қайда бүгінде. Есесіне көпшілік «темір тұлпарға» әуес-ақ. Ашамайға мінгізу дәстүрі ұмыт қалып, оның орнын кәмлеттік жасқа толғаннан кейінгі көлік жүргізу куәлігі басты. Куәлік алғаннан кейін көлік әпер деп әлекке салатын бір-бір үйдің еркелері салғырттықтың салдарынан тарайтын суық хабарға себепші. Жол ережесі мен көлік техникасынан хабары аздары апаттық жағдайдың тууына себепші болып, жантүршігерлік оқиғалардың орын алуына алып келуде.
Бұрыннан қазақпен біте қайнасып мінсе көлік, жесе ас, кисе киім болатын қасиетті жануар – жылқы түлігі. Сондықтан да әлем жұртшылығы айбынымыздан үркіп, «кентавр» деген айдар таққаны тарихтан белгілі. Оның себебі, жаңа туған нәрестені әкесі ат үстінде қолға алып, тағы бір батырдың дүниеге келген қуанышынан бөркін аспанға атады. Ертедегі, аңыз-жырлар сол сәтке деген қызығушылығымызды артырмаса, бір сәтте кеміткен емес.
Ал, қазір ше? Біздің балалығымыз үш аяқты «балдырған», екі аяқты «шайтан арбамен» өтсе, ел қатарына іліккен соң автокөліктің тізгінін қолға алып, күндіз де, түнде де арлы берлі зулаймыз. Техниканың қыр-сырын, жоғарыда айтып өткеніміздей, бірі ұқса, бірі біле бермейді. Ол үшін оқу орындарына барып тәлім алмаса, мектептегі арнайы пәннің берер пайдасы көп емес. Рөлге отырған бойда көпшілігінің жауапкершілігі ғайып болады. Жол қозғалысы ережесі мен қауіпсіздік шараларын ескере бермейтіні тағы бар. Осылардың барлығының нәтижесі көз көріп, құлақ естіп жүрген апаттық жағдайға әкеп соғады. Сондай-ақ, кейбір жүргізушілер жолда жүріп өзара «жарыс» ұйымдастырады, бәсекеге түседі, аялдамаларды «аттап» өтеді. Тіпті, такси жүргізушілері де, бір-бірінен баса озып, жол ережесін бұзып жатады. Тағы бір айта кететін жайт, қазір такси жүргізушілердің дені жиырмадан жаңа асқан тәжірибесі жоқ жастар екенін де байқауға болады.
– Кейде шұғыл шаруамен аудан орталығына жедел жету үшін кез келген таксиге отырамыз. Осындайда байқайтынымыз, көп жүргізуші жолаушылардың талабымен санаспайды. Мәселен, бұрылысы көп күре жолдың бойында көлікті өте жоғары жылдамдықпен жүргізеді. Жолаушылардың ескертуін құлағына ілмейді. Оған себеп осы бағытқа қатынайтын такси өте көп. Сондықтан кезек күтуге тура келеді. Тіпті, кезекке таласып, қоғамдық ортада бір-бірінің жағасына жармасып, балағат сөздер айтып жатқандарын көзіміз көріп жүр. Сондықтан кейбір ақшаға құныққан таксилер бір адамды артық алып, екі-үш қатынауға үлгеріп қалғысы келеді. Сондықтан олар тізгіндеген темір тұлпарын жүйіткітіп, адамның қауіпсіздігін емес, діттеген жеріне жылдам жетуін көздейді, – дейді жолаушы Бақберген есімді азамат.
Осылайша, адамдардың көлік құралдарына деген сұранысы артқан ­сайын, одан туатын қауіп те көбейгендігі көпшілікті алаңдатады. Мәселен, жылына көлік апатының салдарынан әлем бойынша шамамен алғанда 1 миллион 240 мың адам көз жұмады екен. Статистикаға сүйенсек, жыл сайын елімізде жол-көлік оқиғаларынан 3 мыңнан астам адам қаза тауып, 30 мыңнан астам адам жарақат алады екен. Мұны жол ережесін өрескел бұзатын көлік жүргізушісінің жүгенсіздігі дейміз бе, жоқ әлде жолдың сапасы сын көтермейді дейміз бе? Кім білсін? Десе де көлік оқиғасы азаймай тұр.
Дегенмен ағымдағы жылдың 6 айында аудан көлемінде 13 жол көлік оқиғасы орын алып, салдарынан 1 азамат қайтыс болса, 24 азамат түрлі дене жарақаттарын алған. Апат айтып келмейді деген күннің өзінде ішімдік ішіп, көлік тізгіндегені ақылға сыймайды. Талдау барысында орын алған жол-көлік оқиғаларының 7-еуі кент орталығында, 1-еуі жол көлік оқиғасы Қызылорда-Жезқазған тас жолында, 4-еуі «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» тас жолында, 1-еуі аудандық маңызы бар тас жолда орын алған. Жолға шықсақ жетуге асығатын әдетіміз талай жанның тағдырын қиып жатқанын осы деректерден-ақ аңғаруға болады. Жүргізушілер жастыққа тән алып-ұшқан көңілмен жолаушыларды діттеген жерлеріне жермен емес, «аспанмен» апарып, әкелетіндей көрінеді.

Асылбек Бекенов, тәжірибелі жүргізуші:
– Көлік басқарып жүргеніме 30 жылдан асыпты. Осы уақыт аралығында заң бұзған жоқпын деп айта алмаймын. Дегенмен оқыс оқиғаға тап болғаным жоқ. Яғни, жылдамдықты шектен асырып, біреудің ала жібін аттаған емеспін. Рас, жастар көлік тізгіндегелі бері аудан ішіндегі тәртіп те бұзылды. Орталық көшелерде жылдамдығын 100-ден түсірмейтін көліктердің қатары көп. Діттеген жеріне тез жетудің қамын қарастырамын деп біреудің көз жасына қалуда. Негізінде көше қиылыстарына радар қойылу керек деп есептеймін. Осы құрылғының арқасында жағдай бірқалыпты болар еді. Өзімнен кейінгілерге айтарым – тәртіпке бас иген құл болмайды. Ең бас­тысы адамның амандығы маңызды. Темір тұлпар – бөтендікі, ал тағдыр – өзіңдікі. Сондықтан жүргізуші, жолаушының өміріне сен жауаптысың.

Шапағат ТІЛЕУБАЙ
24 тамыз 2021 ж. 276 0