Конституция
Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауыл VIBE: өткеннің әуені, бүгіннің ырғағы

Ауыл VIBE: өткеннің әуені, бүгіннің ырғағы

Өткен сенбіде Мұстафа Шоқай атындағы орталық алаңда өткен мен бүгінді тоғыстырған ерекше мәдени кеш ұйымдастырылды. Ауыл жастарының шығармашылығын қолдау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және мәдени мұраны заманауи форматта насихаттауды мақсат еткен «Ауыл VIBE, Retro NIGHT» жобасының шымылдығы түріліп, алғашқы кеш көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Кештің алғашқы әуенімен-ақ орталық алаң ерекше әсерге бөленді. Ретро әндердің қоңыр әуені өткен күндердің сағынышын оятса, заманауи сахналық қойылымдар мен шығармашылық нөмірлер бүгінгі жастардың тың ізденісі мен жаңа тынысын айқын көрсетті. Осылайша, өткеннің рухы мен бүгіннің ырғағы бір сахнада үндесіп, ауыл өміріне жаңа леп әкелді.
Мерекелік шараға аудан әкімінің орынбасары Болатбек Ысмағұлов қатысып, тұрғындарды жаңа жобаның басталуымен құттықтап, жастардың шығармашылық бастамаларына әрдайым қолдау көрсетілетінін атап өтті.
Жобаның негізгі мақсаты – жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, қоғамдық белсенділігін арттыру, ауылдардың мәдени әлеуетін таныту, өнерлі жастарды қолдау және ретро музыканы заманауи технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктері арқылы жаңа форматта ұсыну. Бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айқындаған цифрландыру мен жасанды интеллектті дамыту бағытымен үндесіп, мәдениет пен өнерге инновациялық көзқарас қалыптастыруды көздейді.
Кеш аясында Жаңатұрмыс және Ақтоған ауылдық округтері өздерінің бренд өнімдері, қолөнер бұйымдары мен фотошежірелерін көпшілік назарына ұсынды. Танымдық ойындар мен викториналар ұйымдастырылып, көрермендердің белсенді қатысуына мүмкіндік жасалды. Ал ауыл өнерпаздары орындаған әндер, күйлер, ансамбльдік қойылымдар мен би композициялары көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Бұл кештің басты ерекшелігі – ауылдың мәдениеті мен тарихын жаңа көзқараспен танытуында. Әрбір қойылымнан туған жерге деген сүйіспеншілік, ұлттық өнерге деген құрмет пен жастардың шығармашылық ізденісі анық сезілді. Көрермен үшін бұл жай ғана концерт емес, ауыл өмірінің шынайы келбетін, оның рухы мен болмысын сезіндірген мазмұнды мәдени кездесу болды.
Жобаға аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы, ауданның «Құрметті азаматы» Нәйла Палымбет те жоғары бағасын берді. Ол өзінің жеке Facebook парақшасында «Ауыл VIBE, Retro NIGHT» жобасының жастарды өнерге, бірлікке және туған жерге деген сүйіспеншілікке үндейтін тағылымды бастама екенін атап өтті. Сондай-ақ алғашқы кештің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын айтып, Байсын және Ақтоған ауылдық округтерінің өнерпаздары жастар кешінің шымылдығын сәтті ашқанын жеткізіп, алдағы кезеңдерде өнер көрсететін өзге ауылдардың жастарына сәттілік тіледі.
«Ауыл VIBE, Retro NIGHT» – өткеннің асыл мұрасын бүгінгі заманның жаңашыл тынысымен сабақтастырған ерекше жоба. Әр аптаның жұма күні жалғасатын бұл мәдени бастама ауыл жастарының шығармашылық қабілетін шыңдап қана қоймай, олардың туған жерге деген мақтанышын арттырып, ауыл мәдениетінің жаңа белесін айқындай түсетіні анық.

Айнұр ИБРАШЕВА
30 маусым 2026 ж. 38 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№49 (9416)

30 маусым 2026 ж.

№48 (9415).

27 маусым 2026 ж.

№47 (9414)

23 маусым 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930