Қолөнердегі жаңа серпін: дәстүр мен цифр үндестігі
Өткен аптада «Қолөнердегі жаңа серпін» атты дөңгелек үстел өтіп, ұлттық өнердің бүгінгі беталысы мен болашағы кеңінен талқыланды. «Руханият орталығында» ұйымдастырылған бұл басқосу аудан әкімінің орынбасары Болатбек Ысмағұлов, мәдениет саласының ардагері, ақсақалдар кеңесінің төрағасы Исабек Байкенжеев және қолөнер шеберлері, сала мамандары мен жас өнерпаздардың басын қосқан маңызды алаңға айналды.Шараның басты мақсаты – дәстүрлі қолөнерді сақтай отырып, оны заманауи технологиялармен ұштастыру, жаңа мүмкіндіктерді саралау болды. Жиында сөз алған Б.Ысмағұлов ұлттық өнердің тек өткеннің мұрасы ғана емес, бүгінгі күннің де маңызды бір бөлігі екенін атап өтті. Сондай-ақ ұлттық мәдениеттің діңгегіне айналған бірқатар қолөнер шеберлерін аудан әкімінің Алғыс хатымен марапаттады.
Қазіргі таңда цифрлық технологиялар мен жасанды интеллекттің қарқынды дамуы қолөнер саласына да өз ықпалын тигізуде. Шеберлер енді ою-өрнектердің жаңа үлгілерін цифрлық форматта әзірлеп, өнімдерін онлайн платформалар арқылы әлемдік нарыққа ұсыну мүмкіндігіне ие. Бұл – ұлттық өнердің шекарасын кеңейтіп, жаңа деңгейге көтерілуіне жол ашатын үлкен мүмкіндік.
Дөңгелек үстелде Қазақстан шеберлер одағының мүшелері, жергілікті қолөнер шеберлері өз тәжірибелерімен бөлісіп, саланың өзекті мәселелерін ортаға салды. Әсіресе, дәстүрлі өнер мен заманауи технологиялардың үйлесімі, жас шеберлердің қызығушылығын арттыру жолдары, сондай-ақ өнімдерді онлайн саудаға шығару мәселелері кеңінен сөз болды.
Қатысушылар жасанды интеллекттің қолөнердегі рөліне де ерекше тоқталды. Бірі оны жаңа мүмкіндіктердің көзі деп бағаласа, енді бірі адам қолымен жасалған бұйымдардың құндылығы әрқашан жоғары болатынын алға тартты. Осылайша, пікір алмасу барысында дәстүр мен жаңашылдықтың арасындағы тепе-теңдікті сақтау қажеттігі айқын көрінді.
Шара барысында өнерпаздардың ән шашуы да ұйымдастырылып, жиынға ерекше атмосфера сыйлады. Бұл өз кезегінде ұлттық өнердің тек қолөнермен шектелмей, кең мәдени кеңістіктің бір бөлігі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Жиын соңында ұйымдастырушылар мұндай кездесулердің маңыздылығын атап өтіп, алдағы уақытта да қолөнер саласын дамытуға бағытталған игі бастамалар жалғасын табатынына сенім білдірді.
«Қолөнердегі жаңа серпін» атты басқосу – ұлттық құндылықтарды жаңғырту мен оны жаңа заман талаптарына бейімдеудің жарқын көрінісі болды. Өйткені, қолөнер – өткеннің сарқыншағы емес, болашаққа бастар алтын көпір.
Г.СӘБИТҚЫЗЫ







