Топ-баннер
Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ МӘДЕНИЕТКЕ НЕ БЕРЕДІ?

ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ МӘДЕНИЕТКЕ НЕ БЕРЕДІ?

Жуырда «Руханият орталығында» өткен «Цифрлық мәдениет: трендтегі ЖИ» атты аудандық семинар-практикум – уақыт тынысын дөп басқан тағылымды басқосу болды.
Бүгінгі заман – жылдамдық заманы. Ақпарат алмасу, ой жеткізу, өнер ұсыну – барлығы жаңа форматқа көшті. Кеше ғана қиял секілді көрінген жасанды интеллект бүгін күнделікті өмірдің бір бөлшегіне айналды. Ол енді тек бағдарламашылар мен инженерлердің құралы емес, мәдениет пен өнердің серігіне, шығармашылықтың дем берушісіне айналып отыр.
Адамзат өркениетінің әр белесінде қоғамды түбегейлі өзгерткен жаңалықтар болды. Бір кездері кітап басу ісі ой еркіндігін кеңейтсе, кейін интернет ақпараттық төңкеріс жасады. Ал бүгінгі дәуірдің басты жаңалығы – жасанды интеллект. Бұл – жай ғана алгоритмдер жиынтығы емес, тиісінше дерек пен дарының, есеп пен елестің, ғылым мен өнердің түйіскен тұсы. Жасанды интеллект адам ойының жалғасы іспетті. Ол адамды алмастыру үшін емес, оның мүмкіндігін кеңейту үшін жасалған. Сондықтан да оны дұрыс түсіну, орынды пайдалану – уақыт талабы.
Цифрлық мәдениет ұғымы да осы тұста айрықша мәнге ие. Цифрлық мәдениет – тек техника меңгеру емес, ол – дүниетанымның жаңарып, ақпаратты қабылдау, сұрыптау, ұсыну тәсілінің өзгеруі. Бір сөзбен айтқанда, бұл – сананың эволюциясы.
Семинар барысында Б.Қабылұлы аудандық мәдени шығармашылық орталығының ­Балалармен жұмыс бөлімшесінің әдіскері Әділжан Алмасбекұлы «Жасанды интеллект және мәдениет: жаңа дәуір мүмкіндіктері» атты мазмұнды баяндама жасап, цифрлық технологиялардың мәдени ортаға ену жолдарын терең талдады. Бүгінде жасанды интеллект: мәдени іс-шараларды жоспарлауда, аудитория талғамын саралауда, цифрлық контент әзірлеуде, тарихи мұраларды цифрландырып, шығармашылық жобаларды жетілдіруде тиімді құралға айналып отыр.
Мәдениет – тірі ағза секілді. Ол уақытпен бірге жаңарып, жаңғырып отыруы тиіс. Егер біз технологиядан қашсақ, заман көшінен қалып қоюымыз мүмкін. Ал технологияны ұлттық құндылықпен ұштастыра алсақ, руханиятымыздың ауқымы кеңейе түседі.
Б.Қабылұлы атындағы аудандық мәдени-шығармашылық орталығының аккомпаниаторы Бақытжан Исламхановтың «Жасанды интеллект және музыка өнерінің жаңа дәуірі» атты түсіндірмесі семинар мазмұнын байыта түсті. Музыка – халық жанының үні. Ал сол үнді заманауи технология арқылы жаңа деңгейге шығару – бүгінгі композиторлардың басты мақсатының бірі. Қазіргі заман композиторлары ұлттық әуендерді цифрлық өңдеуден өткізіп, жаңа аранжировкалар жасап, тың бағыт қалыптастыруда. Жасанды интеллект музыкалық құрылымды талдап, әуенге жаңа бояу қосуға мүмкіндік береді. Бұл – дәстүрден бас тарту емес, оны заман талабына сай бейімдеу.
Семинар аясында ҚР Мәдениет саласының үздігі Әділбек Тәшімов қазіргі заман композиторларының күйлерінен шеберлік сабағын ұсынып, шәкірті күй шертті. Домбыраның қоңыр үні мен цифрлық дәуірдің тынысы қатар сезілген сол сәт – руханияттың мәңгілік екенін, ал технологияның соған қызмет етуі тиіс екенін айқындап берді.
Тақырыпқа тұздық, өткен бейсенбіде Ақмая ауылдық клуб үйінің ұйымдастыруымен өткен «Жасанды интеллект – заман талабы» атты аудандық байқау да осы бағыттағы маңызды қадам болды. Байқау жеңімпаздары семинар барысында өз жобаларын таныстырып, жасанды интеллекттің мәдениет саласындағы мүмкіндіктерін нақты мысалдармен көрсетті. Бұл – жастардың жаңа технологияны игеруге деген талпынысы ғана емес, ұлттық құндылықты заманауи форматта ұсынуға деген ниетінің көрінісі. Жас буын технология тілін меңгеріп қана қоймай, оны рухани мақсатқа қызмет еткізе алса – бұл нағыз жетістік.
Семинар барысында көрермендермен еркін форматтағы сұрақ-жауап айдары ұйымдастырылып, жасанды интеллекттің этикалық қырлары, авторлық құқық мәселесі, мәдени мұраны сақтау жолдары талқыланды. Өйткені кез келген жаңалық жауапкершілікті талап етеді. Жасанды интеллектті игеру – тек техникалық емес, рухани дайындықты да қажет етеді.
Осы семинар-практикум мәдениет саласының жаңа белеске көтерілгенін аңғартты. Цифрлық мәдениет – уақыт талабы. Ал сол талапқа сай болу – ортақ міндет. Жасанды интеллект – адамды алмастырушы емес, оны толықтырушы құрал. Ол – өнердің жауы емес, оның жаңа тынысы. Біз технологияны игеру арқылы ұлттық мәдениетімізді жаңа деңгейге көтере аламыз, оны әлемдік кеңістікке сенімді түрде шығара аламыз. Руханият пен технология бір-біріне қарсы ұғымдар емес. Керісінше, олар үндескенде ғана қоғам дамиды. Осы бір өткен басқосу – сол үндестіктің жарқын көрінісі.
Иә, ізденіс тоқтамауы тиіс. Өйткені цифрлық дәуір – тоқтауды кешірмейтін дәуір. Ал рухани жаңғыру – үздіксіз үдеріс. Жаңашылдыққа ұмтылған мәдениет қана мәңгілік.

Сұлушаш МАДИЯРОВА
24 ақпан 2026 ж. 40 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№15 (9382)

24 ақпан 2026 ж.

№14 (9381)

21 ақпан 2026 ж.

№13 (9380)

17 ақпан 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Ақпан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
232425262728