ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ: ЖОҒАЛАМЫЗ БА, ЖАҢАРАМЫЗ БА?
Адамзат тарихы – адамның өз мүмкіндігін кеңейту жолындағы талпыныстарының тізбегі. Тас дәуірінен бастап атом дәуіріне дейін адам қоршаған ортаны игеруге, өз өмірін жеңілдетуге тырысты. Ал бүгінгі күн бұрын-соңды болмаған жаңа белес адам енді табиғатты емес, өз ақылын үлкейтетін технология жасады. Бұл – жасанды интеллект.Жасанды интеллект (AI) – адамға ұқсап ойлайтын механизм ғана емес, біздің болашақты қайта жазуға мүмкіндігі бар күш. Бұл күштен қорқу да, оны асыра дәріптеу де – біржақты көзқарас. Ең маңыздысы – адамзаттың AI-мен қалай өмір сүретіні, қалай бірге дамитыны. Бірақ сұрақ көп. Жасанды интеллект адамды алмастыра ма? Біз роботтандырылған жүйенің қосалқы бөлшегіне айналамыз ба? Әлде бұл дәуір бізді жаңа биікке шығаратын мүмкіндік пе? Тарихқа көз жүгіртсек, әрбір ірі технологиялық эволюция адамды қорқытқан. Адам «машина келсе, жұмыссыз қалам» деп ойлады, «интернет келсе, қоғам бұзылады» деп үрейленді. Бірақ прогресс ешқашан адамды толық шетке шығарған емес, тек оның рөлін өзгерткен. Жасанды интеллекттің ерекшелігі – ол физикалық күшті емес, интеллектуалды қабілетті симуляциялайды. Бұрын роботтар зауыттағы жұмысшыларды алмастырса, бүгін нейрожүйелер есепші, дизайнер, заңгер, аудармашының қызметін атқаруда. Мұндай өзгеріс адамды өзіне жаңа сұрақ қояр жағдайға жеткізді. Менің бірегейлігім неде? Егер алгоритм ойласа, есептесе, құрастырса – мен не істеймін? Жасанды интеллект ең бірінші болып орта деңгейлі мамандықтарды ығыстырады. Олар: деректерді енгізу, типтік құжат әзірлеу, мәтін аудару, бухгалтерлік есептің бөліктері, маркетингтің стандартты процестері, техникалық жобалардың сызбалары. Бұл – бүгіннің шындығы. Ал AI-пен бәсекеге түсе алмайтындар – жаңа жүйенің құрбаны болмақ. Бірақ ең қызығы – интеллект пен креативтің жоғары деңгейін қажет ететін салалар керісінше гүлдене бастайды. Себебі AI – адамды алмастыру үшін емес, оны күшейту үшін жасалған құрал. Жаңа дәуірде сұранысқа ие болатындар: жасанды интеллектті басқаратын, бағыттайтын мамандар, стратегтер, зерттеушілер, креативті ойлауы бар шығармашыл тұлғалар, техникалық және цифрлық саланы ұштастыра алатын әмбебап кадрлар. AI дәуірінің басты ұстанымы: АИ-ды қолдана алатын адам – жеңімпаз. Оны қолдана алмайтын адам – шетте қалуы мүмкін. Бір маңызды жайт бар, жасанды интеллекттің күшеюі адамды «адам ететін» қасиеттерді қайта ойлауға мәжбүрлейді. Өйткені AI есептейді, талдайды, құрастырады, тіпті сөйлейді. Бірақ ол әлі күнге дейін сезінбейді, моральдық таңдау жасамайды, жүректің тілін білмейді. Сондықтан AI дәуірінде құндылығы артып келе жатқан қасиеттер: эмоциялық интеллект, жауапкершілік, шығармашылық түйсік, рухани тереңдік, әлеуметтік байланыс орнату қабілеті, толғану, түйсіну, түсіну. Технологияны меңгергенімен, адам өзінің адамдық мәнін жоғалтпауы керек. Жасанды интеллект – қауіп те емес, құтқарушы да емес. Бұл – құрал. Оны қалай пайдаланатынымыз – біздің сана деңгейімізге байланысты. Егер адам AI-ды өзіне қарсы қойса – ұтылады. Егер оны өз әлеуетін арттыруға қолданса – жаңарады. Жасанды интеллект білімді қолжетімді етеді, жұмыс процестерін оңтайландырады, ғылымды жеделдетеді, өндірісті автоматтандырады, өнерге жаңа кеңістік ашады, ақпаратты секунд ішінде сараптайды. Адамның міндеті – осы мүмкіндіктерді орынсыз қорқынышсыз, шектен тыс тәуелділіксіз, саналы түрде қабылдау. Жасанды интеллект дәуірінде адам жоғалып кетпейді. Жоғалатын – өзгерістен қорыққан, үйренгісі келмейтін, өзінің адами мүмкіндігін дамытпайтын адам. Ал жаңаратын – технологиямен бәсекелеспей, онымен серіктес болуды үйренгендер. XXI ғасырда сауаттылық дегеніміз – оқи білу ғана емес, цифрлық ойлау, адами қасиеттерді сақтау, жаңа білімді меңгеру, технологияны өз пайдамызға жарата білу. Адамзаттың болашағы – роботтармен күресте емес, олардың мүмкіндігін пайдаланып өзімізді биік деңгейге көтеруде.
С.БАХТИЯРҚЫЗЫ







