Салт жаңғырып, сана серпілген күн
Көктем шуағымен бірге жаңарып, тіршілік атаулыға жан бітіретін Ұлыстың ұлы күні – Наурыз халықтың рухани әлемін де жаңғыртатын айрықша мереке. Осы бір берекелі мезетте «Наурызнама» онкүндігі аясында 16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні ауданда кең көлемде аталып өтті. Мұстафа Шоқай атындағы орталық алаң бұл күні ұлттық рух пен мәдени мұраның алтын арнасына айналды.Мерекелік іс-шара «Ұлттық құндылықтар – ұлт қазынасы» атты қолөнершілер көрмесінен бастау алды. Көрмеде аудан шеберлерінің қолынан шыққан ұлттық нақыштағы бұйымдар, зергерлік әшекейлер, киізден және ағаштан жасалған туындылар көпшілік назарына ұсынылды. Әрбір бұйым – халқымыздың тұрмыс-тіршілігін, дүниетанымын, эстетикалық талғамын айқындайтын баға жетпес мұра.
Шараның келесі бөлігінде өткен «Асыл мұра» атты дәстүрлі әндер концерті көрермендерге ерекше рухани әсер сыйлады. Сахна төрінде шырқалған халық әндері мен терме-толғаулар арқылы қазақтың кең даласының үні, бабалар аманаты мен рухы жаңғыра түсті. Әуезді әуен мен сырлы саз ұлттық өнердің мәңгілік екенін тағы бір дәлелдеді.
Мерекелік бағдарламаның ең тағылымды сәті – сахналанған ұлттық салт-дәстүрлер. Атап айтқанда, «Ұзату», «Келін түсіру» және «Бастаңғы» дәстүрлері көпшілік назарына ұсынылып, олардың терең тәрбиелік мәні кеңінен түсіндірілді.
«Ұзату» – қыз баланы жаңа өмірге ақ батамен шығарып салатын, қимастық пен үмітке толы қазақы салт. Бұл рәсім арқылы ата-ананың перзентіне деген мейірімі мен өмірге деген тілек-батасы көрініс табады.
«Келін түсіру» – жаңа түскен келінді әулетке қабылдап, үлкен өмірге қадам бастайтын тағылымды дәстүр. Бұл салт отбасы бірлігін, сыйластық пен ізеттілікті дәріптейді.
Ал «Бастаңғы» – жастардың бас қосып, үлкендер жоқта ұйымдастырылатын думанды әрі тәрбиелік мәні зор дәстүр. Ол жас ұрпақтың еркін ойлауына, өнерге жақын болуына және бірлікке ұйысуына ықпал етеді.
Шара барысында аудан әкімінің орынбасары Болатбек Ысмағұлов жиналған тұрғындарды Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен құттықтап, ұлттық құндылықтарды сақтау мен дәріптеудің маңыздылығына тоқталды.
Мерекелік шараға қатысқан аудан тұрғыны Әлия Сейітова өз әсерімен бөлісіп:
– Бүгінгі мерекеден ерекше рухани әсер алдым. Ұмыт бола бастаған салт-дәстүрлердің қайта жаңғырып, кеңінен насихатталғаны көңіл қуантады. Осындай тағылымды шаралар жиі ұйымдастырылса, жастардың ұлттық құндылыққа деген құрметі арта түсер еді, – деп пікір білдірді.
Жалпы, бұл күн – аудан тұрғындары үшін тек мереке емес, рухани жаңғырудың, ұлттық болмыстың қайта түлеуінің айқын көрінісіне айналды. Салт жаңғырып, сана серпілген осынау мерейлі сәт әрбір жүрекке жылулық ұялатты.
Айнұр ИБРАШЕВА,
фото Бақытжан БӘЙІМБЕТ
фото Бақытжан БӘЙІМБЕТ







