БІШКЕК ТӨРІН БАҒЫНДЫРҒАН ШИЕЛІ ҮНІ
Шиелі өнерінің мерейін үстем еткен қуанышты күндердің бірі аудан жұртшылығының жадында жарқын жеңіс ретінде сақталары анық. Ұлттық өнерді ұлықтап, қазақ әнінің қасиетін халықаралық сахнада танытып жүрген өнерпаздар тағы бір биік белесті бағындырып, туған өлкенің абыройын асқақтатты. Осы орайда Қырғыз Республикасының астанасы Бішкек қаласында өткен «Бейбітшілік – ел мұраты» атты халықаралық достық фестиваль-байқауында Гран-при иеленіп, елге зор жеңіспен оралған өнер майталмандарын аудан әкімі Айтбай Жандарбеков арнайы қабылдап, құрмет көрсетті.Кездесуде аудан басшысы халықаралық байқауда топ жарып, қазақ өнерінің мерейін үстем еткен Шиелі кенті әкімі аппаратының «Арман» мәдениет үйі жанынан құрылған «Арман – асыл аналар» ансамблін, ансамбль жетекшісі әрі «Арман» мәдениет үйінің директоры Нұргүл Тәңірбергенқызын, мәдениет үйінің үйірме жетекшісі Мейіржан Қуандықовты және ансамбль мүшесі әрі солисі Гүлнаш Әбдразақовты шын жүректен құттықтап, бұл жетістік Шиелі өңірінің мәдениет саласындағы үлкен мақтанышы екенін атап өтті.
– Өнер – ұлттың рухани діңгегі. Сіздер Бішкек төрінде тек жүлде жеңіп қана қойған жоқсыздар, қазақтың қара домбырасының үнін, халық әнінің қасиетін, аналар өнерінің асқақтығын әлемге таныттыңыздар, – деді А.Насриддинұлы.
Айта кетейік, «Арман – асыл аналар» ансамблі 2017 жылы «Арман» мәдениет үйі жанынан құрылған. Ұжым құрылған күннен бастап ұлттық өнерді насихаттап, қазақтың халық әндері мен дәстүрлі шығармаларын сахна төрінде жаңғыртып келеді. Бүгінде ансамбль республикалық және облыстық байқаулардың бірнеше дүркін бас жүлде иегері атанып, ел ішінде үлкен беделге ие болған өнер ұжымы.
Ансамбль құрамында сегіз өнерлі әже бар. Олардың барлығы – музыкалық білімі бар кәсіби мамандар. Бүгінде зейнет жасында болса да, өнерден қол үзбей, жас ұрпаққа үлгі болып жүрген ардақты аналар. Ұжым құрамындағы төрт анамыздың жасы жетпістен асқанымен, сахнадағы сергектігі мен шығармашылық қуаты көпшілікті тәнті етеді.
Биыл көктемде Түркістан қаласында өткен республикалық байқауда бас жүлде иеленген ансамбль Қырғыз Республикасында өтетін халықаралық фестивальге жолдама алған болатын. Бішкек төрінде өткен додада олар өздерінің жоғары орындаушылық шеберлігін тағы бір мәрте дәлелдеп, Гран-при жүлдесін жеңіп алды.
Халықаралық байқауда «Арман» мәдениет үйінің директоры әрі ансамбль жетекшісі Нұргүл Тәңірбергенқызы ұжымға жетекшілік етіп, шығармашылық үдерісті жоғары деңгейде ұйымдастырды.
Сонымен қатар мәдениет үйінің үйірме жетекшісі, талантты әнші Мейіржан Сүйіндікұлы 20–30 жас аралығындағы вокал аталымында үздік өнер көрсетіп, Гран-при иегері атанды. Бұл – оның кәсіби шеберлігі мен тынымсыз еңбегінің нәтижесі. Байқау барысында Бішкек қаласындағы Халықаралық инновациялық технологиялар университеті тарапынан Мейіржан Сүйіндікұлына білімін жетілдіруге арнайы шақырту берілуі – оның өнеріне берілген жоғары баға болды.
Сондай-ақ ансамбль мүшесі әрі солисі Гүлнаш Әбдразақова жеке орындаушылар байқауында Гран-при иеленіп, Шиелі өнерінің жеңісін еселей түсті. Оның сахнадағы орындаушылық шеберлігі мен ерекше дауысы қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды.
Кездесу соңында аудан әкімі жеңімпаздарға алдағы уақытта Түркия Республикасының Анталия қаласында өтетін халықаралық Қазақстан–Түркия достық фестивалінде де ел намысын абыроймен қорғап, көк Туымызды биікке көтеретініне сенім білдірді. Сонымен бірге шығармашылық ұжымға зор денсаулық, толайым табыс, отбастарына амандық және жаңа шығармашылық жетістіктер тіледі.
Шиелілік өнерпаздардың бұл жеңісі – туған жерге деген сүйіспеншіліктің, ұлттық өнерге деген адалдықтың және тынымсыз еңбектің жемісі. Бішкек төрін бағындырған Шиелі үні ендігі жерде халықаралық сахналарда да асқақтап, ел мерейін үстем ете бермек.
Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ








