Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Өнерге карантин кедергі емес

Өнерге карантин кедергі емес

Карантиндік режим көптеген саланың онлайн жүйеге көшуін талап етті. Білім саласына тиген таяқтың бір ұшы мәдениет саласының қызметкерлеріне де тиді. Төтенше жағдайға байланысты қашықтан оқыту, үйрету жұмыстарын қолға алған «Арман» мәдениет үйі күнделікті сүрлеуінен жаңылған жоқ. Мәселен, жуырда осы мәдениет ошағының директоры Нұргүл Шалекеева «Абай әлемі» айдарымен өткен «Ғылым таппай мақтанба» атты облыстық кәсіпорын директорлары арасындағы интелектуалды сайыста І орынды иеленді.
Қиындық көрсе мұқалмайтын «Арман» мәдениет үйінің үйірме жетекшілері оқушыларды қашықтан оқытуға ден қойған. Видео сабақ арқылы әр тақырыпты жете түсіндіріп, үйірмеге қатысушылардың өнерін жетілдіре түскен ән үйірмесінің жетекшілері мен «Арман» асыл аналар ансамблінің жетекшісі Гүлнаш Әбдіразақова карантиндік режимге байланысты онлайн концерт ұйымдастырды. Сонымен қатар ғашықтар мерекесі қарсаңында «Махаббат әлемі» атты аудандағы жұптардың онлайн концерті өтіп, қиын-қыстау мезетте халықтың көңіліне демеу болды. Тек онлайн сабақ өткізумен шектелмейтін өнер ордасы түрлі байқауларда бақ сынап жүр. Атап айтар болсақ, Байсын ауылдық мәдениет үйінің ұйымдастырумен өткен «Асыл арман» атты онлайн ән байқауында ән үйірмесінің жетекшісі Елдос Сейілов бас жүлдені иеленсе, «Абай – дана, Абай – дара қазақта» қашықтықтан ұйымдастырылған ән байқауына ән үйірмесінің оқушысы Әділжан Дәуренұлы қатысып 1-ші орынды қанжылаған болатын. «Балбұлақ» балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығының ұйымдастыруымен өткен «Республикалық ән-би, жыр-күй» онлайн байқауына «Сырлы бояу» қолөнер және сурет үйірмесінің жетекшісі Зухра Баймұрзаева, оқушылары Кәусар Бекболатова, Аружан Серікпен қатысып, мәдениет үйінің қоржынын тағы бір бас жүлдемен толықтырған болатын.

Гүлнәр ӘБДІХАНИҚЫЗЫ

28 сәуір 2020 ж. 552 0