Жаңа жыл – жаңа нұр
Ауданда жаңа жыл мерекесі өз деңгейінде тойланды. Шиелінің қандай да бір жетістікке жетуіне аудан өнерпаздарының орны ерекше. Қаншама таланттарды жарыққа шығарып жүрген «Арман» мәдениет үйі де жаңа жылды ерекше атап өтті.
Тәуелсіздіктің 27 жылдығын тойлап, жеті қазынаның бірі ит жылын шығарып салдық. Игі шараны аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Жібек Баймұратова, кент әкімінің орынбасары Болат Баймағанбетов ашып берді. Ит жылында жеткен жетістіктерге тоқталып, осы шаңырақтың ісіне сәттілік тіледі. Әдеттегідей, жылдың қорытындысын жасап үздік оқушылар мен, біршама қызметкерлерді марапаттады. Әрі қарай ән мен биге жалғасты. Биыл «Арман» мәдениет үйі үшін де жетістікке толы болды. Қолөнер үйірмесінің оқушылары республикалық байқаудан бас жүлде алса, осы мәдениет үйінде әдіскер қызметін атқаратын Күнсұлу Түрікпен «Мен Қазақпын» мега жобасының жеңімпазы атанды. Осы мәдени шаңырақтың директоры Нұргүл Шалекеева өнерлі оқушыларға жаңа жылдық сыйлықтар тарту етті. Босағадан аттағалы тұрған доңыз жылынан үлкен үміт күтіп, ауданымыздың мәдениет саласына зор үлес қосуға жұмыс атқаратындарын айтты, мәдениет қызметкерлері. Доңыз жылы құт-береке мен қуаныш, шаттыққа толы болсын.
Бекжан ЕРЖІГІТ.