Дала күмбірі
Күй – әуен ғана емес, құдірет, Ұлы даладағы мәртебелі өмірдің терең толғағы. Күй өнерін насихаттап қана қоймай, ұлы сарынды ұрпаққа бүлдірмей жеткізетін орындаушының жауапкершілігі де жоғары. Сондықтан еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі шарада сынға түсіп, бағын сынап жүр.
Сәрсенбі күні Н.Бекежанов ауылдық мәдениет үйінде «Ұлттық домбыра» күні қарсаңында күйші Қазанғап Тілепбергенұлының 165 жылдығына және Шиелі өңірінің тумасы, күйші, Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі Қошқарбек Тасбергеновтың 65 жылдығына арналған «Күй – даланың күмбірі» атты аудандық күйшілер байқауы өтті.
Шараның мақсаты бабалар мұрасын қайта жаңғыртып, мәдени-тарихи құндылықты сақтап, күй дәстүрін кеңінен насихаттап, дәстүрлі күй өнеріндегі жаңа есімді анықтап, өзіндік өрнегін таныту еді.
Сайысқа Сұлутөбе, Бірлестік, Н.Бекежанов, Тұрсынбай датқа, Ортақшыл, Бидайкөл, Алмалы, Ақмая, Арман мәдениет үйінің үйірме жетекшілері қатысты. Қарсыластар шеберлігін көрсетіп, күйді тыңдарманға жеткізіп, бар өнерін ортаға салды. Өнер додасында аудандық ұлт аспаптар оркестрінің жетекшісі күйші Әділбек Тәшімов бастаған қазылар алқасы төрелік етіп, нәтижесінде жоғары дәрежедегі Қаршыға Ахмедияров атындағы арнайы жүлдені Арман мәдениет үйінің қызметкері Дәулет Барлыбаевқа табыстады. Қазақтың күй өнерін жүректен-жүрекке жеткізіп, оза шыққан Батырхан Маханов бас жүлдені жеңіп алды. Одан кейін I орынға Ғалымжан Нысанбаев ие болса, II орын Алмат Қалекеев пен Рақымжан Смайловқа бұйырды. Ал III орынды Жұмабай Жарылқапов пен Рақымжан Смайлов иемденді. Сонымен қатар Саракүл Асанбаева мен Ақжұма Жұмашеваға алғыс хат пен бағалы сыйлық табыстады. Көпшілік тартыспен өткен сайыс соңында барлық қатысушыларға алғыс білдіріп, ұйымдастырушыға да ізгі лебізін жеткізді.
Ж.ҚАУҒАНБАЕВА