Конституция
Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Халыққа қызмет – абыройлы міндет

Халыққа қызмет – абыройлы міндет

23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күніне орай Бұдабай Қабылұлы атындағы мәдени-шығармашылық орталығында «Халыққа қызмет – абыройлы міндет» атты салтанатты мерекелік кеш өтті. Елдің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып жүрген мемлекеттік қызметшілердің мәртебесін ұлықтауға арналған бұл шараға аудан басшылығы, мемлекеттік қызмет саласының ардагерлері, мекеме басшылары, мемлекеттік қызметшілер және аудан тұрғындары қатысты.
Салтанатты жиын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен ашылып, жүргізушілер мемлекеттік қызметтің қоғамдағы орны мен халық алдындағы жауапкершілігі туралы тағылымды ойларымен бөлісті. Халықтың сенімін ақтау, елдің игілігі үшін адал еңбек ету – мемлекеттік қызметтің басты қағидаты екені ерекше аталып өтті.
Мерекелік шарада аудан әкімі Айтбай ­Жандарбеков мемлекеттік қызметшілерді кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосып жүрген елеулі үлесіне тоқталды. Өз сөзінде мемлекеттік қызмет – жай ғана мамандық емес, ел тағдырына деген жауапкершілік пен Отанға деген адалдықтың айқын көрінісі екенін атап өтіп, барша қызметкерлерге ризашылығын білдірді.
Шарада ел игілігі жолында аянбай еңбек етіп, мемлекеттік қызметтің беделін арттыруға сүбелі үлес қосқан бірқатар азаматтардың еңбегі лайықты бағаланды. Облыс әкімінің Алғыс хатымен мемлекеттік қызмет саласының ардагерлері Серік Байкенже, Әбдіғали Нұртаев, Шара Жұманова, сондай-ақ Даулетияр Әбуов, Жомарт Ақбергенов, Ерлан Меңлібеков, Фарида Төрехан, Қанат Рахманбердіұлы, Нұрланбек Төлешұлы, Майра Жағыпарқызы және Ерболат Мұхтаров марапатқа ие болды.
Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы ­бойынша департаментінің Алғыс хатымен Сандуғаш Айтжанова, Гүлнар Қожаназарова және Айгүл ­Сарбасова марапатталды. Ал республикалық «Үздік сапалы қызмет көрсетуші» байқауында жоғары нәтиже көрсеткені үшін Гүлжазира Қайратбекқызы арнайы Алғыс хатқа ие болды.
Сондай-ақ мемлекеттік қызметші тәрбиелеп, елге адал қызмет ететін ұрпақ өсірген ата-аналардың еңбегі де ескерусіз қалған жоқ. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы ­бойынша департаментінің Алғыс хаты Нұржан Бауыржанұлының анасы Раушан Мейірбекқызына және Гүлжазира Құлахметтің ата-анасы Қайратбек Құлахметұлы мен Дүйсенкүл Есенқызына табыс­талды.
Мемлекеттік қызметтің дамуына қосқан үлесі үшін Ақтоған ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Гүлбарам Жүзбаева «Қызмет» мемлекеттік банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағының «Мемлекеттік қызметтің дамуына қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталды.
Сонымен қатар мерекелік жиында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына лайықты үлес қосып, халыққа адал қызмет етіп жүрген бірқатар мемлекеттік қызметші аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Бұл марапат олардың кәсібіне деген адалдығы мен жауапкершілігіне берілген жоғары баға болды.
Марапаттау рәсімінен кейін мерекелік кеш концерттік бағдарламамен жалғасты. Аудан әкімінің ықылас гүлдері табысталып, мемлекеттік қызметшілерге арналған бейнеқұттықтау көрсетілді.
Кештің екінші бөлімін Ақмая ауылдық округінің әкімі Ғалымжан Бейсембаев пен аудандық қоғамдық даму бөлімінің бас маманы Гүлшат ­Махан жүргізіп, мемлекеттік қызметтің қадір-қасиеті мен туған жерге деген сүйіспеншілікті әсерлі әңгімелерімен ұштастырды.
Концерт барысында Жантас Қасымов пен Нұрберді Бердімұраттың орындауындағы «Ақ Ордам – Шиелімсің» әні туған өлкенің көркем келбетін әуелете жырласа, жас өнерпаз ­Мырзатай Тұрмановтың орындауындағы «Сағынтты» шығармасы көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Сонымен қатар мемлекеттік мекемелер қызметкерлерінің қатысуымен Жайдарман ойыны ұсынылып, кештің ажарын аша түсті.
Кештің шарықтау шегі мемлекеттік қызметшілердің бірлесіп орындаған арнайы әнұранымен түйінделді. Әсем отшашумен көмкерілген бұл әсерлі сәт мерекелік шараның сәнін келтіріп, елге қызмет етудің мәртебесін асқақтата түсті.

Айнұр ИБРАШЕВА,
фото Бақытжан БӘЙІМБЕТ
29 маусым 2026 ж. 25 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№48 (9415).

27 маусым 2026 ж.

№47 (9414)

23 маусым 2026 ж.

№46 (9413).

20 маусым 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930