Мемлекеттік қызмет – абыройлы міндет

Бұл кәсіби мерекенің басты мақсаты – мемлекеттік қызметтің маңыздылығы мен қажеттілігін халыққа жеткізіп, мемлекеттік сектордың басқару әлеуетін күшейту және мемлекеттік қызметтің оң имиджін қалыптастыру.
Мемлекеттік қызметшілер күні мерекесінде аудан әкімі Айтбай Жандарбеков мемлекеттік қызметшілер мен сала ардагерлерін салтанатты түрде кәсіби мерекелерімен құттықтады.
– Құрметті мемлекеттік қызметшілер және сала ардагерлері! Сіздерді бүгінгі «23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күні» мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Мемлекет пен қоғамға қызмет ету – әрбір азамат үшін абыройлы іс. Еліміздің гүлденуі мен экономикамыздың дамуы жолында мемлекеттік қызметшінің қосар үлесі ерекше.Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында қазіргі заманға сай мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісін қалыптастыру керектігін атап көрсетті. Нәтижесінде, мемлекеттік қызметте жаңа кадрлардың, яғни кәсіби білікті, озық ойлы және бастамашыл қызметкерлердің елге қызмет етуде құлшынысы артып, жауапкершілігі нығая түседі. Ауданымызда мемлекеттік қызметтің сапасын арттыру, мемлекеттік қызметшінің беделін көтеру бағытында көптеген жұмыстар жүргізілуде. Мемлекеттік қызметшілер жұмыста қарапайым, өмірде өзгелерге үлгі болуы тиіс. Сондықтан ел үшін қызмет ету, оның ішінде ауданның дамуына үлес қосу – мерейлі міндет, зор абырой деп санаймын. Сіздерді кәсіби мерекемен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, қызметте толағай табыс тілеймін! – деді аудан әкімі.
Халқына қызмет етуде білімі мен тәжірибесіне сүйенген, адалдықты ту ететін таза жүректі, ар-намысты мінсіз азаматтар ғана мемлекеттік қызметші деген атқа лайықты. Сондықтан әрбір ұжымда ұтқырлық пен дара шыққан бірқатар мемлекеттік қызметші өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлестері үшін облыс, аудан әкімінің және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің алғыс хатына ие болды.
Сондай-ақ жас мемлекеттік қызметшілердің ата-анасына облыс әкімінің алғыс хаты табыс етілді. Атап айтар болсақ, аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру және инспекторлық жұмысы бөлімінің бас маманы Мейіржан Алмасұлының, Жуантөбе ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Мерей Ардаққызының, Жөлек ауылдық округі әкімі аппаратының жетекші маманы Тахмина Жақыпқызының ата-анасы мерейлі мереке күні марапат мінберінен көрініп, құрметке бөленді.
«Әу демейтін қазақ жоқ» демекші мерекелік шарада мемлекеттік қызметшілер әсем ән шырқап, Абай өлеңдерін оқып, қыз бен жігіт айтысын жасап, сахналық әдеби монтаж орындап халықтың құрмет-қошеметіне бөленді.
Мейіржан ИБРАГИМОВ