Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » 23 маусым - Мемлекеттік қызметші күніне орай белсенді этнос жастарымен және жас мемлекеттік қызметшілермен кездесу өтті

23 маусым - Мемлекеттік қызметші күніне орай белсенді этнос жастарымен және жас мемлекеттік қызметшілермен кездесу өтті

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында 23 маусым – Мемлекеттік қызметші күні кәсіби мерекесіне орай Достық үйінде өңірдегі белсенді этнос жастарымен және жас мемлекеттік қызметшілермен кездесу өтті.
Аталған шараға облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстық департаментінің басшысы Рафхат Бисенов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Геннадий Шиповских, этномәдени бірлестіктің жетекшілері, әр салада қызмет атқарып жүрген этнос жастары, жас мемлекеттік қызметшілер және БАҚ өкілдері қатысты.

Аймақ басшысы өзінің алғы сөзінде еліміздің қазіргі әлемдегі бәсекеге қабілеттілігінің негізгі факторы жастар екендігіне тоқталып өтті.
«Баршаңызды Мемлекеттік қызметші күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Биыл – ел тәуелсіздігіне 30 жыл! Егемендік жылдарында дүниеге келген ұрпақ бүгінде мемлекеттік қызметтің әр саласында табысты еңбек етуде. Ұлт мәртебесін көтеретін, ел абыройын асқақтататын мемлекеттік қызметші болу – мәртебелі міндет. Мемлекеттік қызметші қай кезде де биліктің бейнесін, іскерлік қабілетін көрсетеді. Осы ретте, Сыр елінің өсіп-өркендеуі мен дамуына үлес қосатын өздеріңізсіздер!», - деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Кездесуге модераторлық жасаған департамент басшысы Рафхат Бисенов Ассамблеяның Қазақстанды бейбітшілік пен татулық орныққан ел ретінде бүкіл әлемге танымал еткенін атап өтті.
Елімізде жастарға өздерінің потенциалын көрсетуге мүмкіндік беретін көптеген бағдарламалар жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда қазақ жерінде қалыптасқан достық пен келісім арқасында 100-ден аса этностар бейбіт өмір сүріп жатыр. Саяси тұрақтылықты, қоғамдық келісімді іске асыруда Қазақстан халқы ассамблеясы жетекші рөл атқарады. Өткен жылы Елбасының төрағалығымен өткен Ассамблея кеңесінің отырысында берілген тапсырмаларға сәйкес, жастарды, этнос өкілдерін мемлекеттік қызметке және басқару органдарына тарту жұмыстарын қолға алудамыз», - деді Рафхат Бисенов.
Кездесуге бейнебайланыс арқылы қосылған Геннадий Шиповских Ассамблеяның жетістікке жетудің әлеуметтік сатысы туралы кеңінен тоқталса, облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Юлия Тремасова меритократияға іскерлік қабілет, ұйымдастыру жұмысындағы ұтқырлық, басқару ісіндегі біліктілік қажет екендігін, өзіне жүктелген қызметте зор жауапкершілікті сезініп, құлшыныс пен ұмтылыс танытқан адам ғана діттеген мақсатына жететіндігін назарға салды.
Сонымен қатар, облыстық неміс этномәдени бірлестігінің белсендісі, ІІ дәрежелі «Достық» орденінің иегері Светлана Крюгер және Қазақстан - Британ техникалық университетінің студенті Евгений Демиденко мемлекет тарапынан жастарға көрсетіліп жатқан қолдауға алғыстарын білдіріп, мемлекеттік қызметтің аса жауаптылықты талап ететінін атап өтті.
Ал, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенті, ҚХА жанындағы «Абай қазынасына саяхат» клубының жетекшісі Елена Пак Абайдың шығармалары елдің алға жылжуына, өсіп-өркендеуіне ерекше ынталандыратынын айтты.
Атап өту қажет, бүгінгі таңда облыста мемлекеттік қызметшілердің саны 3471 болса, оның 496-сы 29 жасқа дейінгі жастар. Мемлекеттік қызметте ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының 22 және «Болашақ» бағдарламасының 4 түлегі түрлі салада қызмет атқарады.
19 маусым 2021 ж. 451 0