САБАҚТАСТЫҚ САЛТАНАТ ҚҰРҒАН ЖИЫН
Мемлекеттік қызметшілер күні қарсаңында аудан әкімдігінің мәжіліс залында тағылымы мол кездесу ұйымдастырылды. «Тәжірибе мен тағылым» тақырыбымен өткен басқосуда мемлекеттік қызмет саласының ардагерлері мен жас мамандар бас қосып, кәсіби тәжірибе алмасып, мемлекеттік қызметтің жауапкершілігі мен маңызы жөнінде ой бөлісті.Жиынды ашқан аудан әкімі Айтбай Жандарбеков мемлекеттік қызметтің қоғам өміріндегі орны мен маңызына тоқталып, халықтың сеніміне ие болу әрбір қызметкердің басты мұраты болуы тиіс екенін атап өтті. Ол мемлекетшілдік, адалдық пен жауапкершілік ұғымдары мемлекеттік қызметшінің кәсіби келбетін айқындайтын басты құндылықтар екенін жеткізді. Сондай-ақ аудан басшысы мемлекеттік қызмет жүйесіндегі сабақтастықтың мәніне ерекше тоқталды. Өмірдің сан тарау жолынан өткен ардагерлердің тәжірибесі – кейінгі буын үшін сарқылмас қазына, тағылымы мол мектеп екенін айтты.
Жиында сөз алған сала ардагерлері Әшім Оразбекұлы, Тілеубек Бабасов, Нәйла Палымбет, Насырбек Мырзабеков, Нажемидин Қалыбаева және Дана Аман өздерінің еңбек жолындағы естеліктерімен бөлісіп, мемлекеттік қызметтің жауапкершілігі, кәсіби адалдық пен адамгершілік құндылықтар туралы тағылымды әңгімелер өрбітті. Олардың өмірден түйген ойлары мен жүректен шыққан ақыл-кеңестері жас мамандарға үлкен рухани серпін сыйлағаны анық.
Сонымен қатар шара барысында ұзақ жылдар бойы ел игілігі жолында аянбай еңбек еткен Керделі ауылдық округі әкімі аппаратының қаржы саласы жөніндегі бас маманы Жұмагүл Асанқызы құрметті зейнет демалысына шығарылды. Аудан әкімі оның көп жылғы табанды еңбегіне ризашылығын білдіріп, ауданның жоғары марапаты – Құрмет грамотасын табыстады.
Сонымен қатар мемлекеттік қызметке талантты әрі білімді жастарды тартуға бағытталған жаңа мүмкіндіктер жөнінде де айтылды. Мемлекеттік грант негізінде білім алып, жоғары оқу үлгерімін көрсеткен түлектерге мемлекеттік қызметке конкурссыз орналасу мүмкіндігінің берілуі – жас кадрларды қолдауға бағытталған маңызды қадамдардың бірі. Бүгінде осы мүмкіндік арқылы мемлекеттік қызметшілер қатарына қосылған Гүлжазира Құлахмет пен Асқар Бойрабаев өздеріне жүктелген міндеттерді абыроймен атқарып келеді.
Мазмұнды жүздесу соңында аудан әкімі мемлекеттік қызметшілерді адалдық пен кәсібилік қағидаттарына берік болуға шақырып, халыққа қызмет ету жолындағы жауапкершіліктің әрдайым жоғары екенін атап өтті.
Тәжірибе мен тағылым тоғысқан кездесу жас буынның кәсіби дамуына серпін беріп, мемлекеттік қызметтің абыройын асқақтатуға бағытталған игі бастамалардың маңызын айқындай түсті.
Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ








