Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » АДАЛДЫҚ ПЕН АШЫҚТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТІҢ ӨЗЕГІ

АДАЛДЫҚ ПЕН АШЫҚТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТІҢ ӨЗЕГІ

Аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Айтбай Жандарбековтің қатысуымен «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет негіздері» тақырыбында семинар өтті. Іс-шараға арнайы жұмыс сапарымен ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Ерлеген Мендалиев қатысты.
Маңызды жиынға дербес бөлім басшылары, кент және ауылдық округ әкімдері, мемлекеттік қызметшілер, құқық қорғау органдарының өкілдері, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілерінің басшылары мен қызметкерлері жиналды.
Семинар барысында аудан әкімі Айтбай Жандарбеков сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың мәніне тоқталып:
– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – тек заң талаптарын сақтау ғана емес. Ол әрбір азаматтың, әрбір мемлекеттік қызметші мен қоғамдық ұйым өкілінің ішкі мәдениеті мен жеке жауапкершілігінен бастау алады. Осы тұрғыда бүгінгі семинардың маңызы зор, – деді.
Өз кезегінде Ерлеген ­Мендалиев жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудың негізгі бағыттарына назар аударып:
– Сыбайлас жемқорлықпен күрес – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, әрбір азаматтың азаматтық борышы. Жемқорлыққа төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру, ашықтық пен есептілікті арттыру, мемлекеттік қызметшілердің әдептілік деңгейін көтеру – басты басымдықтар. Сонымен қатар цифрлық технологияларды енгізу, қоғамдық бақылау тетіктерін күшейту, бұқаралық ақпарат құралдары мен азаматтық қоғамның белсенділігі ерекше рөл атқарады, – деп атап өтті.
Семинар аясында мемлекеттік қызмет саласында 40 жылдан астам басшылық қызмет атқарған ардагер Дана Аман сөз сөйлеп, өз тәжірибесімен бөлісті. Ол адалдық, жауапкершілік және қызметтік әдеп қағидаттарының мемлекеттік қызметтегі маңызын атап өтті.

Г.Сәбитқызы
10 ақпан 2026 ж. 30 0