Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » КЕЗДЕСУ КЕРУЕНІ БАЙСЫНҒА ЖЕТТІ

КЕЗДЕСУ КЕРУЕНІ БАЙСЫНҒА ЖЕТТІ

Қарапайым ауылдың қазанында қайнаған тіршілік, Жер-Анаға маңдай терін төккен шаруа, таңмен таласа оянған еңбек адамы – мемлекеттің басты байлығы. Осындай елдік мұрат пен тіршіліктің тамыры үзілмеген мекендердің бірі – Жаңатұрмыс ауылдық округіне қарасты Байсын ауылы. Кезекті маңызды басқосу осы ауылда жалғасын тауып, аудан әкімі ­Айтбай Жандарбеков елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық дамуы, өзекті мәселелері мен алдағы жоспарлары жөнінде кең көлемде пікір алмасты. Кездесу барысында ауылдың бүгінгі ахуалы ғана емес, ертеңгі келешегіне бағытталған нақты жобалар да жан-жақты сөз болды.
Бүгінде Байсын – берекелі тірлігімен, ұйымшыл халқымен ерекшеленетін ауылдардың бірі. Осы жылдың 1 мамырындағы мәліметке сәйкес, ауылда 203 тұрғын үй орналасқан. Мұнда 1128 адам өмір сүріп жатыр. Ең бастысы – қоғамдық-саяси ахуал тұрақты. Халықтың күнделікті тұрмыс сапасына тікелей әсер ететін ауыз су, аяқ су, электр жарығы мен көгілдір отын мәселелері толық шешімін тапқан.
Ауылдағы әлеуметтік ахуал да көңіл қуантады. Биылғы жылдың алғашқы төрт айында Байсын ауылында атаулы әлеуметтік көмек алған отбасы тіркелмеген. Бұл тұрғындардың әл-ауқаты жақсарып, жұмыс көздерінің көбейгенін аңғартады. Есепті кезеңде 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, 12 тұрғын ақылы қоғамдық жұмыстарға тартылған. Сонымен бірге ауыл әкімдігі тұрмысы төмен отбасыларды тұрақты назарда ұстап отыр. Ауылдық округ әкімшілігі, мекеме басшылары мен кәсіпкерлердің бірлесуімен мерекелік күндерде және қайырымдылық акциялары аясында мұқтаж отбасыларға азық-түлік таратылып, сый-сияпаттар ұсынылған.
Экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы жұмыстар да жүйелі жүргізілуде. «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында тұрақты сенбіліктер ұйымдастырылып, ауыл аумағындағы мекемелер мен саябақтарға 700 түп ағаш отырғызылған. Табиғатты қорғау мен ауыл келбетін көркейтуге бағытталған бұл бастама жергілікті тұрғындардың белсенділігін де көрсетеді.
Ауыл тіршілігінің күретамыры саналатын су мәселесіне де ерекше назар аударылған. Байсын ауылына келетін «Әлімұса» каналының екі шақырым бөлігі қайыр басқан топырақтан тазартылып, нәтижесінде тұрғындар аяқ суды еш кедергісіз пайдалануға мүмкіндік алған. Бұл ауыл шаруашылығымен айналысатын тұрғындар үшін аса маңызды жұмыстардың бірі болды.
Мемлекет алдындағы азаматтық борыш мәселесі де назардан тыс қалмаған. Биылғы төрт айда әскерге шақыру науқаны барысында ауылдық округтен бір азамат Отан алдындағы борышын өтеуге аттанған.
Байсында кәсіпкерлік саласы да қарқын алып келеді. Қазіргі таңда ауылдық округ бойынша 95 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Оның ішінде 10 заңды тұлға, 24 шаруа қожалығы және түрлі салада қызмет көрсететін 61 жеке кәсіпкер бар. Ауылда шағын және орта бизнесті дамытуға арналған арнайы іс-шара жоспары бекітіліп, «Бизнес Бастау» және «Ауыл Аманаты» жобалары бойынша тұрғындарға тұрақты түрде түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Нәтижесінде, биылғы жылдың төрт айында «Ауыл Аманаты» бағдарламасы арқылы үш ауыл тұрғыны 19 миллион 600 мың теңге көлемінде жеңілдетілген несие алған. Оның ішінде бір азамат 6 миллион 100 мың теңгеге жылыжай кәсібін қолға алса, тағы бір тұрғын дәл осындай көлемде қаржы алып, бал ара шаруашылығын дамытуда. Ал үшінші кәсіпкер асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға несие рәсімдеген. Сонымен бірге ауылда балық шаруашылығы бағытында құны 34 миллион 600 мың теңгені құрайтын кооператив жобасын ашу жұмыстары жүргізілуде.
Жергілікті бюджетке түсетін салық көлемінің артуы да ауыл экономикасының жанданып келе жатқанын аңғартады. 2026 жылдың алғашқы төрт айының қорытындысымен Байсын ауылы бойынша көлік салығынан 1 миллион 946 мың теңге, мүлік салығынан 35 мың теңге және табыс салығынан 764 мың теңге жиналған. Жалпы салық түсімі 2 миллион 745 мың теңгені құрап отыр.
Ауыл шаруашылығы саласында да жүйелі жұмыстар жалғасуда. Байсын ауылдық округінде 24 шаруа қожалығы тіркелген. Оның екеуі егін және мал шаруашылығын қатар дамытса, қалған 22 шаруашылық тек мал өсірумен айналысады. Халықты әлеуметтік маңызы бар азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында шаруа қожалықтары жерінен ауыл тұрғындарына картоп, көкөніс және бақша өнімдерін егуге мүмкіндік берілген.
Төрт айдың қорытындысы бойынша ауылда 3258 бас мүйізді ірі қара, 1107 бас уақ мал, 597 жылқы және 200 құс тіркелген. Бұл көрсеткіштер Байсын ауылында мал шаруашылығының негізгі табыс көзіне айналғанын көрсетеді.
Инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстар да кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Байсын ауылында жалпы ұзындығы 10,8 шақырым болатын 16 көше орналасқан. Оның ішінде 6,2 шақырым болатын сегіз көшеге асфальт төселсе, 4,6 шақырымдық алты көшеге қиыршық тас жабындысы салынған.
Ал биыл ауылдағы Сейхун, Ә.Оспанқұлов, А.Байкенжеев, С.Тобағабылов және 1-квартал көшелерінің автомобиль жолдарын күрделі жөндеуден өткізу үшін жоба-сметалық құжаттар әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысы алынған. Қазіргі таңда тиісті мекемелерге бюджеттік өтінім жолданыпты.
Ауыл аумағындағы тұрмыстық қатты қалдықтар полигоны да ретке келтірілген. Полигон қоршалып, арнайы техникалардың көмегімен тазарту жұмыстары жүргізіліп, жиналған күл-қоқыс шығарылып, аумақ толық тазаланған. Бұл жұмыстарға 4 миллион 368 мың теңге қаржы жұмсалыпты.
Кездесу барысында ауылдың алдағы уақыттағы ең өзекті мәселелері де ашық айтылды. Соның бірі – Байсын ауылын ­аудан орталығымен байланыстыратын жалғыз жолдың мүшкіл жағдайы. «Байсын елді мекеніне кіре беріс» автомобиль жолының үш шақырымдық бөлігі әбден тозып, қазіргі таңда көлік қозғалысына қауіпті жағдайға жеткен.
Тағы бір күрделі мәселе – R-7 каналындағы өтпелі көпірдің апатты жағдайға түсуі. Жүргізілген техникалық сараптама көпірдің қауіпті жағдайда екенін растап, оң қорытынды берген. Қазіргі таңда бұл мәселені шұғыл шешу қажеттілігі туындап отыр.
Сонымен бірге ауыл мәдениет үйінің жылу қазандығын көгілдір отынға ауыстыру мәселесі де көтерілді. Бұл жобаға қатысты 5 миллион теңгеге жоба-сметалық құжаттар әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысы алынған. Жалпы жоба құны – 84 миллион теңгені құрайды. Қазандық орналасатын жердің мемлекеттік актісі рәсімделіп, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің теңгеріміне өткізілген. Алайда жоба мерзімі биыл аяқталатындықтан, қаржыландыру мәселесін шешу қажеттігі туындап отыр.
– Бұдан бөлек, Байсын ауылында құны 25 миллион 154 мың теңгені құрайтын ­«Жастар саябағын» салу бойынша эскиздік жоба мен сметалық құжаттар әзірленген. Бұл жоба ауыл жастарының бос уақытын тиімді ұйымдастыруға және ауыл келбетін жаңғыртуға бағытталған. «Алтын дән» шаруа қожалығының демеушілігімен ауылға келетін «Әлімұса» каналының ішкі бөлігін бетонмен қаптау жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттары дайындалуда. Жақын күндері сараптамадан өтеді деп күтілуде. Бұл жоба іске асса, су шығыны азайып, аяқ су мәселесі толық реттелмек, – дейді ауыл әкімі Е.Бердібаев.
Байсын ауылындағы ең ауқымды жобалардың бірі – тұрғын үй құрылысына арналған жаңа аумақты игеру. Ауылға қосымша 62 гектар жер телімі беріліп, 200 тұрғын үйге инженерлік инфрақұрылым жүргізу үшін жоба-сметалық құжаттар дайындалып, сараптаманың оң қорытындысы алыныпты. Жобаның жалпы құны 1 миллиард 578 миллион теңгені құрайды екен. Егер бұл бастама жүзеге асса, Шиелі кентінде тұрғын үй кезегінде тұрған көптеген азаматтың баспана мәселесі шешімін табады.
Кездесу соңында ауыл ақсақалдары ақ батасын беріп, «Бірлігі бекем елдің ырысы ортаймайды» деген ізгі ниеттерін жеткізді. Жиын түйінінде аудан әкімі Айтбай ­Жандарбеков көтерілген мәселелердің барлығы кезең-кезеңімен жүзеге асатынын атап өтті. Байсындағы бұл басқосу ел үміті мен игі тілек астасқан, сөзі салмақты, сәті берекелі жиын ретінде есте қалды.

Сұлушаш МАДИЯРОВА
26 мамыр 2026 ж. 52 0