Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖАҢАТҰРМЫСТА ЖАҢА ТЫНЫС

ЖАҢАТҰРМЫСТА ЖАҢА ТЫНЫС

Жаңатұрмыс ауылдық округі – Шиелі ауданы орталығынан 4-5 шақырым ғана қашықтықта орналасқан. Қазіргі таңда 185 үй мен 1060 адам тұратын ауылдық округте осыдан 4 жыл бұрын жеке кәсіпкерлер саны 20-дан әзер асса, бүгінде оның саны 44-ке жеткен. Ел-жұрттың айтуы бойынша биыл ­ауылда атқарылған істер мен тындырымды тірліктер жетерлік. Дегенмен, «жақсыны көрмекке» демекші, көп естігеннен ауылдың жайын көзбен көруді жөн санадық.
Сапарамызды таң сәріден бастағанды ұйғарып, тақтайдай тегіс жолмен Байсын ауылына жылдам жеттік. Байқауымызша ауыл ішіндегі жолдардың жартысынан астам бөлігіне асфальт жабыны төселген. Қалған бөлігінің де жағдайы жаман емес. Асфальт болмаса да, қиыршық тастардың төселгенін байқадық. «Көп жасағаннан емес, көпті көргеннен сұра» деген қағидаға сүйеніп, алдымыздан кездескен ауыл ақсақалынан өзі мекендейтін ауылдың тұрмысы мен жай-күйін сұрадық. Өзін ­Ерсайын Баймұратов деп таныстырған қария жай азамат емес, осы ауылдың қауымдастық кеңесінің төрағасы болып шықты.
– Ақсақал, біз аудандық «Өскен өңір» газетінен келіп тұрмыз. Редактордың тапсырмасына сәйкес ауылдарды аралап, жыл бойына жасалған жұмыстардың жайын білмекпіз. Дегенмен, бірден әкімдікке жетіп бармай, алдымен ауыл тұрғындарының пікірін білуді жөн санадық. Байсын ­ауылы жайлы айтып берсеңіз?
– Туған өлке әрбір жан үшін жүрек түкпірінен орын алар киелі мекен. Сол себепті болар, ауыл жайлы жазған немесе сөз бастаған жан үшін не айтса да, қалай айтса да бір нәрсе жетпей тұратындай болары хақ. Ауылдың таза ауасын, тұнық суын, тіл жетпес сұлулығын жеткізуге келгенде көбіміз сөз таппай, абдырап қалатынымыз тағы бар. Десе де, өзімнің туып-өскен ауы­лым жайлы өзіңе сыр шертпекпін, балам. Көкейдегі сұрақтарыңды қоя бер. Шамам келгенше жауап берейін.
– Жетім-жесірін қашанда жылатпаған халықпыз. Ел іші болғаннан кейін бәрінің бірдей тұрмысы жақсы бола бермейтіні белгілі. Ал, ауыл азаматтары мен атқамінерлерінің бірлігі мен іскерлігі дәл осындай сәттерде көрінері хақ. Осы тұста ауылда тұрмысы төмен отбасыларына қандай көмектер көрсетілуде. Айта өтсеңіз?
– Әрине, өмір болғаннан кейін түрлі тағдырлар болуы заңдылық. Бір ауылды мекен еткендіктен оларға көмек қолын созу Жаратушы тарапынан бізге берілген сынақ деп білеміз. Ауылдың тұрмысы төмен отбасылары үнемі бақылауға алынып, ардагерлер мен ауылға қарасты мекеме басшылары, ауылдық округ әкімшілігі және кәсіпкерлермен бірлесе отырып, биыл тұрмысы төмен 10 отбасы азық-түлікпен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ, ауылдың кәсіпкерлері мен тұрғындарының қолдауымен тұрмысы төмен 1 отбасына баспана беріліп, үлкен қайырымды іс жасалды. Газ құрылысы жұмысын жүргізген «Сапақ» ӨК мекемесі де тұрмысы төмен 1 отбасына және «Әлі ата» мешітіне көгілдір отын құбырын жүргізіп қайырымды іс жасады.
– Көгілдір отын демекші ауылда инфрақұрылымдық жүйелердің, (ауыз су, аяқ су, электр жарығы, көгілдір отын) жайы қандай ақсақал?
– Ауылда ауыз су, аяқ су, электр жарығы, көгілдір отын сынды мәселелер толықтай шешімін тапқан. Жаңатұрмыстың инфрақұрылымдық жүйелері жылдан-жылға даму үстінде. Өзіңіз көргендей, ауыл көшелерінің басым көпшілігі тақтайдай тегіс, әрі түнгі шамдар қойылып, түнгі уақытта еркін қозғалуға жағдай жасалған. Байсында балабақша, мектеп, фельдшерлік акушерлік пункт, мәдениет үйі, кітапхана, мешіт сынды әлеуметтік нысандар жұмыс жасап келеді. Сондай-ақ, биыл ауыл тұрғыны жеке кәсіпкер Б.Бердібаев өз қаражаты есебінен монша салып берді. Бағасы қол жетімді болғандықтан, тұрғындар енді аудан орталығына емес, ауылдағы су жаңа моншаға баруды жөн санайды. Пенде болғаннан кейін армансыз болмайды. Жұртшылықтың ендігі тілегі ауылда немерелеріміз білім алатын жаңа мектеп соғылса дейміз. Бұл әрине уақыттың еншісіндегі дүние, әйтсе де ауылдың ақсақалы болғандықтан айту пары­зым. Менің көрген, білгенім осы балам. Қалғанын ауыл әкімдігінен сұрап, білерсің!
Ардагердің ауылы жайында шерткен сырын тыңдап болған соң бағытымызды әкімдікке қарай бұрдық. Бағымызға қарай ауыл әкімі Балдаурен Шәкіртаевты өз кеңсесінен кезіктіріп, Байсын ауылында биыл атқарылған жұмыстардың есебін сұрап-білуге мүмкіндік туды. Оның айтуынша, 2020 жылы осы қызметке келгелі біршама істің оң шешімін табуына барынша атсалысқан көрінеді. Мәселен, ауылда биыл 10 адам қоғамдық жұмысқа тартылса, 15 адам тұрақты жұмысқа орналасқан. Жыл басынан бері ауылдық округ бойынша 75 субъекті тіркеліп, оның 21-і шаруа қожалықтар, 44-і жеке кәсіпкерлер болған. Ауыл азаматтарын жұмыспен қамту мақсатында ауыл тұрғыны Қ.Досмағанбетов мал бордақылау орнын салып, табысты еңбек етіп жатқан көрінеді. Аудан әкімі Н.Мақұлбековтың тікелей қолдауымен қазан айында С.Асанов көшесі мен Б.Әбдімомынов көшесі тұйығына асфальт төселіп, ауылдағы асфальт жабыны төселген көшелердің үлесі 52 процентке жеткен. Сондай-ақ, ауылдың маңызды көшелерінің бойына жарық диод­ты шамдар орнатылып, Б.Әбдімомынов көшесінің бойына абаттандыру жұмыстары ­бойын­ша «Жаттықтыру алаңы» құрылып, халық игілігіне пайдалануға берілген. Ауыл тұрғындарының қажеттілігі үшін карантин уақытында «Транстелеком» компаниясының көмегімен жоғарғы жылдамдықтағы интернет желісі де жүргізілген. Балалардың спортқа деген құлшынысын арттыру мақсатында ауылда орналасқан спорт алаңына жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жарықшамдар орнатылыпты. Алдағы уақытта ауылға кіре берістегі 62 га жерге 200 тұрғын үйге инфрақұрылым жұмыстарын жүргізу ­жоспар­лануда. Бұл өз кезегінде кент пен ауыл тұрғындарының ішінен тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға инфрақұрылымдық жүйелері жүргізілген жер телімін беруге, сол арқылы Жаңатұрмысқа жаңадан 200 тұрғын үй соғылуына жол ашпақ. «Ал, ауыл ардагерінің жаңа мектеп соғылса деген тілегі бұйырса 2022 жылы орындалмақ. Қазіргі уақытта тиісті құжаттар дайындалуда. Бұл жұмыстардың барлығы аудан әкімінің бізге деген сенімі мен артқан үмітінің арқасында жасалуда», - деді ауыл әкімі.
Расында, алақандай ғана ауылдың жыл бойында атқарған жұмыстарын ауыз толтырып айтуға болады. Алға қойған мақсаттары мен бағыты да анық. Бастысы ауыл азаматының әкім болып сайлануы оның туған ауылына шын жанашыр болып қызмет етуіне жол ашқан секілді. Ендеше, Байсын ауылының өркендеп, өсуіне біз де шын тілтектес болмақпыз.

Рамазан Бектұрғанұлы
30 қараша 2021 ж. 598 0