Жаңатұрмыс ауылдық округінің әкімі М.Қазыбайдың 2017 жылы атқарылған жұмыстары жөніндегі есебі
Жаңатұрмыс ауылдық округі әкімі аппараты өз қызметі шегінде ҚР Заңдарының, Президент Жарлықтарының, Үкімет пен басқару органдарының шешімдері мен өкімдерін басшылыққа ала отырып, көрсетілген өкілеттікке сай, ауыл тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық тұрмыстық жағдайларын жақсарту бағытында жұмыс жасап келеді. Әкім аппаратында 3 мемлекеттік қызметкер және келісім-шарт негізінде 3 маман жұмыс атқарады. Ауыл әкімдігі мемлекетіміздің жергілікті өзін-өзі басқару саясаты негізін басшылыққа ала отырып, әкімшілік тарапынан құрылған Қоғамдық келісім кеңесі және жергілікті қауымдастық кеңесі арқылы жұмыс атқаруда. Сонымен қатар, әр апта сайын ауылға қарасты мекеме басшыларымен апталық жиналыс өткізіліп, қажетті мәселелер талқыланып отырылады. Байсын елді мекенінде тұрғын үй саны 155, халық саны есепті кезеңде 1015 адамнан, 1030 адамға жетті. Елді-мекен территориясы-19479 гектар, оның ішінде: ауылдық елді-мекен тұрғындарының жері 1488 гектар, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер 6206 гектар, жайылымдық жер 4166 гектар, инженерлік жүйеге келтірілген ауыспалы егістік жерлер 1496 гектар.
Округ бойынша тіркелген субъектілер саны: өткен жылы 40 болса, есепті кезеңде 50-ге жетті. Оның 9-ы заңды тұлғалар, 20-ы шаруа қожалықтары, 21-і жеке кәсіпкерлер.
Оның ішінде әлеуметтік объектілер: 1 орта мектеп, 1 жеке балабақша, 1 фельдшерлік акушерлік пункт, 1 ауылдық мәдениет үйі, 1 кітапхана, 1 мешіт, 1 ветеринариялық пункт және ауылдық округ әкімі аппараты ауыл тұрғындарына өз дәрежесінде қызмет көрсетіп келеді. Ауылда саяси әлеуметтік хал-ахуал тұрақты. Ауыз су, аяқ су, электр жарығы тәрізді негізгі мәселелер өз шешімін тапқан. Ауылдың инфрақұрылымы жылдан-жылға даму үстінде. Өткен жылы ауылдық округ әкімдігі аппаратында барлығы 92 өкім және нормативтік-құқықтық сипаттағы 26 шешім шығарылды. Жеке азаматтардан 15 өтініш келіп түсті, көбісі өзіндік қосалқы шаруашылық жүргізу үшін жер телімін сұрайды. Өтініштердің барлығы толық қанағаттандырылды.
Әлеуметтік сала туралы. Ауылдық округ бойынша мемлекеттік жәрдем ақы алатындар: жасына байланысты зейнеткерлер 93 адам, мүгедектігіне байланысты 21, асыраушысынан айырылуына байланысты 1 адам, 18 жасқа дейінгі балаларға берілетін жәрдем ақыны 162 отбасы, тұрғын үй жәрдем ақысын 9 отбасы алса, 3 отбасы «Өрлеу» бағдарламасы арқылы мемлекеттік көмек алды.
Жергілікті салық түсімдері. 2017 жылы округ бойынша, белгіленген жоспарға сәйкес 516,6 теңге салық түсімі жиналды. Оның ішінде: мүлік салығы 35 100 теңге, жер салығы 61 500 теңге, көлік салығы 420 000 теңге. Сонымен қатар, мүлікті жалға беруден 41,0 мың теңге түсті. Өткен жылмен салыстырмалы түрде алғанда салық түсімі 55 300 теңгеге артты.
Шағын және Орта кәсіпкерлікті дамыту барысы. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында ауыл азаматтарына микрокредиттер алу үшін кәсіпкерлік негіздеріне оқу қажеттігі туралы жүйелі түрде түсіндірме жұмыстары жүргізіліп келеді. Өткен жылы «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша 5, «Бизнес кеңесші» курсында-4 ауыл тұрғыны оқып сертификаттарын алды. Жобаларын қорғаған 3 азамат мал өсіру және шаштараз ашу бағытында «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы 6800, 0 мың теңге несие қаржы алды. Ауылдық округ бойынша, өткен жылы 12 кәсіпкерлік субъектілері тіркелді. Кәсіптік мамандық алу үшін 6 ауыл тұрғыны қысқа мерзімді оқыту курстарында оқыды. Сондай-ақ, жұмыспен қамту орталығы арқылы тұрақты жұмысқа 14 адам орналасса, жастар тәжірбиесімен-5 адам, әлеуметтік жұмыс орнына-1 адам қабылданып, ақылы қоғамдық жұмысқа -14 адам тартылса, 49 адам маусымдық жұмысқа тартылды.
Ауыл шаруашылығы саласы. Ауылдық округ бойынша 20 шаруа қожалығы тіркелген. Олардың 2-і егін және мал шаруашылығымен, 2-егін, қалған 16-ы бірыңғай мал шаруашылығымен айналысуда.
2017 жыл Байсын ауылы үшін табысты жыл болды деуге болады. Жыл қорытындысымен сараптайтын болсақ саланың қай түрі болмасын айтарлықтай біршама өсімді байқаймыз. 2016 жылы егін көлемі 779 гектар болса, өткен жылы 995 гектар жерге түрлі ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Күзгі егін жинау науқанында барлық дақыл түрлерінен межеден жоғары өнім жиналды. Оның ішінде 627 гектар күріш егісінің әр гектарынан 62,4 центнерден орта өнім өндірілді. Мал шаруашылығы саласында да айтарлықтай өсім бар. Алдыңғы жылмен салыстырмалы түрде алғанда МІҚ 1197 бастан 1335 басқа, қой-ешкі 1447 басқа, жылқы 163-тен 165 басқа, құс 670 тен - 675 басқа көбейді. Ауылдық округ бойынша ауыл шаруашылығы саласының негізін «Байсын» шаруа қожалығы құрайды. Өткен жылы көктемгі және күзгі егіс науқанын атқару үшін «Байқоңыр» ӘКК-нан 38,0 млн теңге несие қаржы алып, агротехнологиялық талаптарды толық сақтай отырып егілген егіннен жоғары өнім алуға қол жеткізді. 12-ге жуық ауыл жастарын жұмыспен қамтыды.
Ауыл инфрақұрылымдарын дамыту жұмыстары жайлы Жаңатұрмыс ауылдық округі бойынша ішкі жолдардың ұзындығы 6,7 км құрайды, оның 4,5 км асфальт төселген, 2,2 км қиыршық тас төселген. Өткен жылы Б.Әбдімомынов және 9-квартал көшелеріне 226,0 мың теңгеге көше құжаттары жасалып рәсімделді. Осы аталған көшелерге қиыршық тас төселіп (2,8 млн. теңге, 0,6 км) жай жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, ауылдағы шағын спорт алаңы күрделі (3,0 млн. тең) жөндеуден өткізілді. Биылғы жылы орталық Ә.Палмағанбетов көшесін жарықтандыру үшін жобалық сметалық құжаттары дайындалып аудандық экономика жоспарлау бөліміне ұсынылды. Көшені жарықтандыру биылғы жылы атқарылады деп күтілуде.
Әлеуметтік сала мекемелері туралы
Білім саласы. №207 «Жаңатұрмыс» орта мектебінде 34 мұғалім және 20 техникалық қызметкерлер жұмыс атқарады. Мұғалімдердің 32 жоғары, 2 арнаулы орта білімді. Оқу жылында 192 оқушы білім алса, мектеп алды даярлық тобына 25 бала тартылған.
Мектепке дейінгі балаларға «Шұғыла» жеке балалар бақшасы қызмет көрсетеді. Балабақшадағы орын саны 75, 3 топта балаларды тәрбиелеуде. 20 адамды жұмыспен қамтып отыр. Тұрмысы төмен және көп балалы 3 отбасының балаларына тегін қызмет көрсетуде. Жасалынған жоспарға сәйкес балаларға арналған түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып тұрады.
Денсаулық сақтау саласы. Ауылдың фельдшерлік-акушерлік бекетінде 1 фельдшер, 1 акушер және 1 тазалықшы, 1 қарауыл жұмыс жасайды. Сырқаттанған тұрғындарға медициналық аяжандар өз дәрежесінде қызметтерін ұсынуда. Медициналық тіркеуде тіркелгендер саны: 1-14 жас аралығында-307 бала, жасөспірімдер жасында 33 бала, үлкендер – 525, бала туу жасындағы әйелдер саны – 178. Жыл басынан 23 нәресте дүниеге келсе, 14 әйел жүктілікпен Д есепте тұрып бақылануда. Барлығының денсаулықтары жақсы.
Мәдениет саласы. Байсын ауылдық мәдениет үйінде 150 орындық, 4 мәдени қызметкер, 5 техникалық қызметші жұмыс атқарады. Мәдениет үйінде ән-би үйірмелері жұмыс жасайды. Бекітілген мәдени іс-шаралар, ауылдық округ әкімдігі аппаратымен бірлесе отырып, түрлі іс-шаралар, мерекелік концерттер, байқаулар мен тақырыптық кештер өткізіліп тұрады. Өткен жылы ауылдық мәдениет үйінде 50 іс-шара өткізілді.
Ауылдық кітапхананың негізгі оқырмандары ауыл тұрғындары, олар – мұғалімдер, зейнеткерлер мен оқушылар және студенттер. Кітапхана қорында 8500 дана кітап бар. Оның – 7250 данасы қазақ тілінде, 1250 данасы орыс тілінде. Оқырмандар саны - 552 адам.
Ауылдың жастар спортына ауданның көкпар құрама командасының белді мүшесі спорт шеберлігіне кандидат Базарбек Асанбеков жетекшілік етеді. Ауылдың жастар аудан көлемінде өтіп жатқан түрлі спорттық жарыстарға қатысып жүлделі орындарға ие болып жүр. Өткен жылдың мамыр айында жастарға рухани тәрбие беру мақсатында «Ережесіз жекпе-жектен» әлемнің үш дүркін чемпионы Ардақ Назаровты ауылға шақырып, ауыл тұрғындарымен, оқушы жастармен кездесу өткізілді. Бұл кездесу ауыл тұрғындары мен жастары үшін өте әсерлі болды.
Қоғамдық қауіпсіздік саласы. Ауылдағы қоғамдық қауіпсіздікті және қылмыстың алдын алу мақсатында аудандық ішкі істер бөлімі тарапынан учаскелік полиция инспекторы жұмыс жасауда. Ауылдық әкімшілік, учаскелік инспекторы Асанов Ақылбек Ақтайұлымен бірлесе отырып, қоғамдық қауіпсіздікті және қылмыстың алдын алу мақсатында жұмыстар жүргізіп келеді.
Алда тұрған міндеттер
1. Елбасы саясатын халыққа кеңінен насихаттау және ҚР Заңдары мен Президент Жарлықтарын, Үкімет пен жергілікті басқару органдарының шешімдері мен өкімдерін басшылыққа ала отырып, көрсетілген өкілеттікке сай, ауыл тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық жағдайларын жақсартуға және халықтың билікке деген сенімін арттырып, қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақты болуына жұмыс жасау. Ауыл тұрғындарына көрсетілетін қызмет сапасын арттыру. 2.Елді мекен тұрғындарын жұмыспен қамту, әлеуметтік тұрмыстық жағдайларын көтеру мақсатында шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту. Әлеуметтік аз қамтылған отбасыларына үнемі қолдау көрсетіп отыру. 3.Егін және мал шаруашылығын дамытуда өндіріске жаңа технологияларды енгізу бағытында жұмыс жасау. Инвестор тарту жолдарын қарастыру. 4. Ауылдың инфрақұрылымын дамыту бағытында, көшелерді жарықтандыру, жөндеу және санитарлық-тазалығына мән беріп, көркейту, абаттандыру жұмыстарын жандандыру. 5. Ауыл жастары арасында бұқаралық спортты дамытуға және басқа да өзекті мәселелердің шешімін табуға жұмыс жасау.