Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Дәріханасыз елде дерт көбейеді

Дәріханасыз елде дерт көбейеді

Дертке дауа іздесек алдымен дәрі­ге жүгінеміз. Ал, сол бір дәрілік пре­параттарға қол жеткізу үшін аудан орталығынан шалғай жатқан ауыл тұрғындары 91 шақырым қашықтықты еңсеруіне тура келеді. Неліктен? Себебі, ауылдық жерлерден дәріхана ашу ісі қолға алынбай келеді. Қиналған халықтың мұң-мұқтажы ауыл және аудан әкімдерінің кезекті есеп беруі барысында да айтылды. Шиелі ауданынан 30 шақырым жерде орналасқан Бәйгеқұм ауылының тұрғыны Айымторы Піржанова: «Дертіміз жанға батқанда дәрі таппай қалатын кезіміз көп. Сабылып аудан орталығына келіп аламыз, не болмаса қатынайтын көліктерге жағдай айтамыз. Дәрі бағасының қымбаттығы қалтаға әжептеуір салмақ салатыны жасырын емес. Енді оған такси пұлды қосыңыз. Осындай сәттерде ауылдық жерлерге неге дәріхана салмайды деп күйініп те аламыз» – дейді. Тек, Бәйгеқұм ауылы емес, Ортақшыл, Телікөл, Ақмая ауылдық округтерде де дәріхана жоқ.
Фармацевтика бизнесімен шұғыл­да­натындардың тәп-тәуір табыс түсіретіні анық. Өйткені, тірі адам тіршілікте ауырмай тұрмайтындықтан, дәрінің тұтынушысы азаймасы белгілі. Сондықтан, осы кәсіпті дөңгелетуге кез келген кәсіпкер атсалысуға болады. Жуырда аудан әкімі кезекті есеп беру барысында әр ауылдан 30 отбасы жеке кәсіп ашуға тиіс деп тапсырма бергені есімізде. Сондай-ақ, әр ауылда наубайхана, шаштараз, монша салынуы керек екенін де тілге тиек етті. Ендеше, кәсіп ашып, нәпақасын табам деушілерге үкімет қолдау көрсетуге даяр. Мысалы, аудан орталығында орналасқан «Арзан», «Мөлдір» сынды үлкен дәріхана желілерімен келісе отырып ауылдық жерлерден дәріхана ашуға неге атсалыспасқа? Кәсіптің көзін тапсаң құралақан қалмасың анық. Әрі ауыл тұрғындары үшін де тиімді.
Жалпы, Шиелі ауданына қарасты 22 ауылдық округі бар. Ал, ондағы шалғай ауылдардың көпшілігі дәріханаға зәру. Сондықтан, жеке кәсіпкерлерге ауыл әкімдері бағыт-бағдар беріп, тиімді істерге жөн сілтесе. Жоғын түгендеп, керегін айтса. Бұл кәсіпкерлер мен халық үшін де тиімді болмақ. Әрі ауылдың әлеуеті жақсарып, екі ортада сабылған адамдар да азаятын еді.
Гүлнәр Дүйсебай.
27 қаңтар 2018 ж. 1 081 0