Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Талаптандағы тазалық

Талаптандағы тазалық


Қазақ ықылым заманнан «Тазалық – табалдырықтан басталады» деп тәмсілдесе, ислам дінінде тазалықты иманмен теңестіріп, «Тазалық – иманның жартысы» деген. Осыдан-ақ адам өмірінде тазалықтың қаншалықты маңызды екенін байыптауға болады. Бірақ бүгінгі таңда тұрғындар көшесі мен аула алдындағы тазалыққа ерекше мән бермейді. Жауапты мамандар жұмыс істейді деген сеніммен кейбіреулері көлік терезесінен қоқыс лақтыруға да қымсынбайды. Ал жастар қауымы кешкілік уақытта орталық алаңға келгенде айналаны пістенің қабығы немесе бос қалған құтымен ластайды.Жаз шыға сала кентті көркейту, абаттандыру мақсатында тынымсыз тіршілік басталып кеткен-ді. Тазалық жұмыстары тек жаз маусымында ғана емес, жыл бойы жалғасын тауып жатқаны баршамызға белгілі. Ми қайнатар ыстықта да, қылышын сүйреткен қақаған қыста да қызметкерлердің қолынан күрегі мен сыпырғысы түспейді. Тазалықшылар көпшіліктің есінде көше, жол бойын бел жазбай сыпыруымен және қолы талмай шөпті жұлуымен сақталады.
Бірақ биыл Талаптан ауылдық округі тазалық акциясының тұрпатына өзгешелік енгізді. Осы уақытқа дейін арнайы қызметкерлер атқарып келген жұмысты ауыл әкімі мен тұрғындары өз жауапкершіліктеріне алды. Ауыл әкімдігі және ерікті жастар ауылдың ажарын айқындай түсетін акцияға белсене қатысты. Жастардың бір бөлігі 200 литрлік бөшкені алып келсе, әкімдік оны сырлап, сыртына жазу жазумен айналысты. Дайын болған жәшіктерді акцияны ұйымдастырушылар қоғамдық орындарға, дүкендер мен бас­ты көшелерге қойды. Сонымен қатар ауыл тұрғындарына тазалықты сақтау хақында насихат жүргізілді. Осы орайда «Таза ауыл» акциясының ұйымдастырылуына мұрындық болған ауыл әкімімен тілдескен едік.
– Біздің ауылдың жастары өте белсенді. Олар ауылдағы жағдайы төмен отбасыларға көмектесіп қана қоймай, әр түрлі іс-шараны ұйымдастырумен де айналысады. Биыл жас­тар жылы болғандықтан тікелей соларға бағытталған шара көп. Соның бірі әрі бірегейі осы тазалық акциясы десек болады. Бұл да жастардың еңбегі сіңген жұмыс. Қазір 30 дана қоқыс жәшігін қойдық. Алдағы уақытта бөшкелердің санын көбейтіп, акцияны жалғастыра береміз, – деді Амангелді Шерәлі.
Аты аталған ауылдық округте қазіргі таңда 790 жас бар. Келешекте ауыл әкімі жастармен бірлесе жұмыс істей отырып «Жастар саябағын» салмақшы. Бұған қоса күзгі маусым таяғанда көгалдандыру жұмыстарына бүтін бір ауыл білек сыбана кіріспекші.

Маржан
БОЛАТҚЫЗЫ
20 шілде 2019 ж. 1 111 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930