Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тазалық бар жерде береке бар

Тазалық бар жерде береке бар


Тазалықты таразылайтын көктем мезгілінің де алғашқы айы аяқталуға жақын. Қақаған аяздан аман шыққан жұрт күн жылт еткеннен тіршіліктің қамына кірісіп кетті. Қыстай қар басқан көшелердің жай-күйі де осы мезгілде айна-қатесіз көрініп тұратыны белгілі. «Тазалық иманнан» деп ұғатын қазақ ежелден Жер-ананы қадірлеп, қастерлей білген. Қоқысты адам аяғы баспайтын алысқа тастап, «бір тал кессең, он тал ек» деп ұрандатқан да біздің ата-бабаларымыз.

Дегенмен, бүгінде тазалыққа мемлекет тарапынан айрықша мән беріліп жатқанымен, жұртшылықтың өзі тұратын ауласына ұқыптылықпен қараудан қалып бара жатқаны ащы да болса шындық. Соңғы уақытта көшеге шыға салып, қоқысын лақтыратын тұрғындарды тыюдан қалдық.Өткенді айтпағанда, жыл басынан бері басылым бетінде тазалық мәселесі бірнеше мәрте қаузалды. Тіпті, «Кент тазалығы кімге керек?» деген тақырыпта жарияланған мақаладан соң, тиісті мекемелердің бірі жауап берудің орнына, шамбайына батса керек, редакцияға келіп, дөрекілік көрсеткені де бар.
Айтып-айтпай не керек, сол мақалада сөз болған Д.Шыныбеков көшесінің тұрғындары жақында редакцияға келіп, тазалыққа бей-жай қарамайтындарын байқатты. Тұрғындар Алтынбеков, Шыныбеков, Т.Рысқұлов көшелеріне қарасты арықтың іші-сыртын қордаланған қоқыстан айнадай етіп тазалаған.
– Бұл көшеге көшіп келгелі көп болған жоқ. Келгеннен қоқысқа толы ауламен алысып келемін. Тазалық мәселесіне әкімшіліктің міндеті деп, бей-жай қарауға болмайды. Әр тұрғын өзінің үйі мен ауласының, одан қалса көшесінің, жалпы кенттің тазалығына жауаптымын деп санауы керек. Сонда ғана ауданымыз көркейеді, – дейді Алтынбеков көшесінің тұрғыны Әбіләкім Маханбетов.
Жоғарыда аталған көшелердің тұрғындары Қ.Қоспанбетов, Б.Амангелдіұлы, Н.Шантаев, Ә.Маханбетов, А.Байділдаев, С.Махановалар бірігіп, қалталарынан қаржы шығарып, ұзақ уақыттан бері көшенің көркін қашырып тұрған арықтың іші-сыртындағы қоқысты шағаруға атсалысты.
«Тазалық – денсаулық кепілі» дейді.Бей-берекет жатқан қоқыс сіз бен біздің денсаулығымызға қаншалықты кері әсерін тигізіп жатқанын байқай да бермейміз. Сондықтан, ауладағы арықтар суға толып, егін науқаны басталмас бұрын айналамызды абаттандырумен айналысқан абзал. Мақалаға арқау болған тұрғындардың игі бастамасын кенттің өзге де азаматтары қолдап, таза көше қалыптастыруға бір кісідей үлестерін қосса, нұр үстіне нұр болар еді. Тазалық бар жерде берекенің де тұрақтайтынын естен шығармаған жөн.

Гүлхан ЯХИЯ.
27 наурыз 2019 ж. 1 827 0