Кенттің тазалығы кімге керек?
Аудан келбеті сәулеті мен ғана өлшенбейді. Күн сайын көркейіп келе жатқан Шиелінің ажары тазалығына да байланысты. «Сазқұм» селолық тұтыну кооперативі – кенттің тазалығымен айналысатын бірден-бір мекеме. Күз бен көктем мезгілдері шығар-шықпастан кент көшелерін әкімдіктің ықпалымен мекеме қызметкерлерінің тазалауға кірісетіні тағы бар. Оған өз кезегінде ерікті жастардың жұмылатынын да естен шығармаған жөн.
Сонда да болса кенттің тазалығы талапқа сай болмай тұрғанына ешкім таласа қоймас. Оған кеше ғана түсірілген төмендегі суреттер дәлел. Жоғарыда айтқан тазалыққа жауапты кооперативтің төрағасы Ерлан Битуғанов:
– Кенттің тазалық жұмыстарымен 2016 жылдан бастап айналысып келеміз. Қазіргі кезде 18 адам жұмыс жасап жатыр. Оған қоса полигонда екі ДТ-75 және бір ЧТЗ-100 тракторлары, үш қоқыс таситын Камаз бен самосвал Камаз, франтальтный погрузчик техникалары күнделікті кенттің тазалығы үшін жұмыс жасайды, – дейді.
Әрине, тазалыққа тек арнайы мекемелер жауапты деу – қате түсінік. Себебі, ортақ іске әрбір тұрғын мүдделі. Дейтұрғанмен, кент азаматтарының да бұған қатысты уәждері жоқ емес. Арнайы кент ішін аралап, тұрғындар арасында сауалнама жүргізгенімізде көпшілігінің тазалыққа көңілі толмайтынын байқадық.
– Ауданымыздың күн сайын сәулеті артып, түрлі демалыс алаңдарының салынып жатқанына қуаныштымын. Дегенмен, тазалық жағы ақсап тұр. Әрине, әркім өзі тұратын аумақты таза ұстауы керек. Сонда да кенттегі кей жерлердің аумақтың қаншама уақыттан бері қоқыстан арылмай жатқанына қарап жауапты мекемелердің жұмысына салғырттығынан ба дерсің. Шет жақты айтпай-ақ қояйын, орталықтағы қоқыс контейнерлерінің өзі аузы-мұрнынан шығып жатады. Тіпті, бұрынғы «Жадыра» мейрамханасына қарсы орналасқан пластик бөтелке тастайтын темір қораптың толғаны сонша, айналасына дейін шашылып жатқанын бірнеше рет көрдім. Оны қоя берші, «Қамыс зауытына» баратын жолды қоқыс полигоны сияқты. Егер үйлердің маңына қаладағыдай қоқыс тастайтын үлкен жәшіктер қойса бұлай болмас еді, – дейді, Марат есімді кент тұрғыны. Бейтаныс кейіпкердің сөзінен соң көрсетілген мекенге барып, өз көзімізбен көрмекке бекіндік. Шынымен де, бірнеше шаршы метрді алып жатқан қоқыстың арасында не жоқ десеңші? Иісі айтпаса да түсінікті. Бұл тұрғындардың мәдениетсіздігі ме, әлде құзырлы мекемелердің жауапсыздығы ма?
Көпқабатты тұрғын үйде тұратын Жадыра есімді келіншек:
– Үйден шыққан қоқысты қайда тастайтынымызды білмейміз. Амалдың жоғынан ауланың бір бұрышына жинап өртеп жатырмыз. Негізінен ол балалардың ойын алаңына арналуы керек. Ондай жағдай қайдан, бірақ. Ең болмағанда 5-6 үйге ортақ бір қоқыс контейнері қойылып, толған жағдайда уақытылы полигонға жөнелтіліп тұрғанын қалаймыз, – дейді. Айналып келгенде көптің сөзі контейнерге тірелді. Расымен, кенттің орталығынан бөлек, шалғайдағы көшелердің бойына да бірнеше қоқыс қораптарын орналастыру қажет-ақ. Одан бөлек кенттің әр азаматы тазалыққа үлкен жауапкершілікпен қарауға тиіспіз. Десе де, қазіргі тұрғындардың қолындағы қоқысын арнайы жәшікке салу мәдениеті бұрынғыға қарағанда едәуір артты деуге негіз бар.
Қалай болғанда да өркениет көшін көздеген еліміз үшін ортақ мүддеге түсіністікпен жұмыла білген жөн деп білеміз. Кент тазалығына, көркемдігіне еңбек ететін бірден-бір серіктестіктің қызметі еңбекқорлықты және жауапкершілікті талап ететіні де белгілі. Қатаң жұмыс тәртібі болмайынша, талаптың үдесінен шығу мүмкін емес. Тазалықтың жайы тіптен бөлек. Оған күнделікті құнтты еңбек керек. «Сазқұм» селолық тұтыну кооперативінің жұмысына қолдау көрсеткенде, тұтас кент халқы болып септескенде ғана кенттің көрікті де кемел келбетін көруге мүмкіндік туады. Ол көңіл-күйімізді сергітіп, сенімімізді шыңдайды. Болашақ жас буынның өз туған топырағына деген сүйіспеншілігін оятып, теңізге тамған тамшыдай үлесін қосарына да сеніміміз мол.
Гүлхан ЯХИЯ.