Мәдени сауатсыздықтан сақ болайық
Өзіміздің өмір сүріп отырған ортамыздың тазалығын сақтау баршамызға ортақ міндет деп білу осы күні біздің санамыздан өшкен секілді ме, қалай?
Көшелер мен тұрғын үйлер ауласындағы шашылып жатқан қосқыстар айналып келгенде өзімізге зиянын тигізуде. Желмен ұшқан полиэтилен қалталар кейде бетіңе келіп жабысардай болады. Кенттің тазалығы біздің газет беттерінде аз жазылып жатқан жоқ. Біз де кінәліні көрші үйден іздейтін жағымсыздау бір қасиет бар. Мына, тазалық жайлы сөз қозғағанда да «әкімдік не істеп отыр?» деген сұрақтың туатыны анық. Ал, сіздің аулаңыздың айналасын әкімдік аппаратының мамандары тазалап береді ме? Қоқыс жәшігінің жанына келіп тұрып сыртына тастаған қоқысыңызды жәшікке салып тұра ма? Ауладағы қоқыс жәшіктерінің айналасында аяқасты жатқан тамақ қалдықтары мен қалбырлар балалардың ойыншығына айналып жатқандығының куәсі болып жүргеніміз жасырын емес. Осы жайларға өзіміз
жауапты болармыз, бәлкім.
Шиелінің шырайы кіріп-ақ тұр бүгінде. Аялдамаларда аялдауға жағдай жасалды. Көкейіңіздегі «әкімдік не істеп отыр?» деген сұрақтың бір ғана жауабы. Ал, біз не істеп жүрміз? Бюджеттен бөлінген қыруар қаржыға салынып, сіз бен біздің игілігімізге берілген аялдамалардың шынысын шытынатып, бордюрды бүлдіріп, жарықтарды жайпап барамыз. Мұны – вандализм дейді. Сонау 450 жылдары Рим империясында пайда болған бұл терминнің түп мағынасы қиратушы, сындырушы дегенді білдіреді. Мәдениеті осал тайпалардың Римнің архитектуралық құрылыстарын қиратқандарға қатысты айтылған термин. Мәдениеті осал деген сөздің астын сызып қарайық. Сонда, көше жарығын сындырып, орындықты қиратып жүргендердің мәдениеті осал болғаны ғой. Жағдай жасалып, тұрмыс түзелген сайын кері тартатынымыз қалай? Қабырғаларға жазылған анайы жазулар жабайылық емей немене? Бүгін жасалған дүниені ертең барып бұзамыз. Бұл – қылмыс. Бұл – мәдени сауатсыздық. «Әлемді өзгерткің келсе, өзіңнен баста» дейді. Кенттің көркін қашыруға емес, келбетін келтіруге бірге атсалысқанымыз абзал. Көргендіден келісті сөз, аға буыннан ақыл айтылса дейміз ғой. Ата-ана баласын материалдық тұрғыдан ғана қамтамасыз етпей, есті сөз айтып есерсоқтықтан сақтаса, немере аталы сөз естісе, бәлкім, мәдени сауатымыз ашылар. Көшенің көркін келтіріп, ел игілігіне берілгендер бір-бір үйдің еркелерінің ермегіне айналмас сірә, сол кезде.
Бақытжан МӘДЕН,
Сурет Ерұлан Даткеновтікі.