ЕСКЕРТКІШКЕ ҚАМҚОРЛЫҚ ҚАЖЕТ
Қоршаған ортаның тазалығы, өлкедегі белгілі орындардың ластанбауы сол аумақта тұратын халықтың мәдениет деңгейінің көрсеткіші. Мемлекеттен қаншама қаржы бөлініп, түрлі демалыс орындары мен сауықтыру орталықтары салынғаны бір бөлек. Ал, оның айналасының таза тұруына әрқайсысымыздың бір кісідей атсалысуымыз ең маңызды нәрсе.
Кенттегі орталық алаңда күллі түркі халқының қамын жеген, көреген көсем атанған М.Шоқай бабамыздың ескерткіші бой көтергені баршамызға аян. Осы бір ғана ескерткіштің өзі ауданның абыройын барша қонақтарға Шиеліден қандай тұлғалар шыққанын айтқызбай ұқтырып тұрғандай. Алайда, Алаш арысының атына берілген алаңның қадірін біліп, ұлылығын өз деңгейінде ұлықтай алып жүрміз бе?
Бұлай деуімізге себеп те жоқ емес. Кей жастарымыздың надандық танытып, осындай ұлы тұлғаға арналған мүсін маңын ластап жүргені қынжылтады. Әсіресе, шаңырақ көтеріп жаңа өмірге қадам басқан қуаныш иелерінің ескерткіш жанына келіп тағзым етудің орнына спирттік сусындар ішіп, бос құтыларды сындырып кететінін қайтерсің. Одан қалса, айналасына қоқыс тастап, табиғат ананы ластайтыны тағы бар. Көпшілік келіп демалатын орынға осыншама орынсыз нәрсе жасау қаншалықты дұрыс еді? Азаттықты аңсаған бабамызға деген мұндай «құрметімізбен», кейінгі жас ұрпаққа не үлгі көрсетпекшіміз?
Жуырда ғана өткен жиындардың бірінде аудан басшысы кенттің орталығындағы бірнеше көшеге демалыс орындары салынатынын айтты. Бұйырса, гүлденген кент көшелеріне куә болатын сәт те алыс емес. Ал, аталмыш орындар пайдалануға берілген соң, әрбіріміз мәдениеттілігіміз бен көргендігімізді көрсетіп күл-қоқыстан таза ұстауға атсалыспасақ, аз ғана уақыт ішінде қыруар қаржы мен еңбектің зая кетері сөзсіз.
Сондықтан, аудан тұрғындарын жасалып жатқан әдепсіз әрекетке бей-жай қарамауға шақырамыз. Өмір сүріп жатқан ортамызды аялайық. Біз, Шиелі жастары жақсы істердің жаршысы болып, Мағжан сенген аманатқа қиянат жасамайды деп сенеміз!
Нұрсұлтан Сапарбаев,
«Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің кеңесшісі.