Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тазалық – иманның жартысы

Тазалық – иманның жартысы


Ескі жылға салауат айтып шығарып салып, жаңа жылды құшақ жая қарсы алдық. Мерекені өз деңгейінде атап өтіп, демалыстарды да жақсы өткіздік. Енді алдағы жылы атқарылар жұмыстарымызды саралап, міндеттерімізді бағамдайтын сәт жетті. Бұл жолғы тақырыпта не қозғалады деп отырған шығарсыздар, құрметті көзі қарақты оқырман. Иә, біз осынау тақырып арқылы атқарылар істердің берекесін келтіру жөнінде толғамақпыз. Қандай істе және қай жерде береке бар? Әрине, таза жерде. Таза орында. Тазалықта. Солай. Сөзіміздің айна-қатесіз екендігіне өздіріңіз де келісерсіздер.
«Тазалық – табалдырықтан басталады» деген ұғымды әкеміз бен анамыз қаршадайымыздан-ақ санамызға сіңірді. Бұл біздің отбасымыз үшін ғана емес, Отан алдындағы азаматтық міндеттің ажырамас бөлігі екенін бәріміз жақсы білеміз. Күнделікті есіктің алдынан бастап, қора-қопсыны тазалау, қоқыстарды тиісті орынға шығару, реттеу жұмыстары әдетімізге айналған. Әжелеріміз «Лас жер – жын-шайтанның мекені. Отырған, жүрген жерлеріңді таза ұстаңдар. Айналаңа қоқыс тастама» деп отыратын. Жарықтықтар адам қажеттіліктерін терең философиямен жеткізіп кеткен.
Хош. Сонымен, әңгімені алыстан орағытпай, төтесіне оралсақ. Өткен басқосулардың бірінде аудан әкімі Ә.Оразбекұлы «Биылғы жыл ауданды көркейтіп-көгалдандыру жылы болмақ» деген болатын. Яки, абаттандырып, көркін арттыруға биылғы жылы басымдық берілетін болады. Аудан – ортақ үйіміз болғандықтан, оның көшелерінің таза болуы бұл әрбір тұрғынның жан-дүниесінің айнасы іспетті. Өз тұрғын үйіңіздің маңын, ауласын, көшесін жинап, шашылған қоқыстарды контейнерлерге тастау арқылы қоршаған ортаның тазалығына ат салысу баршамыздың айнымас міндетіміз десек қателеспесіміз анық.
Жалпы, тазалық мәселесі аудан тұрғындарының барлығына қатысты. Әр азаматты тазалыққа тәрбиелеу отбасынан басталуы тиіс. «Арнайы топ бөлінген, өздері тазалайды» деген кереғар пікірден аулақ болып, қолынан келетін шаруаны тындыра салғаннан ештеңеміз кемімейді. Әрқайсысымыз өзіміз тұратын үй-жайдың айналасын таза ұстап, артық-ауыс қалдықтарды шашпай, ұқыпты болсақ, туған ауылымыздың таза әрі көрікті мекенге айналуына титтей де болса үлес қосар едік.
Алқалы жиындардың бірінде Елбасы қала, аудан елді мекендерінің тазалығына кең көлемде назар аударып, «тазалық қоқыстан арылған жерде, қоқыс тасталмаған жерде болады, бұл барлық қазақстандықтардың күнделікті тіршілік қағидасына айналуы керек» деп қатаң ескертті емес пе?
Кент орталығының санитарлық тазалығы әрқашан ауданға қарасты елді мекендерге үлгі болуы керек. Аудан әкімдігі тарапынан кентті көркейту-көгалдандыруға, күтіп-баптауға және санитарлық тазалықты жүргізуге жыл сайын қомақты қаржы қаралып, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Кент әкімдігінің қызметкерлері де тазалық маусымдарында жаппай сенбіліктер ұйымдастырып, кентті көркейту жолында іркіліссіз істерді атқаруда. Ауданымыздың, ауылымыздың таза болуы, ең алдымен, тұрғындардың өзіне байланысты. Тазалық – имандылықтың жартысы десек, осынау ортақ үйімізді түрлі өсімдіктермен, хош иісті гүлдермен көмкеріп, ағаш отырғызып, бау-бақша өсіріп, жасыл желекке айналдырайық. Міне, аудан басшысының да көздеген мақсаты, алға қойған міндеті осы. Алайда, кент көшелерінде әр жерде қоқыс салынған қап, пакет, үйіліп жатқан қораптар көзге түседі. Оларды иттер мен қоқыс аралаған сиырлар ашып-шашып кететіні тағы бар. Ал, жаздың күндері иістеніп, шыбын-шіркей үймелеген қоқыстардан көз аша алмайсыз. Таңертең үйінен шыға бере аулаға қоқыс тастап кетуден бастап, жастар мен бүлдіршіндер кез келген жерге тұрмыстық қалдықтарды тастаудан алдына жан салмай келеді. Жүрген жерін пісте, сағыз, темекі қалдығына, босаған шыны бөтелкелерге толтырып, көшені ластаған жекелеген азаматтар әкімшілік жауапкершілікке тартылғанымен, тәртіп бұзушылар қатары азаймай отыр. Бәрінің ойлайтыны біреу – тазалыққа тек әкімдік жауапты, тиісті жұмыстарды солар атқаруы тиіс. Әрине, бұл қате пікір. Ауылдық жерлерде жаққан отымыздың күлін де көшеге шығарып, төге саламыз. Оған балалар ойнап, ит-құс шашып жатқанын да көрдік. Осындайда үлкендердің «күлді, шашпа, баспа» деп тыйып отыратыны еске түседі. Ол да бекер емес-тін. Көшең гүлденіп, ауылың түрленіп жатса өзгелердің сүйсіне де, сүйіне қарайтыны белгілі емес пе? Кент әкімдігі тарапынан атқарылып жатқан көрнекті істер көңілді қуантқанымен, тұрғындардың осындай тірліктері көңіл көншітпейді. Осы талап-тілектен кейін оң көзқарас танытып, нәтиже шығарса игі. Бұл жолы нақты орындарды атамауды жөн санадық. Алайда, алдағы уақыттарда тазалығы сақталмаған аулалар, көшелер мен орындардың атын-атап, түсін түстейтін боламыз.
Бір-екі айда қыстың да көбесі сөгіліп, көктем келеді. Көк шыға бастағанда айнала қоқыстан тазаланып тұрса қандай тамаша.
Сондықтан, ауданымыздың аумағын таза да әдемі етейік. Кәсіпкерлер мен кәсіпорындар жетекшілерін, ұйымдар мен мекемелер басшыларын өз ғимараттарының маңайында санитарлық шаралар жүргізуді күнделікті назарда ұстап, көктемде мәдени өсімдіктер отырғызсақ құба-құп. Көшеміздің әр бұрышын, аулаларды, сквер мен аллеяларды таза ұстауға, жақсы істерге ұмтылайық. Ауданның көрікті болуын қалайтын әркім бұл іске үлес қосуы тиіс. Айналаның тазалық күтімі бәрімізге байланысты. Тек жұмыла көтерсек қана жүк жеңіл болмақ.


Дина
ЖҮСІПОВА.
13 қаңтар 2019 ж. 2 960 0