Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайды
Шиелі кенті – ауданның айнасы десек артық айтқандық емес. Жыл сайын көркіне көрік қосып, ажары артып, гүлдене түскені көңілге қуаныш ұялатады. Алайда ара-тұра жанымыз жабырқау тартатын жайттар да жоқ емес. Аудан және кент әкімі аппараттарының атсалысуымен аудан орталығына үнемі санитарлық-тазалық жұмыстары жүргізіледі. Әсіресе, мұндай жұмыстар көктем және күз мезгілдерінде жарияланатын тазалық айлығы тұсында қыза түсетіні белгілі.
Әне-міне дегенше көктем де санаулы күндерден кейін аяқталады. Соған қарамастан көше бойынан кенттің көркін қашыратын қап-қап қоқыстарды әлі де көптеп кездестіреміз. Негізінен кент орталығының санитарлық тазалығы әрқашан ауданға қарасты елді мекендерге үлгі болуы керек. Бұл орайда аудан әкімдігі тарапынан кентті көркейту-көгалдандыруға, күтіп-баптауға және санитарлық тазалықты жүргізуге жыл сайын қажетті қаржы қаралып, тиісті жұмыстар атқарылуда. Кент әкімдігінің қызметкерлері де тазалық маусымдарында жаппай сенбіліктер ұйымдастырып, көркейту жолында іркіліссіз жұмыс жасап келеді. Мұның бәрі ең алдымен, тұрғындар үшін. Себебі қоршаған орта таза болса, тұрғындардың да денсаулық деңгейі жақсара түспек. Өкініштісі, мұны ұқпайтындардың қарасы қалың. Мәселен тұрғындар түн ортасы ауа бірнеше қапқа күл-қоқыс, құрылыс қалдықтарын салып, көшенің бірнеше жеріне шығарып қоюды әдетке айналдырған. Бұны кенттің көркін қашырды деп дабыл қаққанымызбен, айналып келгенде зиянын сол тұрғындардың өзі көреді.
Қоқыс тек тұрғын үйлердің маңынан ғана табылмайды. Кенттің көркін қашыруға жеке кәсіпкерлердің де үлесі жоқ емес. Тиісті мекемелермен келісім шартқа отырмаған кейбір кәсіпкерлік нысандардың маңы қоқыс полигонына айналған. «Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайды» демекші, бұған дейін тазалық тақырыбы қаншама мақалаға арқау болды. Өзіне тиесілі аумақтың басылым бетінде сәні қашып тұрғанына ұялып, әп-сәтте ретке келтіріп, нәтиже шығарғандар жетерлік. Байқасаңыздар оны газет бетіне жариялап та жүрміз. Керісінше, қынжылудың орнына редакцияға келіп, доқ көрсететін кісілер де кездесіп жатады. Әйтсе де кент іші қалпына келмейінше, тазалық тақырыбы тоқтамақ емес.
Назарларыңызға тағы да кенттің қақ ортасындағы бірнеше қоқыс үйінділерін ұсынып отырмыз. Мәселен, мына суреттерден орталық алаңға баратын жол, яғни, салық басқармасының маңы, «Досбол Датқа» көшесі бойындағы жаңадан соғылып жатқан ғимараттың алдындағы, орталық базардың артқы бетіндегі қоқыс үйіндісін көресіздер. Бұл маңдарда тұрғын үйден бөлек дүңгіршектер мен асханалар, бірнеше мекеме орналасқан. Әрине, мұндай күл-қоқысты, жуындылар мен тұрмыстық техникаларды сол маңның тұрғындары тастамаса, аспаннан түспейтіні де ақиқат. Халық көп жүретін осы бір аумақтардың бұлай шашылып жатқанына бірнеше күн болды. Байқап, тазалап жатқан ешкімді көрмедік. Кенттің қақ ортасының жағдайы осылай боп тұрғанда шет жақ туралы айтудың өзі ұят. Үш айға жуық жүргізілген тазалық жұмыстарының әттеген-ай тұстары әлі де көп. Себебі, тұрғындардың көбісі бұған немқұрайлылық танытады. Кент тазалығы тұрмақ, өзі тұратын үйінің айналасындағы қоқысқа да атүсті қарайды. Сондықтан болар, аудан орталығынан қаншама қоқыс шығарылса да, мәселе оң шешімін табар түрі жоқ.
Гүлхан ЯХИЯ.