Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бірлік бар жерде...

Бірлік бар жерде...


Жылдағы дәстүр бойынша биыл да көктем айы туысымен облыс көлемінде «Тазалық айлығы» жарияланып, елді мекендердің аумақтарын санитарлық тазарту, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары біздің ауданда да басталып кетті.

Тазалық айлығының аясында 30 наурыз күні Жаңатұрмыс ауылында «Ағаш отырғызу» акциясы ұйымдастырылды. Сенбілікке мекеме қызметкерлері мен ауыл тұрғандары бір кісідей атсалысып, белсенді жұмыс жасады. Ауыл маңы қоқыстан тазартылып, көшет отырғызылды.
Ауылға кіре берістен аумағы 1 гектар жер – «Жастар саябағына» арналған болатын. Акция аясында ауыл ардагерлері Жетпісбай Молдажанов, Ысқақ Махашов, Қыдырбай Дінісіләмов, Құралбай Шығанбаев бастаған топ саябаққа 1000 түп терек пен қара ағаш көшеттерін отырғызды.
Сенбіліктен соң ауылдағы «Шұғыла» балабақшасының меңгерушісі Анар Ерімованың ұйымдастыруымен ауыл халқына наурыз көже беріліп, құран бағышталды.
Тазалық,абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарына үлес қосу әрбір аудан тұрғындарының міндеті. Өйткені, көгал – көшенің көркі, санитарлық тазалық – денсаулықтың кепілі. Сонымен қатар, ауданның, ауылдың тазалығы – көз қуаныш, мерейіміз. Сол үшін баршамыз ізгілікті шарадан қалыс қалмай, ұйымшылдық танытқанымыз абзал.

Г.СӘБИТҚЫЗЫ.
07 сәуір 2019 ж. 1 502 0