Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бабалар еккен ағашты балалар саялайды

Бабалар еккен ағашты балалар саялайды



Тіршілік атаулыға жан бітіп, көк шыға бастады. Көктемнің кереметі де осы шығар. Құрт-құмырсқа, жан-жануар мен адамдар да қызу іске кіріседі. Аула тазалап, жер қопсытып, даланы егінге даярлайды. Қыс бойы ақ тоңын оранған қара жердің бетінен
бастап, ағаш діңгегін әктеп, қора жақтауларын сырлап, жас көшеттерді отырғызу науқаны Шиелі ауданында да бастау алды.
Жылдағы дәстүрден жаңылмай өткен аптаның сенбісінде «бүкілқазақстандық ағаш отырғызу күні» акциясы өтті. Аталмыш шараға барша аудан тұрғындары атсалыс­ты. Мемлекеттік қызметкерлер, әлеуметтік сала, денсаулық сақтау саласы мен жастар бірлесе отырып, ауданды абаттандыру, көркейту мақсатында игі істер жасады. «Туған жерге туыңды тік» деген дана халық, көшет отырғызуды да сауапты іске балайды.Негізі, ағаш ауаны сүзгіден өткізеді. Яғни, түрлі газдарды өз бойына тартып, орнына оттегі бөліп шығарады. Бұдан бөлек, табиғаттағы тепе-теңдікті сақтайды, көшедегі шудың азаюына да ықпал етеді. Айта берсе, ағаштың пайдасы көп. Міне, осыны ұғынған халқымыз «Жүз жылдығын ойлаған халық ағаш егеді...», «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деп бекер айтпаса керек-ті. Еліміз бойынша ұйымдастырылған акция Шиелі ауданының кіре берісінен басталып, барлық ауылдық округтерде жалғасын тапты.
Аудан әкімінің өкімімен көктемгі көркейту көгалдандыру және санитарлық тазалық жұмыстары 10 наурыздан бастау алған болатын. Содан бері аудан көлемінде күл-қоқыстан тазарту жұмыстары жүргізіліп, көшелердің шырайы кіре бастады. Ендігі жерде көктемде отырғызылған көшеттер мен жеміс ағаштарының тамыры тереңге жайы­лып, жасыл желекке айналуын қадағалау қалып тұр.
– Шиелі ауданы аты айтып тұрғандай қызыл шиесімен көріктене түсері сөзсіз. Сондықтан, тек көшет отырғызып қана қоймай, жеміс ағаштарына соның ішінде шие ағашына басымдық берсек, өлкенің келбеті шырайлана түспек» – деді, аудан әкімі Ә.Оразбекұлы. Акция аясында әрбір ауылдық округ 500 түп көшеттен отырғызды. Жалпы, аудан көлемінде өткен сенбілік барысында 30000-ға жуық көшет отырғызылды.

Түйін: Жер бетіндегі тау, тастар, теңіздер, яғни, барша табиғат атаулы мен барлық нәрселер – Ұлы Алланың жаратқандары. Әсіресе, осы табиғат ананы қорғап қалу мәселесінде ағаштарға көңіл бөлудің, тал, шыбық отырғызудың мәні өте зор. Себебі, тал егудің адамзат баласына тигізер пайдасы, жалпы қоршаған ортаға жақсы әсері бар екені баршаға белгілі. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) көптеген хадистерінде бұл мәселені қалыс қалдырмаған. Мәселен, «Бір адам бір ағаш отырғызса, дәптеріне отырғызған ағашының жемісіндей сауап жазылады», – делінген.
Олай болса, туған жерді көркейтіп, көгалдандыру әрбір жанның парызы.

Гүлнәр ӘБДІХАНИҚЫЗЫ.
24 сәуір 2018 ж. 2 845 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930