Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » КӨШЕТ ЕГУДІҢ МӘНІСІ НЕДЕ?

КӨШЕТ ЕГУДІҢ МӘНІСІ НЕДЕ?



Міне, тағы бір көктемнің таңын атырдық. Күн жылып, табиғат қайта түлегендей кейіпке енді. жерден тоң кетіп, айнала көгере бас­тады. Қыстан аман шыққан ағайын
ауласын тазалап, бау-бақшасын қалпына келтіріп, көшет егуге кірісіп те кетті. Сонымен қатар, ауданда жылдағы дәстүр бойынша көркейту-көгалдандыру тазалық айлығы жарияланып, сенбіліктер жүргізілуде.

Әңгімемізді бастамас бұрын «Асыл арна» телеарнасының әлеуметтік желідегі парақшасынан оқыған мына бір қысқа оқиғаны ұсынуды жөн санап отырмыз.
Ертеде бір патша ең жақсы әрі көркем сөз айтқан адамға 400 динар берем деп жарлық шығарыпты. Келесі күні нөкерлерімен сапарға шығады. Жолда жас зәйтүн ағашының шыбығын көшеттеп жатқан тоқсандағы қарияны жолықтырады. Патша оған: «Мына көшетіңіз жеміс бергенше жоқ дегенде жиырма жыл керек. Төріңізден көріңіз жақын қалғанда жемісін көрмейтін іске неге арамтер болып жатырсыз?» – дейді. Сонда қария: «Бұрынғылар еккен ағаштың жемісін біз теріп жеген болатынбыз, енді біз еккен ағаштан кейінгілер жемей ме?!» – дейді. Патша: «Неткен әдемі сөз!» – дейді де қарияға 400 динар береді. Ақшаны алған қарт күлімсірейді. Сонда патша: «Неге күлдіңіз?» – деп сұрайды. Қария: «Зәйтүн ағашы жиырма жылдан кейін жеміс берсе, менің ағашым қолма-қол жеміс берді!» – дейді. Патша бұл сөзге одан әрі таңғалып, тағы да 400 динар береді. Қария тағы да күлімсірей түседі. Патша себебін сұрағанда: «Зәйтүн ағашы жылына бір-ақ рет жеміс берсе, менікі екі рет жеміс беріп тұр емес пе?» – дейді. Бұл жауапқа қайран қалған патша тағы да 400 динар береді. Сосын, атын тебініп, қарияның қасынан жылдам қозғалып кетеді. «Неге асықтыңыз?» – деп таңырқаған уәзіріне: «Мына қарияның қасында тұра берсек, сөздері таусылғанша қазынамызды тауы­сып бітетін түрі бар» – деген екен.
Ағаш табиғаттың бір мүшесі. Бабын жасасаң жайқа­лып, қарамасаң қараусыз қалған науқастай тез жүдеп, көркінен айырылып қалады. Сол себепті, сенбілік жұмыстарында әрбір көшетті отырғызғанда әуелі өзіміздің мүддемізді емес, өскелең ұрпақтың қамын бірінші кезекке қойғанымыз жөн секілді. «Менің балам ертең осы ағашты саялайды, бұл жерден көлеңкеде салқындап өткен жандардың барлығы маған алғыс айтады» деген ой санамыздың шетінде тұрғаны абзал.
Ауданымызға белгілі гидротехник Әлияр Сейітов: «Ықыласпен егілген көшет қана мәуелі бәйтерекке айналады», – дейді. Табаны тиген жерге гүл мен көшет отырғызып жүретін ол, көшет отырғызу үшін бірінші кезекте жердің топырағына мән беру керек. Топырақтың құнарына қарай соған лайықты жеміс, болмаса саялы ағаш отырғызған абзал дейді.
Осы ретте айтпағымыз, мәселен кенттің кіре берісінде ағаш егуге арналған алаңқайлар бар. Сым темірмен қоршалған жерге әр көктемде көк шыбықты отырғызамыз. Бірақ, нәтиже «Нөл». Неге бұлай? Ендеше, оның себебі, топырақ пен қоршауда емес, бәлкім күтімінің жоқтығында болып отыр. Мүмкін, жасылдандыруды жаны сүйетін, әр көшетке өз меншігіндей қарайтын адам тауып, жеке-жеке бөліп беруіміз керек шығар.
Иә, халық даналығында «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» деген сөз бар. Сол үшін кент әкімдігі ретін
тау­ып, көгалдандыруды жаны сүйетін кәсіби мамандармен көбірек жұмыс жасап, ағашты ақша үшін емес, алғыс үшін егетін еріктілермен жиі кеңескені жөн болар.

Ерұлан ДАТКЕНОВ.
21 наурыз 2018 ж. 2 804 0