Бірлігі бекем Тұран – үлгілі ел екен
«Тұран» атауы барша түркі жұртына ортақ, қастерлі ұғым. Еуропалықтар «Ұлы Тартария» атап кеткен бұл мемлекеттің қандай қуатты болғаны бәрімізге мәлім. Тарихтағы Тұрандай қауатты болмаса да, бірлік пен тірлікті ұштастырып, үлгілі мекенге айналмақ ауданымыздағы аттас ауыл.
Тұран немесе Төңкеріс атымен таныс бұл ауылда бүгінде 2700-ден астам тұрғын бар. Ауыл әкімі болып Болат Баймағанбет есімді азамат жұмыс жасауда. «Іскер азамат жұмысқа кіріскеннен бастап ауыл көркейіп, тірлігіне жан бітті» дейді ауыл ақсақалдары. Ақсақалдардың сөзінің жаны бар расында. Тұранда бәрі жаңа. Жаңадан соғылған ауылдық емхана, әкімдік ғимараты мен спорт кешені осы сөздерге дәлел. Ауыл әкімінің айтуынша, биыл 4-ші деңгейлі бюджет бойынша ауылға 4 млн 20 мың теңге қаржы берілген. Бірақ бұл қаржының ыңғайына қарап отырған ауыл жоқ. Бірігіп тал егіп, аяқ судың жайында өздері шешуде. Қазіргі таңда бюджеттен бөлінген ақшаның, 1 млн 400 мың теңгесін ауылдың ішкі арықтарын тазалау жұмыстарына жұмсалып, тұрғындар да қолдан келген көмектерін жасауда. Сондай ақ, ауыл іргесіндегі «Геджуба Шиелі Цемент» зауытының көмегі көл көсір. Мәселен, ауыл ардагерлерінің ұсынысымен зауыт басшылығына өтініш айтылып, ауылға арнайылап 3 км арық қазылған. «Қаржылай есептесек бұл жұмыстарға кететін шығын 10 млн теңгеден асып жығылады екен» деп отыр ауыл әкімі. «Найман арық» деп аталған бұл арықты қазудағы басты себеп, ыза судың көбеюі болатын. Енді бұл мәселе де жәймендеп шешімін тауып келеді. Зауыттың көмегі мұнымен тоқталып қалмайды. Олар жаңа жылда, наурыз мерекесінде тұрмысы төмен отбасыларға көмек көрсетіп келеді. Ал қыс айларында 12 тонна көмірді 6 үйге көмек ретінде таратып берген. Одан бөлек ауыл тұрғындары мен ақсақалдар атынан ауылдағы қорымның тарылуына байланысты кеңейту жұмыстары жасалынбақ. Сонымен бірге, әкімдік «№6 Кен Басқармасына» аяқ су каналдарын тазалау бойынша ұсыныс жолдап, тиісті техникалар көмекке берілетін болған. Ауылдан шыққан жомарт азаматтарда жетерлік. Жақын арада Жаңақорған тұрғыны Таңат Ағмановтың көмегімен ауылдағы 2 қорымға баратын жолдарға тас төселмек. Кәсіпкер тас түсіріп көмек көрсетсе, ауыл тұрғындары өз күшімен тасты төсеп алмақ ниетте.
Ауылда мемлекеттік бағдарламалар да жоғарғы деңгейде ұйымдастырылуда. Биыл «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы бойынша 5 көшеге асфальт төселініп, 3 көшеге жарық шамдар орнатылады. Егер осы жұмыстар аяқталған жағдайда ауылдың 80 проценті толықтай асфальтталаттанған болып есептелмек. Сонымен бірге ауылда биыл көркейту, көгалдандыру жұмыстарына үлкен көңіл бөлініп отыр. Мәселен, ауылдың 20 жылдық түлектері 300 дана туя, 200 дана саялы ағаштар әкеліп, мектеп, мешіт аумақтарына отырғызған. Газдың да жайы жақын арада шешілмек. Себебі, 31 наурыз күні тендер жеңімпазы анықталып, биыл ауылға газ да тартылмақ.
Жұма күні ауылдың тіршілігін байқап қайтқанымызда айтылған сөздердің салмағы барын аңғардық. Ауылға кіре беріс аумақтағы ағаштар ақталып, ауыл тұрғындары өз күштерімен аялдама да тұрғызып жатыр екен. Мұның барлығы ауыл ақсақалдары мен әкімінің бірлесіп, жұмыла атқарған жұмыстарының нәтижесі деп түсіндік. Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бодыбай Құлақметовпен тілдескенімізде оның да пікірі оң болды. Ағамыз өз сөзінде «Әкім жаңадан келді, мен бар білгенімді үйретіп жатырмын. Осы жердің жергілікті тұрғыны болғаннан кейін ауылдың ішкі жұмыстарына білгенімше көмек беремін. Ұйымдастыру, ауыл азаматтарын игілікті іске жұмылдыру жағынан өте керемет жұмыстар атқаруда» деді. Бірлігі мен тірлігі үйлескен ауылдың тіршілігін көріп, көңіліміз бір марқайып қалды осылай.
Рамазан ӘНӘПИЯ