Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » АУЫЛДЫ АЛҒА СҮЙРЕГЕН БЕС ЖЫЛ

АУЫЛДЫ АЛҒА СҮЙРЕГЕН БЕС ЖЫЛ

Шиелі ауданының іргесінде орналасқан, Жаңатұрмыс ауылдық округіне қарасты Байсын ауылы – бүгінде жай ғана елді мекен емес, өркендеудің, жүйелі жұмыстың және мақсатты жоспарлаудың үлгісіне айналып отыр. Бұл ауылдың бүгінгі тынысы мен болашағына көз жүгіртсек, соңғы бес жылда елді мекеннің даму қарқыны ерекше серпін алғанын көреміз.
2020-2025 жылдар аралығы Байсын үшін тек күнделікті тіршіліктің емес, түбегейлі жаңарудың кезеңі болды. Әлеуметтік, инфрақұрылымдық, экономикалық және мәдени тұрғыда ауыл бейнесі жаңаша сипат алып, тұрғындардың өмір сүру сапасы айтарлықтай артты. Бүгінде 1 119 халқы бар, 199 үйді құрайтын ауылда саяси-әлеуметтік тұрақтылық орныққан. Бұл – кешегі күннің емес, бүгінгі ел игілігіне бағытталған еңбектің жемісі.

КӨМЕККЕ МҰҚТАЖ БІР-АҚ ОТБАСЫ ҚАЛДЫ
2020 жылы 28 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алса, бүгінде бұл көрсеткіш бір отбасымен ғана шектеліп отыр. Мұның артында – жергілікті билік пен мамандардың жұмыссыздықты азайту бағытындағы жүйелі жұмысы тұр. Жұмыссыздық деңгейі 2020 жылы 4,5% болса, қазіргі таңда 2,2 пайызға дейін төмендеп отыр. Бұл – ауылдағы еңбекке жарамды тұрғындардың көпшілігі жұмыспен қамтылып отырғанының нақты дәлелі.

99 СУБЪЕКТ – ДАМУ КӨРСЕТКІШІ
Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту – ауыл экономикасының негізгі тірегі. 2020 жылмен салыстырғанда ауылдағы тіркелген кәсіпкерлік субъекті саны 42 пайызға артып, бүгінде 99-ға жеткен. Бұл кәсіпкерлікке деген ынта мен қолдаудың бар екенін көрсетеді. Ауыл тұрғындарының бизнесті дамытуға бет бұруы жергілікті экономикаға тың серпін беріп отыр.

ЖОЛ ДА, ЖАРЫҚ ТА БАР
Байсын ауылының даму қарқыны оның инфрақұрылымынан анық байқалады. 2020 жылы небәрі 7 көше болса, бүгінде олардың саны 14-ке жетіп, 13 көше ресми атау алды. Жол мәселесі ауыл халқы үшін басты түйткілдердің бірі болған. Қазіргі таңда жалпы ұзындығы 10,8 шақырым болатын жолдың 6,2 шақырымына асфальт төселіп, қалған бөліктеріне қиыршық тас жабылған. Жаяу жүргіншілерге арналған тротуар да салынып, халықтың қауіпсіз жүріп-тұруына жағдай жасалған.
Сонымен қатар соңғы жылдары 5 көшеге диодты жарық шамдар орнатылып, ауылдың түнгі келбеті де жарқырай түсті. Ауылдағы басты түйткілдердің бірі — жарықтың жиі сөніп қалуы мен қуаттың төмендігі болатын. Енді осы мәселе де артта қалды. Аудан әкімінің қолдауымен қуатты екі жаңа трансформатор орнатылып, электр қуатының сапасы артты. Бұл – ауыл тұрғындарының ұзақ жылдардан бергі арманы болатын.

«КӨГІЛДІР ОТЫН» МЕН ИНТЕРНЕТ АУЫЛҒА ЖЕТКЕН
«Жұмыспен қамту – жол картасы» бағдарламасы арқылы 204 млн теңге бөлініп, ауыл толық газдандырылды. Қазіргі таңда 195 үйдің 99,9 пайызы «көгілдір отынға» қосылған. Бұған қоса, Beeline базалық станциясы орнатылып, ауыл тұрғындарына 4G интернет қолжетімді болды. Бұл – шалғай ауыл үшін үлкен жетістік.

ЖАҢА МЕКТЕП, ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР
2023 жылы Байсын ауылында 250 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді. Бір ауысыммен жұмыс істейтін бұл білім ошағы – болашақ ұрпақтың жарқын келешегіне жол ашатын маңызды нысан. Мектеп жанынан салынған жаңа ойын және жаттығу алаңдары – балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне үлкен мүмкіндік.

ҚУАНСА, БАЛА ҚУАНСЫН
2020 жылдан бері Байсында үш бірдей балалар ойын алаңы мен жаттығу алаңдары салынды. Әсіресе 2023 жылы жаңа мектеп жанынан бой көтерген балалар ойын алаңы мен жаттықтыру алаңы ауыл балаларының сүйікті мекеніне айналды. Бұл нысандар – демеушілік арқылы жүзеге асқан жарқын жобалардың бірі.

ЖАҢА ТЫНЫС
2020 жылы 62 гектар жер телімі тұрғын үй құрылысына бөлінсе, 2023 жылы аудандық бюджеттен 12 млн теңге қаражат бөлініп, қосымша 200 үйлік жер теліміне инфрақұрылым жүргізілетін болды. Бұл жерлер Шиелі кентінде тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға беріледі. Ауылға жаңадан 11 көше қосылады.

ТАРИХИ ЖЫЛ ТАБАЛДЫРЫҚТА ТҰР
2025 жыл – Байсын ауылы үшін ерекше мәнге ие. Ауылдың негізін қалаушы Байсын Көлдейұлының 190 жылдығы мен Жаңатұрмыс ауылдық округінің 20 жылдық мерейтойы аясында ауқымды мәдени іс-шаралар жоспарлануда. Бұл күндер – ауыл тарихын түгендеп, ұрпаққа үлгі болатын рухани жаңғыру кезеңі болмақ.

КӨШБАСШЫЛАР ЕҢБЕГІ – КӨРЕГЕНДІК ПЕН ТАБАНДЫЛЫҚТЫҢ КӨРІНІСІ
Әрине, бұл жетістіктер тек бір адамның емес, тұтас ұжымның, ауыл әкімдігінің, тұрғындардың, сондай-ақ жоғары билік өкілдерінің қолдауымен іске асты. Дегенмен, ауылдың бұрынғы әкімі Балдәурен Шәкіртаевтың бастамашыл еңбегін де елеусіз қалдыруға болмас. Мемлекеттік қызметтің майталманы ретінде ол ауыл мәселесін жоғары мінберлерге жеткізуден тайынбады. Оның бастамалары жаңа әкім Еркін Айтөреұлының қолымен жалғасын табарына сенім мол. Байсында туған, қаржы саласында шыңдалған жаңа әкім – ауылды түлетуге келген нағыз маман. Енді ол туған жерінің дамуына жаңа леп, жаңа көзқарас әкелмек.
Байсын ауылы – ел ішінде «болашағы бар ауыл» деген атаққа әбден лайық. Бұл жерде тек инфрақұрылым емес, адамдардың сана-сезімі, болашаққа деген сенімі жаңарған. Байсын – бұл тарих пен жаңғырудың тоғысқан тұсы. Алдағы жоспарлар да ауқымды: жаңа көшелер, жаңа әлеуметтік нысандар, мәдени іс-шаралар… Мұның бәрі – ел ертеңі үшін атқарылып жатқан нақты істер.
Байсынның бүгінгі келбеті – елге қызмет етудің, ұлтқа адал болудың, туған жерге жанашырлықпен қараудың нақты үлгісі.

Сұлушаш БАХТИЯРҚЫЗЫ
18 маусым 2025 ж. 25 0

Қоғам

ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ — ИГІ ІС
18 маусым 2025 ж. 35

PDF нұсқалар мұрағаты

№44 (9311)

17 маусым 2025 ж.

№43 (9310)

14 маусым 2025 ж.

№42 (9309)

10 маусым 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30