«АУЫЛ АМАНАТЫ» БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ БЕРЕРІ КӨП
Ауылды ажарландырудың амалын қарастырған осы жылдар аралығында мемлекет қол қусырып отырған жоқ. Амал нешік, біраз бағдарлама жасады. Қараша халық оның бәрін біле бермеуі де мүмкін. Ауылдың көсегесін көгертуді көксеген көптеген мемлекеттік бағдарламалар әзірленді. «Түк жоқ» деп, ауызды құр шөппен сүртуге мүлде келмейді. Тек оның тиімділігін толық сезінген әрі көрген ауыл аздау. Бар кілтипан да осында. Мәселен, бүгінде Шиелі ауданына қарасты 22 ауылдық елді мекен бар. Бұлар болашағы бұлыңғыр емес, керісінше, келешегі жарқын ауыл-аймақтар. Яғни, түндігінен түтіні түзу шыққан ауыл ретінде әлі көрер жарығы һәм көркейер үміті бар алда.
Осындай жақсылықтан үмітті елді мекендер үшін «Ауыл аманаты» жобасы қолға алынғаны мәлім. Ал бұл жоба әлеуметтің табысын арттыруға, аграрлық бизнесті түлетуге, ауыл халқының тұрмысы мен сапасын жақсартуға бағытталған. Осы жоба аясында және бағдарламаны іске асыру мақсатында Шиелі ауданында құны 3 млрд теңгені құрайтын 652 жоба әзірленді. Қазіргі таңда жобаның құжаттары дайын. Жалпы, барлық елді мекендерден 1,3 млрд теңге көлеміндегі 318 жоба ұсынылған. Атап айтар болсақ, Шиелі кентінде 35 жобаның құжаттамасы дайындалып, оның барлығы – 175 млн теңгені құрап отыр. Ал Ақмая ауылдық округінде 7 жоба 28 млн теңге, Алмалы ауылында 24 жоба 96 млн теңгеге ұсынылған. Дәл осы тізімде Ақтоғанда 10 жоба 16 млн теңге, Бәйгеқұм ауылында 17 жоба 68 млн теңге, Бәйтерек ауылдық округіндеде 54 жоба 216 млн теңге, Еңбекші елді мекенінде 10 жоба 40 млн теңге, Жөлекте де 2 жоба 8 млн теңге, Иіркөл ауылдық округінде 13 жоба 52 млн теңге, сондай-ақ Керделіде 40 жоба 160 млн теңгеге жоба даярлаған. Қарғалы ауылы 3 жоба 12 млн теңге, Сұлутөбе елді мекені 7 жоба 28 млн теңге, Тартоғай ауылы 10 жоба 40 млн теңге, Талаптан ауылы 16 жоба 64 млн теңге, Телікөл ауылында 10 жоба 40 млн теңгелік жоба да бар. Бұдан бөлек Тұран тұрғындарына 16 жоба 64 млн теңге, Ортақшыл ауылына 9 жоба 36 млн теңге, Қоғалы ауылдық округіне 3 жоба 12 млн теңге, Майлытоғай ауылына 3 жоба 12 млн теңге, Бестамда 8 жоба 32 млн теңге, Жаңатұрмыс елді мекенінде 7 жоба 28 млн теңге, Жуантөбе ауылына 11 жоба 44 млн теңге, Жиделіарықта 9 жоба 36 млн теңгеге бағдарлама әзірленген.
Иә, ауылдың дамуы – Қазақстанның гүлденуі. Қазақтың әрбір ауылындағы әлеуметтік жағдайдың жақсаруы – алға жылжуға сеп. Сондықтан, бұл бағдарламаның өзі жарқын болашаққа жетелейтіні сөзсіз