Ауылды қорғау да, қолдау да қажет
Ауылды ажарландырудың амалын қарастырған осы жылдар аралығында мемлекет қол қусырып отырған жоқ. Біраз бағдарлама жасады. Қараша халық оның бәрін біле бермеуі де мүмкін. Ауылдың көсегесін көгертуді көксеген көптеген мемлекеттік бағдарламалар әзірленді. «Түк жоқ» деп, ауызды құр шөппен сүртуге мүлде келмейді. Тек оның тиімділігін толық сезінген әрі көрген ауыл аздау. Бар кілтипан да осында. Мәселен, бүгінде Шиелі ауданына қарасты 7 тірек, 22 ауылдық округ бар. Бұлар болашағы бұлыңғыр емес, керісінше, келешегі жарқын ауыл-аймақтар. Яғни, түндігінен түтіні түзу шыққан ауыл ретінде көрер жарығы һәм көркейер үміті бар алда.
Осындай жақсылықтан үмітті елді мекендер үшін «Ауыл аманаты» жобасы қолға алынды. Аталған жобаға өтінім қабылдау маусым айына дейін жалғасады. Биыл бұл жобаны іске асыру үшін облысқа 3 млрд теңге қарастырылыпты. Шарттары айқын. Ең бастысы – кәсібімді ашсам деген жігер немесе бар бизнесімді дамытсам деген құлшыныс болса болғаны. Сонымен қатар шағын несиені алу үшін өтінім беруші жеке кәсіпкер болып тіркелуі керек. Мұнымен қоса кепілмен қамтамасыз етудің, салық органдарында тіркеудің болуы, басқа несиелер бойынша мерзімі өткен жарнаның, мемлекеттік кірістер органдарында берешектің болмауы талап етіледі. Бұдан бөлек, несие алушы зейнеткерлік жастан аспауы шарт. Жоба әкімшісі ретінде облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы белгіленсе, сенімді өкіл ретінде «Байқоңыр» ӘКК«ҰҚ» бекітіліп отыр. Ал жоба «Өңірлік инвестиция орталығы» МҚҰ арқылы жүзеге асатын болады.
«Ауыл аманаты» жобасы әлеуметтің табысын арттыруға, аграрлық бизнесті түлетуге, ауыл халқының тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған. Осы жоба аясында ауыл тұрғындары 2,5 процентпен несие ала алады. Сондай-ақ техниканы лизингке рәсімдеуге болады. Қарыз алу шарттары да өте тиімді. Себебі ондағы пайыздық мөлшерлеме әлдеқайда төмен. Несие мерзімі – 5 жыл, ал мал шаруашылығы және ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру саласындағы жобалар бойынша 7 жылға дейін. Номиналды сыйақы мөлшерлемесі – 2,5 пайыз. Мұндай несиенің халыққа пайдалы болары анық. Мәселен, бүгінде бірде-бір коммерциялық банкте ауыл тұрғындарында мұндай шарттармен несие алу мүмкіндігі жоқ. Әлемдегі инфляцияны ескеретін болсақ, 2,5 пайыздық несие бұл – өте тиімді. Сондықтан да ауылда қандай да бір өндіріс ашып, оны дамыту үшін бұл – үлкен мүмкіндік.
Айта кетейік, «Ауыл аманаты» арқылы сүт, ет өндірісі, құс және балық шаруашылығы секілді жобалар, өсімдік шаруашылығын, мал шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы кооперативтерін жабдықтау және басқа бағыттағы бизнес жобаларды қаржыландыру көзделіп отыр.
Несие алушыда ауыл шаруашылығын жүргізу үшін жер телімі, қора және басқа да қажетті жағдайлардың болуы, ауылшаруашылық өндірістік кооперативіне мүшелікке кіру және жоба аясындағы өндірген өнімін өндірістік кооперативке өткізу басты талап. Тағы бір қоса кететін жайт, «Ауыл аманаты» аясында несие алған азаматтарға негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша 1,5-2 жыл жеңілдік кезеңі де қарастырылған.
Таяуда «Арман» мәдениет үйінде аудан әкімінің орынбасары Ерсұлтан Апетовтің төрағалығымен жиын өтті. Оған аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Алмат Алдабергенов, мәслихат депутаттары, салалық бөлім қызметкерлері мен тұрғындар қатысты. Кездесу барысында тұрғындар тарапынан несие алу үшін қажетті кепілдік түрі, несие алуға мүмкіндік беретін кәсіптің түрлері мен жолдары туралы сауалдарын қойды. Жобаға аудан тұрғындарының да қызығушылығы зор болды. Олар ауылда өз кәсібін бастауға немесе осыған дейін болған шағын кәсіптерін дамыта алатынына дән риза. Мысалы, солардың бірі – Керделі ауылдық округінде тұратын көпбалалы ана Гүлназия Жүсіпова.
– Шағын жылыжай шаруашылығым бар. Онда қияр, қызанақ және тағы басқа да көкөністер өсіреміз. Енді осыны одан әрі дамытуды қолға алмақпын. Жылқы өсіруге де ниеттімін. Арнайы бизнес-жоспар құрдым. Алайда қайда барып, кімнен не сұрау керектігін білмейсің. «Ауыл аманаты» жобасы арқылы кәсібімді әрі қарай дамыта аламын деп ойлаймын», – деп жобаға үлкен үміт артатынын жеткізді Г.Жүсіпова.
Республикалық бюджеттен бағдарламаға биыл бөлінген қаржы 52,4 млрд теңге. Оған ел бойынша 11 мың микрокредит беру көзделіп отыр. Соның ішінде өңірге 3 млрд теңге қаржы бөлінді. Бағдарлама облыс орталығынан басқа елді мекендердің барлығын қамтитынын ескерсек, бұл аса қомақты қаржы емес. Сондықтан облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес қаржыландыру көлемін ұлғайтуға өтінім берілуде. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысы Талғат Дүйсебаев айтты.
Басқарма басшысының сөзінше, микрокредит қаржысының мақсатты жұмсалуы қадағаланады. Сенім білдірілген өкіл ай сайын ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы органға микрокредиттердің нысаналы пайдаланылуы туралы есеп береді.
– Микрокредиттердің нысаналы пайдаланылуына үнемі мониторинг жасалады. Қарыз қаражаты мақсатты жұмсалмаған жағдайда айыппұлдар, қаржыны мерзімінен бұрын қайтару секілді шаралар қарастырылған, – деді Талғат Дүйсебаев.
Не десек те, қоңыр тіршілік кешкен ауыл-аймақтар мемлекеттен берілетін күлшеден қағылмайды. Мұндай ауылдар Жаратқанның да, биліктің де назарынан тыс қалмақ емес.