Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Н.Нәлібаев: «Ауыл әкімі әрбір отбасының жағдайымен жіті таныс болуы керек»

Н.Нәлібаев: «Ауыл әкімі әрбір отбасының жағдайымен жіті таныс болуы керек»



Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Жалағаш ауданына жұмыс сапары аясында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде кеңейтілген мәжіліс өткізді. Жиында барлық саланың дамуындағы мәселелер мен міндеттер талқыланды.

«Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» Жарлыққа қол қойды. Ауылдық аумақтарды дамыту және тиімділігін арттыру, сондай-ақ ауылдық жерлерде өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында қабылданған бұл шешімді жүзеге асыруымыз керек. Биылғы 19 сәуірде Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде ел Президенті барлық деңгейдегі әкімдердің жұмысына жыл сайын бағалау жүйесін енгізу керектігін айтып, оның ішінде ауыл әкімдерінің қызметіне ерекше тоқталды. Күн сайын тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдап, олардың мәселелерін шешу, әр отбасының жағдайымен жіті таныс болу – ауылдық округ әкімдерінің тікелей міндеті. Себебі, халық Сіздерді сол аумақтың әкімі етіп сайлады, сондықтан ауылды өркендету ісіне баса назар аудару керек», – деді аймақ басшысы.

Нұрлыбек Машбекұлы аудан әкіміне әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсартуға бағытталған бірқатар тапсырма берді. Олардың ең негізгілері халықтың кәсіппен айналысуына жағдай жасаумен, әлеуметтік жағдайын жақсартумен, ауылдағы өмір сапасын арттырумен байланысты. Мұнда ауылдың әл-ауқатын арттыруды көздейтін «Ауыл – ел бесігі» және «Ауыл аманаты» жобаларына қатысуға ынта төмен. Биыл бар болғаны 1 кент пен 3 ауылдық округ жоба ұсынған, олар 584,2 млн. теңгеге қолдау тапты. Бағдарлама бастау алғалы ауданға қарасты 5 елді мекенге мүлде қаржы қаралмаған. Жұмысты дұрыс ұйымдастырмаған ауылдық округ әкімдерін сынға алған аймақ басшысы оларға алдағы уақытта нәтижеге бағытталған, ауылдың тыныс-тіршілігіне серпін беретін тірлікпен айналысуды міндеттеді. «Ауыл аманаты» жобасына да Жалағаш ауданынан Мырзабай ахун, Аққұм және Таң ауылдық округтері ғана қатысқан. Осыған орай, облыс әкімі ауыл әкімдеріне барлық мемлекеттік бағдарламаларға азаматтарды қатыстыруды, кемінде бір жобаны қаржыландыруды сүйемелдеу керектігін тапсырды.

Мемлекет ұсынған мүмкіндіктердің тиімділігін, артықшылығын тұрғындарға түсіндіру, ауылды өркендетуге арналған бағдарламаларды барынша зерделеу ауылдық округ әкімдерінің жұмысына өлшем болады. Олар өзі басқаратын елді мекенде қандай кәсіптің көзін ашуға болатынын пайымдап, тұрғындар тұрмысын жақсартуға бағытталған тиімді жобаларды ұсыну қажет.

Аймақ басшысы аудан әкімі Асқарбек Темірбекұлына халықтың тұрмыс-тіршілігіндегі түйткілді мәселелерге дер кезінде ден қоюды, кәсіпке ынталы азаматтарды қолдауды, жазғы демалыс кезінде балалар қауіпсіздігін бақылауды тапсырды. Былтыр ауданға қарасты кент және ауылдық округтерде 72 қылмыс тіркеліп, оның 17-сі, немесе 24%-ы, биылғы қаңтар-сәуір айларында 37 қылмыс тіркеліп, оның 10-ы, яғни 27%-ы ашылмаған. Қылмыстарды ашу бойынша төмен көрсеткіш көрсеткен аудандық полиция бөлімінің басшылығына ескерту жасалып, тиісті әрекеттерді қолға алу міндеті жүктелді.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
18 мамыр 2023 ж. 264 0