Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ОБЛЫС ӘКІМІ ҚЫЗМЕТІН ЖАЛҒАСТЫРАДЫ

ОБЛЫС ӘКІМІ ҚЫЗМЕТІН ЖАЛҒАСТЫРАДЫ

Сәуір айында Қызылорда облысының әкімі болып келген Нұрлыбек Нәлібаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен өңір басшысы ретінде қызметін қайта жалғастырады.
Иә, кезектен тыс Президент сайлауынан соң елде ауыс-түйіс жүріп жатыр. Осыған орай ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин Сыр өңіріне арнайы келіп, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сессия­сына қатысты. Ерлан Қарин алдымен депутаттарға Қызылорда облысының әкімі лауазымына ұсынылған екі кандидатураны қарауға енгізу туралы Президент хатын оқып берді.
– Конституцияға бірқатар өзгертулер енгізілді. Енгізілген түзетулердің ішінде өңір әкімдерін тағайындау тәртібін өзгерту мәселесі де бар. Енді облыс әкімінің лауазымына баламалы түрде кемінде 2 кандидат ұсынылады. Бүгін Қызылорда облысындағы барлық деңгейдегі мәслихаттардың заңдылықтарында жаңа талап бойынша облыс әкімін тағайындауға келісімін берді, – деді ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Е.Қарин.
Қызылорда облысының әкімі қызметіне Н.Нәлібаев пен Н.Сақтағанов үміткер болды. Үміткерлерге дауыс беру ашық түрде жүргізілді. Яғни жиынға қатысқан 135 депутат өз таңдауын жасады. Нәтижесінде депутаттардың 81,5 проценті Нұрлыбек Машбекұлына дауыс берген.
Сессиядан кейін облыс активінің отырысы өтті. Жиында Мемлекеттік кеңесші Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен қайта тағайындалған Нұрлыбек Нәлібаевты таныстырып, қызметіне сәттілік тіледі. Ал облыс әкімі ел сенімін ақтау жолында бар күшін салатынын жеткізді. Сенім білдірген Мемлекет басшысына алғыс айтып, қолдау көрсеткен мәслихат депутаттарына ризашылығын білдірді. Туған жерде жұмыс істеу абырой және жоғары жауапкершілікті талап ететінін тілге тиек етті.
– Сыр өңірі жұртшылығы мемлекет басшысының бастамаларына қолдау білдіріп, мызғымас бірлік пен татулықтың үлгісін көрсетіп келеді. Әрі қарай да осы дәстүрлі жолымызды жалғап, ел дамуы жолында аянбай қызмет ететін боламыз, – облыс әкімі Н.Нәлібаев.
Нұрлыбек Машбекұлының есімі дүйім жұртқа, әсіресе Сыр халқына жақсы таныс. Туған топырағында өсіп-өніп, аудан және қала басқарды. Сәуірде ғана аймақ басшысы болып тағайындалып, аз уақыт ішінде өңірдегі бірқатар түйткілдің түйінін тарқата білді.

Сұлушаш МАДИЯРОВА
03 желтоқсан 2022 ж. 296 0