ШИЕЛІ – ШЫНАЙЫ ӨСІМ ЖОЛЫНДА

КЕҢІСТІК ПЕН КЕЛЕШЕК
Шиелінің жері – 3 239 755 гектар. Бұл – бір ғана аудан емес, бүтін бір болашақтың аумағы. Осынша кеңістікті иеленіп отырған өңірде 33 елді мекен орналасқан. Әрбір ауыл – тіршіліктің тамыры, үміттің ұясы. Бүгінде осы ауылдар мен аудан орталығында 86 036 адам тұрады. Аудан орталығында 36 497 адам өмір сүріп жатыр. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 370 адамға көп. Яғни, кентке көшіп келу немесе табиғи өсім барысы байқалады. Бұл – урбанизация үрдісінің Шиеліде де қарқын алғанын білдіреді. Ал ауылдық жерлерде 49 539 тұрғын бар. Ауыл мен қала арасындағы көші-қон динамикасы қалыпты жағдайда. Жалпы алғанда халық санының тұрақты болуы – ауданның өмір сүруге қолайлы екенін, әлеуметтік жағдайдың қалыпты көрсететін маңызды демографиялық көрсеткіш.
ЭКОНОМИКА – ЕҢБЕКТІҢ ЖЕМІСІ
Аудан экономикасына зер салғанда, ең әуелі халықтың еңбекке деген қатынасы назар аудартады. Экономикалық белсенді халық саны – 36 501. Соның ішінде жұмыспен қамтылған азаматтардың саны – 34 668. Мұның ішінде 17 668 адам – жалдамалы қызметкерлер. Ал 17 000 адам өзін-өзі жұмыспен қамтыған. Бұл – нағыз еңбек адамының бейнесі. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың бұл көлемі – ауылдағы шаруашылық, қолөнер, шағын кәсіпкерлік секілді бағыттардың дамуымен байланысты. Мемлекет тарапынан беріліп жатқан бағдарламалардың тиімділігі мен халықтың іскерлік белсенділігін арттырудағы рөлі осылайша көрініс беруде. Жұмыссыздық деңгейі – 5,0 пайыз. Бірақ бұл – тек статистика емес, әрбір санның артында адамның тағдыры, арманы тұр. Сондықтан бұл бағытта жүйелі жоспар мен нақты қолдау шаралары керек екені анық. Еңбек нарығын әртараптандыру, жаңа жұмыс орындарын құру, жастарды кәсіпке бейімдеу – болашақ табыстың алғышарттары.
ДАМУ БАҒЫТЫ ДҰРЫС ЖОЛДА
Шиелі – тек экономикамен емес, әлеуметпен де алға жылжып келе жатқан аудан. Денсаулық сақтау саласы, білім беру жүйесі, мәдениет пен спорт инфрақұрылымы жылдан-жылға жаңарып келеді. Бұл – өңірдің тіршілік сапасын арттыратын, тұрғындарға үміт пен сенім сыйлайтын негізгі фактор. Халық санының тұрақтылығы, ауылдардағы белсенділік, кәсіпкерліктің дамуымен қатар, адамның өмір сапасына әсер ететін жағдайлар ескеріліп отыр. Бұл – аудан басшылығы мен қоғам өкілдерінің ортақ еңбегінің нәтижесі. Шиелі – табиғат пен адамзаттың үндестігін сақтай білген мекен. Оның бүгіні – еңбекпен өрілген, болашағы – үмітпен көмкерілген. Ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері бір ғана статистикалық мәлімет емес, бұл – сенімді қадам, жүйелі жоспар және нақты жетістіктің көрінісі. Алдағы уақытта да бұл үрдісті үдете түсу – барша шиеліліктің ортақ міндеті. Тұрақтылықты ұстап тұру – қиын, ал оны дамуға айналдыру – шын шеберлікті талап ететін шаруа. Осы бағытта Шиелі өз үлгісін көрсетіп отыр.
Сұлушаш МАДИЯРОВА