СҮЛЕЙЛЕРДІҢ СҮЙРІГІ НАРТАЙ АҚЫН

Жамбыл Жыр алыбы Жамбылдан осындай баға, бата алған Нартай Бекежанов замандастары – таланттары мейлінше ашылып, халқынан лайықты қошемет көрген, әрқайсысы бірегей Доскей, Иса, Кенен, Нұрлыбек, Нұрпейіс, Нұрхан, Орынбай, Үмбетәлі, Шашубай сияқты ұлы халық ақындары шоғырында жарқырай жанған дара жұлдыз. «Сыр елі – жыр елі» деген кезде алдымен ойға келетін, Сыр елін шын мәнінде жыр елі ретінде таныстыра алған, осындай ұғымды сіңдірген, шашасына шаң жұқтырмаған өрен жүйрік өнерпаздардың бірі де бірегейі Нартай еді. Сыр елінің ХХ ғасыр адамы атанған он жұлдыз шоғырында Жамбыл айтқан жанған шамдай жарқырап ерекше тұруы да сондықтан заңды. Мыңжылдық әрі ғасыр айрығы 2000 жылы жер-жерде өз дәуірінде өшпес із қалдырған заманның заңғар азаматтарын айқындады емес пе. Қызылорда облысында ХХ ғасыр адамдары аталған 10 әйгілі тұлғаның бесеуі Шиелі перзенттері екендігін шиеліліктер зор ілтипатпен ауыз толтыра айтады. Сол ел мақтанышы кімдер еді десек, олар тек Шиелі не Сыр бойының ғана емес, күллі қазақ халқының мерейіне айналған, мойындалған тұлғалар – Мұстафа Шоқай, Ыбырай Жақаев, Нартай Бекежанов, Әбділда Тәжібаев, Шаһмардан Есенов. Бүгінгі әңгіме туғанына биыл 135 жыл толып отырған Нартай туралы. Өнер халықтікі, өнерпаздың сан алуаны да ел ішінде десек те, Сыр жұртшылығы өз ақынжазушыларын сүйсіне «сүлей», «шайыр» деп айрықша әспеттеп айтады. Халық өлеңді өнердің пірі санап, ақындықты басқа қонған бақтай көреді, өнерлісін ардақтай біледі. Бұл өңірдің ақынжыраулық дәстүрі өзге аймақтардан ерекшеленіп тұрар еді. Бір ғана Қызылорда облысында жыршы, жыраулық, термешіліктің үш түрлі мектебі бар. Арал – Қазалы төңірегінде Нұртуған, Жинебай жырау мақамы, Қармақшы – Жалағаш – Тереңөзек маңында Балқы Базар ақын-жыршылар дәстүрі, одан бергі Шиеліден Шымкентке дейінгі аралықта Нартай мектебінің орындаушылық үлгісі қалыптасқан. Күллі Қазақстанға ақын-жыршы Нартай Бекежанов есімі әйгілі болғанымен, Нартай өзінің алдындағы аға буын Бұдабай Қабылұлы және туған ағасы Мәнсүр ақындарды алдына үлгі, ұстаз тұтқан. Он жеті жасынан жыр төгіп, ән салған бұлбұл үнді Нартайдың, Нартай мектебі шәкірттерінің айту мәнері күллі қазақ арасында өзгеше, оны ешкіммен де шатастыра алмайсыз. Нартай 1890 жылы Сыр елінде – осы күнгі Қызылорда облысының Шиелі ауданында Қаратаудың бітер тұсына жақын Бестам жерінде дүниеге келген. Әкесінің аты – Алыпқаш, бірақ Нартай мектепке барғанда Бекежан атасының атына жазылған. Ағасы Мәнсүр де. Ағалы-інілі Мәнсүр мен Нартай екеуінің шешелері бір де әкелері ағайынды. Мәнсүрдің әкесі Қонақбай қайтыс болғанда оның туған тете інісі Алыпқаш әмеңгерлік жолмен Бақтыгүл жеңгесін алған екен. Содан Нартай және оның басқа да інілері мен қарындасы дүниеге келген. Бұдабай ақын жоқтау арнайтын әйгілі Әйеке болыс, Қонақбай және Алыпқаш Бекежанның сегіз ұлының үшеуі. Бұлардың шыққан тегі Сыр бойында Шиелі жерін қашаннан мекен еткен Шұбыртпалы Арғын елі, әйгілі Ағыбай батырмен туыстас. Туыс болмаса Әйеке болыс қаза болғанда жасағын сайлап Арқадан Шиелідегі Қыпшақ еліне келе ме. Алдынан Қыпшақ Бұдабай ақын шығып жоқтау айтқанда «Қыпшақ қайта тірілтті» деп райынан қайтқан үлкен оқиға өткен, ел арасы бүлінбеген. Бұдабай ақынның жоқтауы талай жинаққа енген шығарма. Бұл өзінше бөлек әңгіме арқауы. Бекежанның екі немересі Мәнсүр мен Нартай әйгілі ақын болды. Ақын ағасы туралы Нартай былай дейді: Өз ағам ақын Мәнсүр өлеңге тең, Ол үшін өлеңнен жоқ өнер бөтен. Үш жүздің небір айдын шалқарында Мамырлап қаздай қалқып жүрген екен. Домбыра Мәнсүр ағам ұстаған жоқ, Көңілі жыр айтпақты құштаған жоқ. Сонда да ақын болып аты шыққан, Бейкәсіп адамдарға ұқсаған жоқ. Мәнсүр ақын 1875 жылы Шиелі жерінде дүниеге келген. Ескіше сауаты болған. Қиссаларды, Сыр сүйлейлерінің өлең-жырларын айтып жүрген. Нартайдың Мәнсүр ағасы туралы өлеңіне қарағанда ол ақындық жолға біржолата түсіп кетпеген сияқты. Өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы ашаршылық кезінде Сыр бойының шамасы келген талай адамы өзбек, тәжік еліне ауып барып, жан сауғалағаны белгілі. Мәнсүр де сол жаққа кетіп, 1933 жылы Өзбекстанның Наманган қаласында қайтыс болған. Мәнсүр ақынның мұрасы көп жиналмаған. Тек Әуелбек Қоңыртабаевтың, Әбділда Тәжібаевтың, Мұхаметжан Рүстемовтің, Оразбек Сәрсенбаевтың, т.б. кітаптарында оның өнерпаздығы туралы біршама баяндалып өтеді. Қазақстан мәдениет қайраткері, шиелілік өнерпаз, бүгінде марқұм Әшімхан Оспанов Мәнсүрдің жарияланбаған мұрасын жинастырып, «Ұлылардан ұлағат» деген атпен өлеңдер жинағын шығарды, Мәнсүр ақын шығармашылығымен таныстырып, игілікті іс атқарды. Мәнсүр ақынның артында қалған мұрасының ең бір елеулісі «Иманжүсіпке хат» деген тарихи жолдау өлеңі. Бұл өлеңді 1912 жылы Досбол бидің баласы Әуез Жетісуда айдауда жүрген әйгілі ақын, әнші, балуан, сері Иманжүсіп Құтпанұлына (Баймырзаұлына) арнап жаздырған. Әдебиеттің алтын қазынасына қосылған «Иманжүсіпке хат» деп аталатын бұл ұзақ өлең елдің, ердің тарихы, қазақтың бауырмалдық жыры, Сыр елі – Шиелі қыпшақтарының шежіресі. Бұл да өз алдына бөлек әңгіме етуге тұратын тақырып. Нартай өмірін, оның ортасын сөз еткенде осындай әңгімелер тарау-тарау болып кете береді. Тек қысқаша айтып өтетін бір жәйт – еркіндігі, өткір өлеңдері билеушілерге жақпай, Арқада қуғын көріп, қайта-қайта қамауға алынып, Өскеменге, Жетісуға айдалған Иманжүсіп Сыр бойындағы ағайындарынан осы өлең-хатты алған соң, айдаудан босанып шыққан кейін Арқада Ерейменде Есіл бойында көп аялдамай, аттың басын Шиеліге бұрады. 1914 жылдың көктемінде Иманжүсіптің ата-баба жеріне келуі үлкен оқиға болады. Сыр елі мұны «Батырдың ағайынмен көрісуі» деп атады. Иманжүсіпті Шиелінің тұсында дария бетінде Қобыланды құмының етегіндегі Ақдала деген жерге қоныстандырады. Бұл ара қазір Бидайкөл ауылының жерінде. Көнекөз қариялар тігілген ақбоз үйлердің көптігінен «Аққала» деп те аталып еді дейді. Иманжүсіптің Шиеліден Перовскіге (Қызылорда) дейін барған бұл танысуы төрт айға созылып, өзінше жиын-тойға айналды. Оның қасында Мәнсүр, Нартай, Ұлытаудан келген Тайжан ақындар бірге еріп жүріп, ел іші ән-жырға кенелді. Жұрт аңызға айналған алып батырды көріп, тұлғасына сүйсінді. Енді әңгімемізді қайтадан Нартайға бұрсақ, ол өнер жолына жас күнінен біржолата түседі. Нартай жасында түс көріпті. Саятшылықта тұзақ құрып қаршығасы сары ала құсты ұстап алады. Ақ құба өңді бір кісі қасына келіп, бұл даланың еркесі – тора ала қаз, киелі құс, босатып жібер дейді. Бала қазды ұшырып жібереді, бірақ торы ала қаз қалықтап Нартайдың үстінен кетпей қояды. Анасы Бақтыгүл Нартайға түсің керемет екен, саған ақындық, әншілік даритын болар, торы ала қаз киең шығар деп, жақсылыққа жориды. Осы ретте науқастанып жатқанда көңілін сұрай келген Әсет ақынға көңлімнен көк ала үйрек қош деп ұшты, сол шіркін кәрі жолдас өлең білем деп сырын айтатын Кемпірбай ақынның, босағамда тұратын қызыл жолбарысым қайырылмай Алатауға кіріп кетті дейтін Жамбыл ақынның киесі еске түседі. Нартайға өнерпаздық Бақтыгүл анасынан дарыса керек, ол ауыл-аймақ ағайын тойының әрін келтірген әпежептәуір әнші кісі болыпты. Нартай жасында Сыр сүлейлері Әубәкір Кердері, Балқы Базар, Бұдабай, Кете Жүсіп, Қаңлы Жүсіп, Мұрат Мөңкеұлы, ағасы Мәнсүр өлеңжырларын жаттап өскен. Көрші Ұлытаудан Сыр бойына қыдырып келген Тайжан ақыннан бата алған. Жастайынан өнерпаздық дабысы аймаққа тарап, әйгілі әнші, ақын, айтыскер, сері атанады. Нартай шығармашылығының ең бір шарықтаған кезі өткен ғасырдың отызыншы – қырқыншы жылдары деп айтуға болады. Бұл кезеңде республикалық деңгейде ұйымдастырылған өнер сайыс шаралары Нартайдың қатысуынсыз өтпеген. Әбділда Тәжібаевтың анасы халық ақыны атанған Айманкүл Тәжібай келіні топтан озған дүлділ Нартайдың өнерін жоғары бағалап: Нареке, жұртым сүйген нарым едің, Жасыңнан жыр суына қанып едің. Атанып ақындардың ағасындай, Тайқымай талай топты жарып едің. …Төккендей үннен інжу, тілден маржан, Керегін келелі елдің тауып едің,– деп сүйсінетіні осы тұс. Жамбылдың берген бағасын осы мақаланың басында эпиграф ретінде келтірдік. Шабыты шалқып, өнері толысқан Нартай 1939 жылы Мәскеуде Бүкілодақтық көрмеде өткен этнографиялық концертке қатысып, құйқылжыта ән салады. Бұл оның байтақ қазақ даласы мен Сыр елі қашаннан етене аралас, күні кешеге дейін тұтас бір өлке Түркістанның бір аймағы Өзбекстан жеріне әйгілі болған одақтық деңгейге шығуы еді. Нартайдың осы этнографиялық концертте көрсеткен өнері туралы Кеңес Одағының бас газеті – ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс, сөзі жерге түспейтін «Правда» газеті 1939 жылғы 28 тамызда былай баға беріпті. «Бекежановтың орындау шеберлігі, әсерлі жақсы үні Мәскеу көрермендерінің шын мағынасында айызын қандырды. Мұның ән салу мәнері аз уақыт қана көз тартатын сыртқы шеберлік емес. Бекежановтың ән салу мәнері – өте сирек кездесетін іші алтын, сырты күміс шын өнер. Бекежановтың дауысы жағымды, құлаққа жылы тиеді. Жиналған халық оның әнін ерекше ықыласпен ұйып тыңдады. Әншінің әсерлі сазы, сүйкімді үні өлең мағынасын айтпай-ақ түсінікті етіп шығарды. Мұндай жағдай тек асқан суретшілерге ғана тән шеберлік. Өлең мағынасын түсінбеген жұрт әншінің не айтқысы келгенінің бәрін де әннен ұқса, бұдан асқан өнерпаздық бола ма?!». Сол 1939 жылы қарашада Алматыда халық ақындарының слеті өтеді. Оған Жамбылдан бастап елдің түкпір-түкпірінен белгілі ақынжыршылардың бәрі келеді. Ақындар айтысында Нартай мен Нұрлыбектің сайысы ерекше тартымды шығып, слеттің шырайын кіргізеді. Осы жолы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Төралқасы қазақ халқының ауызша халық шығармашылығын өркендету ісіне озат еңбек сіңіргені үшін Доскей Әлімбаевқа, Нұрпейіс Байғанинге, Нұрлыбек Баймұратовқа және Нартай Бекежановқа Қазақ КСР-інің өнеріне еңбегі сіңген қайраткер атағын береді. 1945 жылы ұлы Жамбыл қайтыс болғанда көңіл айтуға келген қырғыз ақындарына өлеңмен толымды толғау жауапты Нартай қайтарды. Ағайын елдің ақындары алдында есе жібермеген дүлдүл ақынға ұлы Мұхтар тәнті болған екен. Сол жылы ұлы Абайдың 100 жылдық тойында республикалық ақындар айтысында бас бәйге – қара төбел тұлпарды жеңіп алған тағы да Нартай еді. 1949 жылы Мәскеуде өткен Қазақ әдебиеті мен өнерінің екінші онкүндігін салтанатты жыр шашумен ашу Ілияс Омаровтың ұсынысымен Нартайға бұйырды. Онкүндікке бірге барған дүлділ ақындар замандастары Кенен мен Шашубай да Нартайды қолайлайды. Алғаш 1936 жылы Мәскеуде өткен осындай онкүндікті Жамбыл ашқанын еске алсақ, бұны Нартай ақын талантын бағалаудың шыңы деп қабылдауға тұрады. Соған орай күллі қазақ өнерін талғампаз Мәскеу жұртшылығы алдында құйқылжыған үнімен таңғалдыра, тамсандыра таныстыра алған Нарекеңнің сырнайды құлаштай тартып, жыр төгіп тұрған сол бір мерейлі тарихи сәтінің суреті барлық дерлік анықтамалық басылымға жарияланып келеді. Мен міне, заманымның жүйрігімін, Бабымда осы күні күйлі жүрмін. Ашта азық, тоқта туған секілденген, Ішінде сүлейлердің сүйрігімін,– дейтін өлеңі осындай көңілі шат сәтте өзі туралы көтеріңкі айта беру ақындарға жарасқан дәстүрде өзіне берген теңеуі болса керек. Соғыс жылдарында Нартай құрған өнер бригадасы ауыл-ауылды тіпті кей ретте жаяу аралап, ел рухын көтерген концерттер беріп жүрді. Сендерге семсер болсын менің жырым деп, елдің рухын көтере білген керемет еңбегін, айрықша үнін көне көз қариялар әлі күнге жыр етіп айтар еді. 1944 жылы соғыстан елге қысқа уақытқа демалуға келген Әзілхан Нұршайықов бастаған бір топ майдангер кері қайтарда Қызылордаға соғады. Облыс басшылары Шиелі биыл күріштен мол өнім алды, бірнеше ауданның басы қосылатын той сондықтан Шиеліде өтеді деп, бұларды бірнеше күнге Шиеліге алып келеді. Қайтарда Қызылорда облысынан алпыс тонна күріш, қырық тонна балық алып, майданға аттанады. Ардагер Нартай ақын, соғыстың ауыртпалығына қарамастан қайыспай еңбек етіп, майданға жан аямай болысып жатқан еңбекші жұрт – ер халық ерекше ұмытылмастай боп көңілімізде қалды. Осы себептен бе, маған Қызылорда өзге облыстардан гөрі ыстық, – деп тебіренген еді майдангер жазушы Әзілхан өз естелігінде. Нартай ауылдарды аралаумен шектеліп қалмайды. Дауылпаз Нартай бастаған топ майдан шебінде екі жүзден астам концерт беріп, жауынгерлерді жігерлендіріп қайтады. Нартай басқарған концерттік бригада құрамында Күндебай Алдоңғаров, Мырзабай Әділов, Ауан Әділова, Қалампыр Әділова, Хадиша Баймағамбетова, Әбужүсіп Баймұратов, Тұрсынкүл Баяханова, Әлібек Бәйкенов, Айзахан Бижанова, Күлән Дауылбаева, Жалдыбай Елеукенов, Әбдірәсіл Жұбашханов, Балқашбай Жүсіпов, Сабыт Жүсіпов, Төлеген Қаражігітов, Пәтима Төлегенова, Ақмырза Тұяқбаев, Кәделі Тұяқбаев, Рахила Тұяқбаева, басқа да белгілі айтыскер ақындар, термешілер, әншілер, бишілер, күйшілер, қысқасы, ел ішінен шыққан таланттар болған. Қалың жұртшылық оларды күтіп жүреді екен. Қызылорда облыстық филармониясы кейін осы бригаданың негізінде құрылады. Кенен ақын осы орайда Әбділда Тәжібаевқа мынадай естелік айтқан. «Еліне қызмет істеймін деген шын ақын – үздіксіз шабатын, қашан жығылғанша жүгіретін тұлпарға тең. Нартай сондай еді... Егер кешегі Ұлы Отан соғысы кезінде ел аралаған, тынбай жырлаған, жылағанға жұбаныш айтқан, болдырғанға дем берген ақындардың өз аты кім? – деп менен сұрасаң, мен кідірмей Нартай дер едім, бірінші жүлдені де соған берер едім... Болдырмасым еді ғой, Арқа мен Сырды, Алатау бауырын тындырып болып, өзбек пен түрікпен, тәжік пен қарақалпақты да аралады-ау, батырым...». Осындай қажымас қайрат көрсеткен еңбегі «Құрмет белгісі» орденімен аталып өткен. Нартай дауысының ерекшелігін, құдіретін жақын аралас болған Әбділда Тәжібаев өз естеліктерінде айрықша сипаттап жазып кеткен. Термен жылыған тамақтың жарықшақтары жоғалып, әбден сауыққан шақта шырқап көтерілген дауыста шек болмайды екен. Қоңыр баритон қыза келе шырқаудағы шырылға айналғанда тыңдаған халық тілдерін тістеп тына қалады. Содан жаңағы үн төмен құлдилап түсе бергенде: – Жеткізді-ау жеріне! Жаса, дүлділім! – деген дауыстар әр жерден-ақ естіліп жатты,– деп сүйсінеді Әбекең 1976 жылы шыққан өзінің «Жылдар, ойлар» деген кітабында. Асқақ дауысты әншіні домбырадан гөрі гармон қоздырып, көтеріп жібере ме деп ойладым. Расында Нартай дауысын адамның үні деуге сеніп болмастай. Аспанға шиыршықтап атылған от арқандай көтерілген ән ырғағы әлден кейін сан түрлі ирелеңдеп шоқтар шашып, ол иректер жүрген жолына біз көрмеген жалын оюлар салып қайтатын секілді. Жете беріп үнсіз тоқтаған адамдар дем алғандарын сездірер емес, ән қанатының суылын есту үшін тұрған жерлерінде сілейіп қалыпты. Нартай көкке шарықтаған қыранын қайырып әкеп жерге қондырғандай сан құлпыртып әнін аяқтады, деп Әбекең осы күні мереке-тойларда атылатын сан түспен құлпырғанда еріксіз таңғалдыратын отшашуларды көз алдыңызға әкеледі. Бұл суретті Әбекең – Әбділда тағы былай жалғастырады. Әнді көп, ұзақ айтқаннан адамның тамағы қарлығады, жағы талады деуші еді, Нартай оны растамады. Ол айтқан сайын өршігіп, күшейе түскендей көрінді маған. Сол түні Нартайды мен қол ұсынса жетпейтін биік, екі аяқтының тұлпары, екі қолдының сұңқары деп таныдым. Ол менің көз алдыма сонау аңыздарда айтылатын Асан, Сыпыра жырауларға айналғандай болды... Ақын-сазгердің «Нартай әні», «Өздерің білер Нартаймын», «Алтын көкем», «Бейбітшілік», «Жаса, Қазақстаным!», «Жеңіс жыры» «Серпін», «Толқын», «Базарым өтіп бара ма?» сияқты сырлы да сиқырлы, жүрек тебірентерлік, құлаққа жағымды талай ән-жырлары бар. Өкінішке қарай, оның ән-жыр, айтыстарының бірде-бірі өз аузынан, өз үнімен не күйтабаққа, не үнтаспаға жазылып алынбаған. Қазақстан мұрағат қорларында жоқ, мүмкін Мәскеудегі мұрағаттарда іздеушісін күтіп жатқан болар... Оның ән-жырларын кезінде өз құлағымен естіген талантты орындаушы замандастарының Нартайға мейлінше жетеқабыл жақын айтып қалдыруымен, үйретуімен, яғни бағзы заманнан келе жатқан ауыздан ауызға, құлақтан құлаққа жеткізу дәстүрімен үзілмей, жалғасып кетті. Нартай әні өте биік боп естілгенімен, орындалу регистрі екі аралықта, дыбысталу техникасы күрделірек әрі дәстүрлі мәнерде орындалуы өте қиын, – дейді сырнайға қосылып ән шырқап, тыңдаушының құлақ құрышын қандырып жүрген танымал музыкант, дәстүрлі өнер жарыстарында жүлдегер, әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Клара Мүфтиқызы Төленбаева. Туған жері Семей өңірі Клара өзі Нартай мәнерінде ән салуды Шиелідегі Нартай мектебінің жетекшісі жыршысы болған, бүгінде марқұм Құрманбек Бекпейісовтен және Алматы консерваториясында ұстаздық еткен әйгілі жыршы Бекболат Тілеухановтан үйренген екен. Клара өнерпаз Құрманбек ағасын Алматыда бір өнер жарысында кездестіріп, тыңдап, Нартай әніне ден қойыпты. 2012 жылы мамырда Астанада «Шабыт» концерт залында «Өздерің білер Нартаймын» деген атпен әнші-жыршылардың республикалық І конкурсы өтті. Бұл өнер жарысын Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат, Білім және ғылым министрліктері, Қызылорда облысы Шиелі ауданының әкімшілігі, Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университеті, осы университеттің Қорқыт атындағы өнертану ғылыми-зерттеу институты ұйымдастырды. Конкурстың мақсаты – ХХ ғасырдағы қазақ өнері мен мәдениетінің аса көрнекті өкілі – майталман өнерпаз: әнші, жыршы, ақын, сазгер Нартай Бекежановтың мәнері өзіндік ерекше шығармашылығын республикалық деңгейде насихаттау, жас ұрпақтың ұлттық дәстүрлі өнерге ынта-ықыласына серпін беру, Нартайдың азаматтық, өнерпаздық бірегей тұлғасын таныта түсу еді. Қазақстанның халық әртісі, профессор Қайрат Байбосынов төрағалық еткен сайыста қазылар алқасы бас бәйгеге Клара Төленбаеваны лайық деп ұйғарған болатын. Осындай өнер сайыстары жүйелі түрде ұйымдастырылып жатса, ел арасынан жаңа таланттар шығары сөзсіз. Нартай ақын-әнші өнері қайталануы неғайбыл сирек ғажап құбылыс. Табан астынан суырып салатын төкпе ақындығына сырнайлатқан ән қосып, арзан ұйқас қуып кетпей сөзі де мәнді шығып, жарасты келісімге айналып отырған, оның шығармашылығының ерекшелігі де осында, сондықтан тыңдаушысын сиқырлап, баурап ала алған. Халық поэзиясының ауызша төкпе ақындық және шайырлық жазба әдебиет дәстүрлері қос өрім тұтастықты құраған. Ақын-сазгер шығармашылығын зерттеуші ғалымдар оны қазақ әдебиеттану, өнертану, фольклортану ғылымдары тұрғысынан зерттеп, өзіндік мақамы, мәнері, сазы ешкімге ұқсамайтын орындаушы – жыршы, әнші, ақын ретінде талдап, бағалайды және музыка өнерінің тарихына да қосады. Нартайдың нақ өзіндей болмағанымен, жетеқабыл деңгейде осы бір ерекше орындаушылық дәстүрді ұмыттырмай жалғастыру қазақ өнерінің шырайын келтіріп отырары сөзсіз. Нартай айтыс ақыны да. Әдебиеттанушы ғалымдар оның Айдармен, Апузамен, Ардақпен Жібекпен, Зеремен айтыстарын, басқа да сөз қағыстарын түре айтысқа жатқызса, сүре айтыстары санатында Кененмен Қазанғаппен, Нұрлыбекпен айтыстарын жатқызады. Олардың қай-қайсысы да ұтқыр да, өткір сөз өнерінің маржандары. Замана бұлбұлы һәм дүлдүлі Нартай 1954 жылы 64 жасында науқастан қайтыс болады. Зираты туған ауылында, басына үлкен кесене тұрғызылған. Ұрпақтары, туыстары ауылында, үлкен ұлы Махмұт Алматы қаласында. Махмут 2007 жылы Алматыда «Білім» баспасынан «Өздерiң бiлер Нартаймын» деген атпен ақын әкесі туралы естелiктер жинағын құрастырып шығарды. Нартайдың өнерпаздығы, қайталанбас дара үні халықтың көңілінде. Нартай Бекежанов ауылы еңбек даңқы дәстүрі бай, ән мен жердің мекені. 1990 жылы Нарекеңнің туғанына 100 толуы құрметіне ауылға оның есімі берілді, орта мектеп те Нарекеңнің атында. Бұрын ауылдың аты «Үлгілі», шаруашылықтың атауы «Коммунизм» болған еді. Үлгілі десе дегендей-ақ. Бұл кешегі кеңес заманында Шиелі ауданында қазақтан Социалистік Еңбек Ері көп шыққан ауыл – күрішші диқандар Маман Қалдыбаев, Байдүйсен Оразов, Шырынкүл Қазанбаева, шопан Нартай Көкиев ел мақтаныштары. Бұл еңбек майталмандарының ерлік істері өз алдына бөлек әңгіме. Ауылда Нартай ақын-сазгердің мұражайы жұмыс істейді. Мұражай алдында келген жанды әнімен қарасы алып, сырнайын құлаштай тартып отырған Нартай ескерткіші тұр. Бұдан басқа, Қызылорда облыстық музыкалықдрама театры Нартай атымен аталады, Күміс көмейінен талай шабытты жыр ағылған Нартай атамызға Алматы қаласынан көше берілген. Осындай құрмет Астана қаласы әкімшілігі тарапынан жасалса, нұр үстіне нұр болар еді. Нартайдың ақындық мұрасы Әбділда Тәжібаевтың алғысөз естелігімен 1982 жылы «Өсиет» деген атпен жинақ болып басылып шықты. Нартайдың беймаза өнерпаздық өмірі шиелілік қаламгерлер – көрнекті жазушы, Қазақстан мемлекеттік сыйлығының иегері Оразбек Сәрсенбаевтың «Шамшырақ» романына, жазушы-сазгер Мұхамеджан Рүстемовтің «Нартай» деректі повесіне, драматург Оразбек Бодықовтың «Ақын мен Батыр» драмасына арқау болды, қаншама алдыңғы толқын ағалардың естелігінде Нартайдың азаматтық, өнерпаздық келбеті сұлу суреттеледі, ақынның өр тұлғасы суретшілердің қыл қаламына қиял бітірді. Жергілікті ақын Айдар Достияров «Өздерің білер Нартаймын» кітабында ақын өмірін, шығармашылығын, ізбасарларын сипаттаса, елдегі сазгер Өркен Исмаил белгілі жаңақорғандық ақын Қадыр Жүсіповтің Нартайға арнаған «Нартай әні» өлеңіне ән жазды. Жыр елі Шиеліде Нартай өнерін жалғастырып республикаға танылған айтыскер ақындар, әншілер, жыршылар баршылық. Солардың ішінде сүлейлер дәстүрін үзбей бүгінгі күнге жеткізген, талай мәрте Сыр елі атынан астана, басқа облыстар сахналарында өнер көрсеткен өнерпаздардың аса көрнектілерін атай кеткен орынды болар. Әбілаш Әбуов, Мырзабай Әділов, Көбек ақын, Мұқан Бәлекейұлы, Құрманбек Бекпейісов, Молжігіт, Палжігіт Берсүгіровтер, Зәкір Жақыпов, Рахметулла Жолтаев, Кенжебай Жүсіпов, Бөрібай Есіркепұлы, Палымша Күзембаев, Таубай Қирабаев, Мүтәліп Қыраубаев, Арзулла Молжігітов, Әлмырза Ноғайбаев, Әлімхан Оспанов, Тәліп Райымбеков, Іскендір Төлімбетов, Махамбетқали Тұрсанов және басқаларының есімдері облысқа жақсы мәлім. Шиелі аудандық мәдениет үйі жанынан құрылған «Нартай сазы» ансамблі өнер көрсетеді. «Нартай мектебі» жұмыс істейді. «Нартай мектебінің» түлектері Ақмарал, Әзілхан, Елжас, Ержан, Еркін, Мейірбек, Нұртілек, Мұханбетәлі, Інжулер көп үміт күттіретін таланттар. Осылай өнер жалғасып барады. Сыр елі – Шиелі қашанда ардақты азаматтарын асқақтатудан, мерейін көтеруден кенде қалған емес. Сыр елінде кейінгі жылдары ел өміріндегі елеулі оқиғаларды, сондай-ақ осы өңірде туыпөсіп, бұл күнде республикаға, облысқа танылған беткеұстар мақтаныш азаматтарды әспеттеуге айрықша мән беріп келеді. Ел рухын көтеруде бұл да бір ұтымды іс болып отыр. Осындай айтулы шаралардың басын қосып «Алтын күз» мерекесі аясында бірнеше күндік кең ауқымды іс-шаралар түрінде өткізу дәстүрге айналған. Биылғы қазан айында Шиелі ауданында Республика күніне орайлас өткізілетін «Алтын күз» мерекесінде түркі әлемінің көсемі Мұстафа Шоқайдың және халық ақыны, сазгер Нартай Бекежановтың 135 жылдығы, көрнекті жазушы Қуандық Түменбайдың 70 жасқа толу мерейтойлары қатар тойланды. Осылай дәріптеу арқылы олардың өнегелі істерін ой елегінен өткізіп, жастардың бойына асқақ армандар, отаншылдық сезімді сіңіру, барымызбен мақтана отырып, ертеңімізге көз салу тойдың басты мақсатына айналды. Сыр елі – Шиелінің тумасы, көрнекті жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Оразбек Сәрсенбай: Мәңгі бірге Мұстафасы Шоқайдың, Ұмытылмас Ыбырайы Жақайдың, Әні тірі, жыры тірі Нартайдың, Қайсыбірін түп-түгендеп айтайын, – деп тебірене жыр арнаған еді кезінде. Қазақ аспанында қалықтаған Нартай әуені, елдің ықыласы, дәстүр осылай жалғаса береді, өрелі өнер өміршең.
Ақайдар ЫСЫМҰЛЫ,
Шиелі ауданының құрметті азаматы
АСТАНА