Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Өнерге тағзым, мәдениетке құрмет

Өнерге тағзым, мәдениетке құрмет

Өнер – ұлттың жаны, халықтың рухани айнасы. Қай кезеңде де мәдениет пен өнер саласының қызметкерлері елдің руханиятын байытып, ұлттық құндылықтарды ұрпақ санасына сіңіру жолында аянбай еңбек етіп келеді. Сахна сыртындағы тынымсыз еңбек, көрермен көңіліне жол табар ізденіс, халық ықыласына бөленген өнер – мұның барлығы мәдениет қызметкерлерінің маңдай терімен келетін үлкен жауапкершілік. Осы орайда 21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне арналған «Жауһар мәдениет» атты мерекелік кеш Шиелі ауданында ерекше деңгейде аталып өтті.
Бұдабай Қабылұлы атындағы аудандық мәдени-шығармашылық орталығында ұйымдастырылған салтанатты шара өнерге деген құрмет пен руханиятқа деген тағзымның айқын көрінісіне айналды. Кеш шымылдығы қазақ мәдениетінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан, бүгінде өмірден өткен мәдениет майталмандарын еске алумен ашылды. «Сағындым сені» әні фонында сахна төріне портреттері шығарылған өнер иелерінің есімі аталған сәтте көрермен жүрегін сағыныш пен мақтаныш сезімі қатар тербеді. Бір минут үнсіздік жарияланып, олардың өнер жолындағы адал еңбегіне тағзым жасалды.
Мерекелік кештің мазмұны ұлттық өнердің қадір-қасиетін ұлықтаумен ерекшеленді. «Өнер адамдары» атты әдеби монтаж бен ән шашу көрерменге ерекше әсер сыйлап, сахна төрінде өнердің шынайы болмысы көрініс тапты. Жүргізушілердің әсерлі сөзі кештің мәнін тереңдете түсіп, өнердің ұлт өміріндегі маңызын айшықтай түсті.
Салтанатты жиында аудан әкімі Айтбай ­Жандарбеков мәдениет саласы қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, олардың қоғамдағы орны ерекше екенін атап өтті. Өнер мен мәдениеттің ел бірлігі мен руханиятын нығайтудағы рөліне тоқталған аудан басшысы сала мамандарына шынайы алғысын жеткізді.
Мереке аясында мәдениет саласында жемісті еңбек етіп жүрген бірқатар азаматтар марапат төрінен көрінді. Облыс әкімінің Алғыс хатымен Шиелі аудандық тарихи-өлкетану музейі филиалының директоры Бауыржан Шығанбаев, қор сақтаушысы Бекболат Әбуов, мәдени-шығармашылық орталығы директорының орынбасары Айзада Әшімқызы және «Байсын» ауылдық мәдениет үйінің директоры Гүлшат Әбдімомынова марапатталды. Сонымен қатар облыс әкімінің орынбасарының Алғыс хаты мен Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының Алғыс хаттары мәдениет саласының бірқатар мамандарына табысталды. Аудан әкімінің Алғыс хатымен де мәдениет және өнер саласында табанды еңбек етіп жүрген көптеген қызметкерлер марапатталып, олардың ел руханиятын дамыту жолындағы еңбектері жоғары бағаланды.
Сондай-ақ мәдениет қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай салалық кәсіподақ пен облыстық кәсіподақтың «Еңбек даңқы» төсбелгісі Сұлутөбе ауылдық мәдениет үйінің директоры Тұрсынкүл Рахметоваға, «Ы.Жақаев» ауылдық мәдениет үйінің директоры Жансұлу Әбдиеваға, «Бәйгеқұм» ауылдық клубының басшысы Орынкүл Алмағамбетоваға және «Ә.Тәжібаев» ауылдық клубының басшысы Ғалым Махановқа табысталды. Бұдан бөлек, салалық кәсіподақ пен облыстық кәсіподақтың Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттары, сонымен бірге облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығы басшысының Алғыс хаттары да мәдениет саласының үздік қызметкерлеріне берілді. Бұл марапаттар – мәдениет саласына адал қызмет етіп жүрген жандардың еңбегіне берілген жоғары баға.
Кештің концерттік бағдарламасы да көрермен көңілінен шықты. Әсем ән мен мың бұралған би, сахна мәдениеті мен өнердің үйлесімі мерекелік кештің сәнін арттыра түсті. Өнерпаздардың орындауындағы әсерлі әндер мен сахналық қойылымдар көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, рухани кештің мазмұнын байыта түсті.
«Жауһар мәдениет» атты мерекелік кеш – мәдениет қызметкерлеріне көрсетілген құрмет қана емес, ұлттық өнердің мәңгілік екенін айқындаған тағылымды шара болды. Себебі өнер – халықпен бірге жасайтын ұлы құндылық. Ал сол құндылықты дәріптеп жүрген мәдениет майталмандарының еңбегі әрдайым құрметке лайық.

А.МАХСҰТҚЫЗЫ
25 мамыр 2026 ж. 27 0