Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Майталмандар марапат төрінде

Майталмандар марапат төрінде


Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай «Бұдабай Қабылұлы» атындағы аудандық мәдениет үйінде «Мәдениетім – мәртебем» салтанатты шарасы ұйымдастырылды. «Ғылым мен мәдениет барлық дүниенің алтын алқасы», – деген Мұхтар Әуезовтің бір ауыз пікірінің өзі әдеттегі сөзге әдеттен өзге мағына беріп, мәдениеттің маңызын меңзеп тұрған жоқ па? Мәдениет елдің ең басты рухани байлығы, асыл мұрасы екендігін елбасы да үнемі айтып, мәдени жобалар мемлекеттік бағдарламаларда қолдау тауып отырады.

«Мәдениет қызметкерінің бір күні» атты қойылыммен басталған шара көркем безендіріліп, көпшілік қауымға мерекелік көңіл-күй сыйлады. Аудандық мәслихат хатшысы Болат Сыздық пен аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Жаниязов мәдениет майталмандарын мерекелерімен құттықтап, бірқатар сала өкілдеріне төсбелгілер табыстады. Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Исабек Байкенжеев ауылдық округтер арасында өткен «Ел іші – өнер кеніші» байқауының қорытындысын жариялап, ауылдар мен кент мәдениет үйлерінің өнерпаздарына бағалы сыйлықтар табыс етті.
Қашанда тынымсыз еңбек пен ізденістің үстінде жүретін мәдениет пен өнер қызметкерлері төл мерекелеріне арналған шарада ән-күй, әдемі әзілдерімен сахна сәнін көркемдей түсті. «Мен қазақпын» телевизиялық жобасында көрермен көзайымы болған жерлесіміз Әділбек Тәшімов Дина Нүрпейісованың «Науысқы» күйін, бұдан кейін шәкірттерімен «Секіртпені» қазақтың қоңыр үнді домбырасында күмбірлетті. Жиделіарық ауылдық клуб кәсіпорны жастар арасында хит болған «Опмай-опмай» әнін орындаушыларға, Нартай ауылдық мәдениет үйі «Алдараспан» әзіл-сықақ театрының «Коля» қойылымына, «Арман» мәдениет үйі эстрада жұлдыздарына пародия жасады. Г.Тұрсынбай мен С.Көрегеновтің орындауында «Неге, неге?» әні шырқалып, Алғабас ауылдық мәдениет үйіндегі «Қытық» әзіл-сықақ отауы К.Жүсіповтың «Картоп» интермедиясын қойды.
Төсбелгі иелерінің бірі, 22 жылдан бері мәдениет саласында қызмет атқарып келе жатқан Бекболат Әбуов: «Өзіміздің өңірдің өнерпаздары сахнаның әрін ашып, адамды жалықтырмайтын түрлі жанрдағы керемет композиция жасады. Талабы таудай таланттарымыз тұрғанда ақша жұмсап, басқа жақтан әртіс шақыртудың қажеті жоқ. Мәдениет саласына көрсетіліп жатқан құрмет пен қолдау бізді тынымсыз еңбек пен ел санасының жаңғыруына аянбай еңбек етуге жетелейді», – деп өз ризашылығын білдірді.

Назерке Серәліқызы.
25 мамыр 2019 ж. 1 793 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930