Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Нар тұлғалы Нартай

Нар тұлғалы Нартай

Нартай Бекежанов 1980 жылы наурыз айында «Коммунизм» колхозына қарасты «Бестам» деген жерде дүниеге есігін ашқан. Әкесі – Алыпқаш, Бекежан – үлкен әкесі. Туыстық жағына үңілсек, Нартай атақты Ағыбай батырмен (1800-1884) аталас, рулас болып келеді. Анасы – Бақтыгүл, туған ағасы Мансұр (1875-1933) – арабша сауатты, шығыс сюжетіндегі қисса-хикаяттарды көп білген ақын. Соларға еліктеп, өзі де дастандар шығарып, айтыстарға қатысқан («Мәнсүр мен Дәменнің айтысы»). Сыр өлкесіндегі Қыпшақ Бұдабай, Балқы Базар жырау, Кете Жүсіп, Тұрмағамбет т.б шайырлардың шығармаларын жаттап, ақындық мұраларды ел арасына таратып отырған. Ағасының ақындық, ұстаздық ұлағатынан өнегелі үлгі алып, ақындық таланты ашылған Нартай ағасынан алған тәлімін өлең шумақтарымен былай жеткізген:
«Өз ағам ақын Мансұр өлеңге тең,
Ол үшін өлеңнен жоқ өнер бөтен.
Үш жүздің небір айдын шалқарында,
Мамырлап қаздай қалқып жүрген екен.
Қағаз бен қаламды ол елден алды,
Су ішті не көлдерден белден арғы.
«...Сен тарт, – деп домбыраны ұсынған соң,
Айқайлап бердім халқыма мен хабарды»
Нартай жастайынан ағасы үйреткен жырларды сырнайға қосып әуенімен әуелете бас­тайды. Нартайдың өнерге деген бейімін оның ішінде ақындық қабілетін таныған ағасы Мансұр оған арнаулы тақырыптар беріп жаттатқызып жырлатуға бейімдейді, оның алғаш қалам тартқан өлеңдеріне баға беріп, сынап, кемшіліктерін түзеп, қаламының шарықтауына үлесін қосып көмектесіп отырған. Былай айтқанда, ақындық мектебіндегі әрі өмір мектебіндегі алғашқы ұстазы өз ағасы – Мансұр болады.
Нартай жастайынан жоқшылықтың, қиыншылықтың дәмін татып, өмірден көп нәрсені түйіп өседі. Ол 1903-1913 жылдар арасында күнкөріс қамымен әр елде жалшылықта жүреді. Жалшылықта жүрсе де Нартай әншілік, ақындық өнерге машықтанудан қол үзбейді. 15 жасынан бастап-ақ ақын-әнші атанып, серілік құрып жүрген шағында, қазақ даласына аты мәлім арқалы ақын, әнші Тайжанмен кездесіп, әрі қарай ақындық қабілетінің ұстазы ретінде сол кісіден үлгі алады. Үкілі Ыбырайдың жиені, ақын әрі әнші Тайжан Қалмағамбетов (1878-1938) Сыр бойындағы көптеген жас ақын-әншілерге өнеге көрсетіп, ұстаздық етеді. Бұрын көбіне топ алдына домбыра ұстап шығатын Нартай бұдан былай Тайжанға еліктеп, енді дауысын он екі тілді татар сырнайына қосып шырқауды үйренеді. Осыдан былай кеудесі кең, үні жұмсақ сырнай Нартайдың өмірлік серігіне айналады. Нартай жасынан Сыр бойының белгілі ақын-жыраулары Балқы Базар, Кете Жүсіп, Қаңлы Жүсіп, Бұдабай, Тасберген, Омар өлеңдерін жатқа айтып, әртүрлі жиын-тойларда домбыраға қосып айтып жүреді. Ол ежелгі Шығыс ­поэзиясы үлгілерін жетік білген. Ғашықтық тақырыбындағы «Ләйлі-Мәжнүн», «Тахир-Зухра», «Сейфілмәлік», ерлік тақырыбындағы «Рүстем Дастан», «Ескендір Зұлқарнайын», «Бахрам», қиял-ғажайып тақырыбындағы «Шаһмаран», «Әбушаһма» т.б. қиссаларды түгел жатқа жырлайды екен. 1934 жылы маусымда Алматыда өткен көркемөнерпаздардың өлкелік тұңғыш слетінде Нартай ақындық дәстүрдің жаңа бір мектебінен өткендей әсер алады. Қазақ поэзиясының алыбы – ұлы Жамбыл, әнші-ақындар Жаяу Мұса, Иса Байзақов, тікелей ұстазы Тайжан Қалмағамбетов, ақын Қазанғап Байболов т.б әнші, күйші өнерпаздарды көрген Нартай ақындық өнеріне жаңаша серпін, жауапкершілік жүгін арқалағандай болады. Ол осы слет сахнасында жүйрік ақындардың алдында бірінші рет импровизаторлық талантын сынға алып «Замананың бұлбұлымын» (1934) деген толғау өлеңін шығарды. 1937 жылы Шиелі аудандық мәдениет бригадасының мүшесі болып жүргенде, облыстық концерт-эстрада бюросына шақырылады. Сөйтіп Қызылорда облысы ғана емес, республика өміріндегі үлкен жаңалық боп саналатын халық ақыны – Нартай Бекежанов бастаған облыстық ансамбль дүниеге келеді. Нартайдың ақындық, әншілік, композиторлық өнерінің шарықтау биігі Ұлы Отан соғысы тұсына дөп келеді. ­Нартай өлеңді алдын-ала жазып, жаттап алуды әдет етпеген. Өмір бойы суырыпсалмалық, импровизаторлық дағдысынан танбаған. Ол әрбір өлең-жырын әртүрлі мақаммен айтып отырады екен. Әндердің көбін атап-түстеп түсіндірмеген. Осының салдарынан әртүрлі иіріммен айтылатын әуендер ел ішіне жалпылама «Нартай әндері» деген атпен тарап кеткен. Қазіргі орындаушылар ол әндерге өзінше ат қойып айтып жүр. Солардың ішінде «Бастау», «Ақайым, жалған», «Толқын», «Нартайдың соңғы термесі», «Бейбітшілік» т.б. әндері бар. Қазақтың ақындық, әншілік тарихында «Нартай мектебі» деген ұғым бар. Қазақ поэзиясындағы аға буын ақындар Нартайдың ақындық өнері туралы жақсы пікірлер жазады. Халық поэзиясының алыбы Жамбыл Жабаев
«О, Нартай, шешен таңдай, қасқа маңдай,
Аузыңнан шыққан сөзің шекер-балдай.
Айтыссаң алдырмассың ақындарға,
Жарқырап қараңғыда жанған шамдай!»
деп Нартай жырларының эстетикалық қуатына жоғары баға берген.
Нартай басқарған концерттік бригада құрамында Әлібек Байкенов, Ақмырза Тұяқбаев, Хадиша Баймұхамедова, Күндебай Алдоңғаров, Мырзабай Әділов, Қалампыр Әділова, Сәбит Жүсіпов, т.б. белгілі айтыс­кер ақындар, термеші, әнші, биші, күйшілер, қысқасы, ел ішінен шыққан таланттар болған. Ақынның асыл мұрасын келер ұрпаққа аманаттаған Балқашбай Жүсіпов, Шәмшат Төлепова, Манап Көкенов, Тұрсынкүл ­Баяханова, Арзулла Молжігітов, Әбіләш Әбуов Нартайдың сенімді шәкірттері болса, Тәліп Райымбеков, Мырзабай Әділов, Палжігіт Берсүгіров, Құтпай Дүрбаевтар әншінің әніне ән қосқан тұрғыластары, өнердегі үзеңгілес достары бола білген. Соңғы жылдары Н.Бекежановтың творчествосы зерттеліп, өлеңдер жинағы шыға бастады. Оның «Аманат» атты жинағына өлеңдері, айтыстары мен дас­тандары енген. Шиелі ауданында «Нартай өнер мектебі» жұмыс істейді. Оған Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, белгілі әнші-термеші марқұм ағамыз Құрманбек Бекпейісов жетекшілік жасап кетті, оның орнында ініміз Мұхамбетәлі әкесінің салған сара жолымен келеді. «Нартай мектебінің» түлектері Ақмарал, Рахметтула, Әзілхан, Нұртілек, Інжу, Мұхамбетәлілер – көп үміт күттіретін таланттар. Сөз байлығы оның өте ерен бабаларының арқасында.

Н.Нақыпов,
Н.Бекежанов атындағы мемориалдық
өнер музейінің қор сақтаушысы
25 ақпан 2020 ж. 950 0