Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сырнай үні шарықтап көкке жетті

Сырнай үні шарықтап көкке жетті


Белгілі халық ақыны әрі композитор Нартай Бекежанов көзінің тірісінде-ақ халықтың сүйіспеншілігіне бөленіп, баршаға танымал болды. Халық поэзиясының алыбы Жамбыл Жабаев ол туралы кезінде былай деген еді: О, Нартай, шешен таңдай, қасқа маңдай,
Аузыңнан шыққан сөзің шекер-балдай.
Айтыссаң, алдырмассың ақындарға,
Жарқырап қараңғыда жанған шамдай.
Нартай жасынан Сыр бойының атақты ақын-жыраулары Балқы Базар, Кете Жүсіп, Қаңлы Жүсіп, Бұдабай, Тасберген, Омар өлеңдерін жатқа айтып жүреді. Ол ежелгі Шығыс поэзиясы үлгілерін жетік білген.
Нартай елде жүргенде Сыр бойына Арқадан атақты Тайжан келеді. ­Нартай бұдан былай Тайжанға еліктеп, даусын он екі тілді татар сырнайына қосып шырқауды үйренеді. 1934 жылы маусым айында Алматы қаласында халық өнерпаздарының бірінші слеті өтті. Оған Нартай да шақырылады. Үлкен концертте «Замана бұлбұлы» атты толғауын орындап береді. Екі жылдан соң Мәскеуде қазақ әдебиеті мен өнерінің алғашқы он күндігі болып, оған Жамбыл бастаған ақындармен қатар Нартай да қатысты.
Мәскеуден көңілді оралған Нартай Шиелі төңірегіндегі ақын-жыршылар мен әнші-күйшілердің басын құрап, көркем өнерпаздар үйірмесін ұйымдастырды. Ақыр соңында ол облыстық филармонияға айналды.
Нартай 1949 жылы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің екінші он күндігіне де қатысты. Бұл мәртебелі жиынды ашқан да Нартай еді. оның өнері көзі тірісінде-ақ әділ бағасын алды. 1939 жылы оған «Қазақ КСР өнеріне еңбек сіңірген қайраткер» атағы берілді. Сол жылы КСРО Жазушылары одағының мүшелігіне қабылданды. 1945 жылы «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. Нартай ақын 1954 жылы өмірден өтті. Әрі ақын, әрі композитор, әрі орындаушы әнші бола білген жарқын тұлғаның өмірі халыққа қызмет етудің үлгісі еді.

Бекежановтар әулеті

Киелі Сыр бойынан қазақтың көптеген текті әулеттері өрбиді. Сондай шаңырақтардың бірі әйгілі Бекежановтар әулеті. Бұл әулеттен би, батыр, ақын, ғалым шығады. «Өз жұртыңды құрметтеу – туған өлкенің тарихын танудан, адамдарын ардақтаудан басталады» деген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлағатты сөзі көп жайтты аңғартады. Енді осы қағидаға байланыс­ты алдымен, әулеттің алғашқысының тегіне, ата-баба жолына көз жүгіртейік. Арғыннан Шұбыртпалы, Тоқтауыл, Қаракесек (Болатқожа) рулары тарайды. Кейін Болатқожаның анасы қалмақ қызы Қарқабат шұбыртпалының ұранына айналған. Кейбір шежірелерде Шұбыртпалыны қаракесек руынан таратады деп айтады. Шұбыртпалыдан Мәмбет, Үмбет, Олжабай тарайды. Мәмбеттен Жолшы (ол кісі оң қолынан өнері тамған ұста болғандықтан «Жебеші» деп те аталған), Жанайдар, Қара дүниеге келеді. Жолшыдан – Өтес (көз тимесін деп оң бетіне күйе жағып қойғандықтан жеңгелері «күйелі» деп атап, кейінгі кейбір ұрпақ «Күйелі» аталып кетті), Есперлі (көкала) дүниеге келеді. Өтестен – Тоғанас дүниеге келеді. Тоғанастан Бөгенбай, ­Отарбай, Атарбай. Бөгенбайдан – Қоңырбай, ал Қоңырбайдан – жауға «Қарқабаттап» шапқан атақты Ағыбай батыр туады. Отарбайдан – Айғара, Айтуар, Сандыбай, Аққозы, Әлібек, Сүйіндік, Түкібай. Сүйіндіктен – Әнди, Дәнди, Нышан, Бекежан. Әнди Сүйіндікұлының ұрпағы кешегі Кеңес Одағына аты шыққан Маман Қалдыбайұлы күріштен мол өнім жинап, 1947 жылы Социалистік Еңбек Ері атағын алды. Дәнди Сүйіндікұлының атақты ұрпақтары Аманкүл Ықанқызы, Сәуле Сыздыққызы Қазақстан Суретшілер одағының мүшелері. Әлімхан Оспанұлы халыққа әндерімен танымал әйгілі сазгер, Әлімхан мен Әшімхан Оспановтар елге белгілі өнерпаздар, әншілер, Сансызбай Сыздықұлы заң қызметкері, ал Сайлау Сыздықұлы заман ағымына орай «Медеу» атты жекеменшік өндірістік коммерциялық ұжым ұйымдастырып, елеулі іс тындырып жүр. Бұрынғы кезде Сүйіндік әулеті қырдан Сыр бойына келген.
Олар Қызылорда облысының Шиелі өңірінде қоныстанған. Енді ­Бекежан Сүйіндікұлы бабамыздың әулетіне келейік. Бекежаннан – Қожамбет, Бәйімбет, Әйеке, Әйтікей, Асан, Үсен, Қонақбай, Алыпқаш, Ботакөз дүниеге келеді. Қожамбет Бекежановтан – Жүсіп, Жақып туады. Жүсіптен – Шырынкүл, Әбсемет, Садық, Мәулен, Хамит, Феруза дүниеге келеді. Хамит Жүсіпұлы жоғары партия қызметкері болған. ­Феруза Жүсіпова – қоғамдық және партия қызметкері, Жалағаш, Сырдария, Шиелі ауданында хатшы, ауатком төрайымы, Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданында екінші хатшы болып жұмыс атқарған. Бәйімбет Бекежановтан – Бабыр, Сабыр, Мәді, Зупын, Әйеке ­Бекежановтан – Тәшім, Әшір, Сәден, Бибіш туады. Әйеке Бекежанұлы Шиелі өңірінде он сегіз жыл болыс болып, өмірден өтеді. Әйеке ұлдары Тәшім мен Сәден елге сыйлы билер болады. Әйеке Бекежанов туралы Оразбек Сәрсенбаевтың кітабында жазылған. Тәшімнен – Сопан, Рүстем, Мәлкен, Нұрбибі, Нұркүл, Пірмағанбет, Әйтжан, Бибіхан дүниеге келеді. Мұхамеджан Рүстемов көп жыл комсомол, партия қызметінде істеп, оған қоса елге танымал композитор, «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері», Журналистер, Жазушылар одақтарының мүшесі болған. Әйтікей ­Бекежановтан – Нұраш, Нұрман, Салиха дүниеге келеді. Әйтікей атамыз кезінде бай болған. Оның үлкен баласы Нұраш Қазан төңкерісіне дейін ауылнай әрі бай болады. Үлкен қызы Алуаштан ­Мария, Серікбай және белгілі аудармашы, жазушы-драматург Оразбек Бодықов туады. Оразбек Бодыковтың ағасы Серікбай 20-шы жылдары партия қызметкері болып қызмет атқарған, дүниеден өте ерте кетті. Нұраш ­Бекежановтан – Тұрман, Алуаш, Балқия 1912 жылы туады (1986 жылы қайтыс болған) және Метрей деген орыстың баласын (1912 жылы туған) асырап алады. Нұраш Бекежанов төңкеріс кезінде үстінен бай-құлақ деп арыз жазғаннан кейін Метрей деген баласымен шетелге кетіп бара жатқанында қайтыс болады. Тұрман Нұрашұлы Кеңес Одағын құрушы белсенділердің бірі болды, Кеңес милициясында Қызылорда, Жамбыл облыстарында және Қарағанды облысында Балқаш қалалық милиция бастығы болып қызмет істеді.
Ұлы Отан соғысына Қарағанды облысы, Балқаш қаласынан аттанады. Соғыстан бірнеше рет хат келген, соңғы келген хатында ақ тон киген сурет жіберген. Хатында: «500 әскердін үстінен қараймын, бір бидайды жинап екінші ораққа кірісейік деп тұрмыз» деп жазған. Сонан кейін ешқандай хат-хабар болмаған. Соғыстан оралмайды.1934-1935 жылдары Жамбыл қаласында Тұрман Бекежановтың әйелі мен екі баласы 30-шы жылдардың ортасында жұттың кесірінен қайтыс болған. Тұрман мен Метрей деген Нұраш Бекежановтың орыс баласы туралы Мұхамеджан Рүстемовтың «Нартай» деген кітабында жазылған.
Нұраш Бекежановтың алғашқы әйелі Шиелі өңіріндегі Байжан деген кісінің қызы болған. Көп жылдар автокөлік саласында жұмыс атқарған, Әскербек Байжановтың апалары болады. Балқия Нұрашқызының бес жасында шешесі өмірден озады. Ол кезде милицияда қызмет атқарып жүрген Балқияның ағасы Тұрман ­Бекежанов үйінде көбінесе болмаған, сосын Жамбыл облысына қызмет бабымен ауыстырылған. Осы кезде өгей шешесі кішкентай Балқияны қараңғы кезде алысқа су әкелуге жұмсайды екен, бір күні Нұраштың інісі Нұрман көкесі соны көріп жеңгесін қамшымен сабапты, ал өзінің Дәмеш қызына Балқияның қасында әрқашанда боласың, өмірдің барлық жағын бірге көресің деп айтқан екен. Нұраштын кіші қызы Балқиядан – Күлжәмила, Әбдурахман, Күләйша, Асылбек туады. Күлжәмила 86 жасында қайтыс болған, ол Әбдурахман інісі екеуі денсаулық сақтау саласында көп жыл қызмет атқарған. Әбдурахман мен Күляйша қазіргі кезде зейнеткер.
Балқияның кенже баласы Асылбек ­Наурызбаев экономика ғылымының кандидаты, бүгінде Қорқыт Ата атындағы мемлекеттік университеттің «Есеп және аудит» кафедрасында ұстаз болып қызмет атқаруда. Асылбек ­Наурызбаев 1997 жылы кандидаттық диссертация қорғады. Асылбектің үлкен баласы Әйтікей магистратураның екінші курсында, кіші ұлы Ерсұлтан Қорқыт Ата атындағы КМУ үшінші курсында оқиды. Қызы Жания Қызылордадағы Жәлел Қизатов атындағы мектеп-лицейінің 7 сыныбында білім алуда. Нұраш Бекежановтың қызы Балқияның баласы Асылбек Наурызбаевтың қолында мынандай деректер бар: «Кішкентай кезімнен Мұхамеджан Рүстемов нағашымды әрдайым жол сапар кезінде пойыздың үстінде көретін едім. Көбінесе Оңтүстік Қазақстан мен Қызылорда облыстарының арасында іссапарда жүретін еді. Ағамызды осыған байланысты жеңгелері Жолдыбай деп атайтын еді. Феруза апамызбен соңғы кездескен кезімізде менің кішкентай Жания деген қызымды алдына алып: «Өзіме ұқсайды екен, Алла бақытын берсін» деген. Сол кездесу біз үшін соңғы болды. Қазір сол Жания қызым 7 сыныпта Жәлел Қизатов атындағы мектеп-лицейде оқып жатыр». ­Салиха Әйтікейқызының ұлы Қасым Набиұлы (1917-1980) көп жылдар Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданында жұмыс атқарып, кейін 70-ші жылдардың ортасында Қызылордаға көшіп келіп, «Межколхозстрой» құрылыс бірлестігінде бас есепші болып жұмыс атқарды. Ағамыздың үлкен ұлы Жорабек Алматы қаласында, кіші ұлы Санжар төтенше жағдайлармен күрес жөніндегі облыстық департамент бастығының орынбасары болды, полковник атағын алды.
Қазір зейнет демалысында бірақ әлі де өз мамандығы бойынша қызмет істеп жүр. Ағамыздың қыздары Астана, Қызылорда, Ақтөбе, Алматы қалаларында тұрады. Әйтікей Бекежановтың кенже балалары Дәмеш Нұрманов (1914-1983) пен Шәріп (1934-2016). Шәріп Нұрманов Қызылорда, Батыс Қазақстан облыстарында темір жол бөлімшесі бастығының орынбасары, Қызылорда станциясының бастығы болды. Зейнетке шыққаннан кейін де темір жол бөлімшесінде қызмет атқарды. Жақында қайтыс болды. Ол «Құрметті теміржолшы» атағының және «Құрмет белгісі» орденінің иегері. Дәмеш апамыздан Мырзабек, Күләйша, Анар және Аманкүл туған. Мырзабек ағамыз, Күләйша және Аманкүл апаларымыз қайтыс болған. Олардың балалары Қызылорда қаласы мен Шиеліде тұрады. ­Бекежанов Қонақбайдан – Мәнсүр Бекежанов, Мәрия туады. Мәнсүр Қонақбайұлы халыққа танымал шайыр, белгілі молда болды. Анамыздың айтуынша, Мәнсүр ән айтқанда бесіктегі бала жылауын қояды екен. Мәнсүр өте оқымысты және діннің адамы болғандықтан өз өнерін жұртқа көп көрсетпеген. Алыпқаш Бекежановтан – Әлтай, Ізекей, Нартай Бекежанов, Сыздық, Ізікүл, Батпагүл туады. Нартай Алыпқашұлы майталман ақын, талантты әртіс, «Республиканың еңбек сіңірген өнер қайраткері», «Құрмет белгісі» орденінің иегері болса, Нартайдан – Қоңырқаз, Махмұт туады.
Махмұт Нартайұлы заманында партия-кеңес саласында жоғарғы лауазымды қызметтер атқарды.­Нартай Бекежанов (1890-1954) – ақын, композитор. Қызылорда облысы, Шиелі ауданында дүниеге келген. Он жасынан ән салып, өлең айта бастайды. Бай-молдаларды шенеген («Сараң байға», «Мырзалық емес»), барымта, әмеңгерлікті әшкерелеген. («Жесір дауы») және т.б. жалшыларды батылдыққа, қайсарлыққа шақырған өлеңдер шығарды. Ақын халық әндерін шебер орындаумен қатар өзі де әндер («Толқын», «Нартай сазы», «Өсиет терме») шығарды. Нартай Жамбыл Жабаевпен кезінде айтысқан дейді, соңда Жамбыл айтқан екен «Ай қасқам, жарайды екенсің» деп.
Нартай өмірінің соңғы кезеңіне дейін өткір идеялық құрал өнер мен мәдениетті дамыту жолында күресті. Ол туралы Мұхамеджан Рүстемов «Нартай» повесін жазды. Нартайдың анасы Бақтыгүл. Сауықшыл ауыл дәстүрін өнеге тұтқан өнерлі бала он жасынан ән салып, өлең айта бастайды. 1935 жылы Шиелі қыстағында ашылған балалар үйіне көркемөнерпаздар үйірмесінің жетекшісі болып орналасады. Бірер жылдан кейін Қызылордада ұйымдастырылған концерт-эстрада бюросына шақырылады, өмірінің ақырына дейін сонда қызмет істейді. 1939 жылы Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы көрмесінің ашылу құрметіне болған этнографиялық концертке қатысып, академиялық үлкен театрда ән шырқап, жыр толғайды. Республикалық ақындар айтысына қатысып, Н.Баймұратовпен, Қ.Байболовпен өнер сайысына түседі. 1949 жылы Қазақ әдебиеті мен өнерінің Мәскеуде өткен он күндігіне қатысады. Қазақта «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген нақыл сөз бар. Сондықтан біздер, кейінгі ұрпақ, кезінде ел мүддесін қорғап, қазақ деген халық атын биік ұстап, ел құрметіне бөленген Сыр өңіріндегі Бекежановтар әулетінен шыққан есіл ерлердің есімдерін ұмытпауымыз керек.

Н.Нақыпов,
Н.Бекежановтың мемориалдық өнер музейінің қор сақтаушысы

22 қазан 2019 ж. 1 008 0