Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жезқазғаннан жеткен жәдігерлер

Жезқазғаннан жеткен жәдігерлер

Ел тарихында өшпес із қалдырған, аңыз болып айтылып жүретін, ұрпақтан ұрпаққа тарап, өмірге бейне бір үлгі-өнеге болатын абзал жандар болады. Олардың есімін насихаттай отырып, жас ұрпаққа үлгі етіп жеткізу – парыз. Өмірінде елі үшін қызмет атқарған жандар ғасырлар бойы ел тарихында, халық санасында мәңгі сақталады.
Осындай санаттағы бірегей есім – Тайжан Қалмағамбетұлы. Арқаның күміс көмей, алып ақыны аталған өзінің аз өмірінде артынан асыл да, құнды өнерімен бірге ақиық ақын, әнші, ән атасы Нартайдай шәкірт қалдырған. Нартай ақынға батасын беріп, өнерін қолдап, ұстазы болған.
ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында келер ұрпаққа құнды деректерді, жәдігерлерді насихаттау мақсатында Н.Бекежанов атындағы мемориалдық өнер музейінің қор сақтаушысы Н.Нақыпов Жезқазған қаласында іс-сапарда болып, ҚР еңбек сіңірген әртісі, Т.Қалмағамбетов атындағы Жезқазған филормониясының әншісі, Тайжан ақынның әндерін жинақтап, насихаттаушы Ғ.Мұхамединмен кездеседі.
Кездесу барысында Ғ.Мұхамедин: «Ұлағатты ұстазым Жүсіпбек Елебеков үш жүздің басын қосқан Ұлытау жеріне бара жатырсың. Сол жақта ақын Тайжан өмірге келген. Сол ақынның өнерін, әндерін насихаттап, жалғастыршы», деп аманаттап еді. Қазіргі таңда Тайжан ақынның әндерін орындап, насихатап жүрмін, – дейді. Ол Жезқазған өңірін аралап, халық арасынан Тайжан Қалмағамбетұлының әндерін жинақтаған. Осынау келелі кездесудің маңыздылығы, сол кездегі домбырасын, халық әндері мен Тайжан ақынның 12 әні жарық көрген «Алтын кесе» атты күйтабағын, «Ақын Тайжан», «Дала дауылпазы – ақын Тайжан», «Алтын кесе» әндер жинағын Нартай музейіне тарту етті. Сонымен қатар, Жезқазған тарихы археологиялық музейінің директоры Раушан Қапарова Жезқазған өңірі жайлы «Ұлы даланың Ұлытауы», «Мыс сыпырған, кен қазған», «Жарқын жылдар жаңғырығы» атты кітаптарды сыйға береді. Ал, музей ұжымы Жезқазған өңірінен келген жәдігерлерден «Перзенті Ұлытаудың ақын Тайжан» атты көрме ұйымдастырып, №156 Н.Бекежанов атындағы орта мектептің оқушыларын осынау құнды дүниелердің қыр-сырымен таныстырды.

Дина ЖҮСІПОВА.
16 қазан 2018 ж. 1 503 0