Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Елге қызмет – ерге міндет

Елге қызмет – ерге міндет



Шиелі өңірі талантты азаматтар мен құнды дүниелерге толы өлке. Әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Еліне қызмет еткен ерлері, талай-талай аңызға толы жер атаулары бар. Міне, осы жәдігерлерді жиып-теріп, мұражайда сақтауға аянбай тер төккен Шахизатхан Тәшімбетов жайлы келер ұрпақ біліп өсуі керек-ақ.
Баршамызға бағдар берген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты Елбасының мақаласында «Туған жерге ту тіккен әрбір азаматты ұрпағы біліп өсуі тиіс» делінген. Қазақ елінің кез келген аймағынан ежелгі, орта ғасырларға және жаңа заманға қатысты тарихи жәдігерлерді немесе деректерді көптеп кездестіруге болады. Мәселе соларды танып біліп, табылған мәліметтерді жүйелеп, зерделеп, оларды жас­тар тәрбиесінде тиімді пайдалана білуімізде. Осы жолда ауданның дамуына үлес қосып, абыройлы қызмет атқарған Ш.Есенбайұлының еңбегін елемеу мүмкін емес. Ауданда музей 1979 жылы облыстық өлкетану музейінің филиалы негізінде құрылып, кейіннен 1982 жылы толық Ы.Жақаев атындағы күріш өсіру тарихы музейі болып ашылады. Осы музейде 1991-1999 жылдар аралығында басшылық етіп, музей қорын құнды дүниелермен толықтыра түседі. Ауырды арқасына, ащыны таңдайына сала жүріп, жер-жерді аралап, тарихтан сыр шертетін мұраларымызды жинақтаудан жалыққан емес. Осы еңбекқорлығы құрмет биігінен көрінуге сеп болды.
Әрбір істі айрандай ұйытып, тиянақты іс атқаратын Ш.Тәшімбе­товтың 80 жылдық мерейтойы қарсаңында елге еткен қызметін саралау бізге міндет. Ұрпаққа рухани азық болатын жәдігерлердің жаңғыруына өзіндік үлесін қосқан тұлғалардың бірі десек те артық болмас. Музейдің ашылуына, ауданның дамуына сүбелі үлес қосты. Бүгінгі таңда мақтанышымызға айналып отырған дән атасы Ы.Жақаев атындағы күріш өсіру тарихы музейінің жұмысы жемісті, ісі оңды болуы да осы кісілердің қажырлы еңбектерінің арқасы.

Қ.Ыханова,
Ы.Жақаев атындағы күріш өсіру тарихы музейінің
директоры.
04 мамыр 2018 ж. 1 843 0