Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БІЛІМ МЕН БИЗНЕСТІ ҰШТАСТЫРҒАН БАСҚОСУ

БІЛІМ МЕН БИЗНЕСТІ ҰШТАСТЫРҒАН БАСҚОСУ

Қазақ даласында әйел ешқашан тек отбасының ғана адамы болмаған. Ұлттың ұстынына айналған талай тарихи кезеңдерде аналар елдің де тағдырын көтерді. Бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен ұрпақтың рухын тәрбиеледі. Домалақ ана мен Айғанымнан басталған даналықтың жолы, Әлия мен Мәншүкке ұласқан қайсарлықтың үні бүгінгі қазақ әйелінің бойынан әлі де сезіледі. Уақыт өзгерді. Заман жаңарды. Бірақ әйелдің қоғам алдындағы миссиясы өзгерген жоқ. Тек оның формасы жаңарды. Кеше елді рухымен қорғаған қазақ әйелі бүгінде ел экономикасын біліммен, кәсіппен, іскерлікпен қорғап жүр.
Жуырда ауданда өткен «Маркетинг және қаржылық сауаттылық – әйелдер бизнесінің негізі» атты семинар дәл осы тарихи сабақтастықтың заманауи көрінісіндей әсер қалдырды.
«Арман» мәдениет үйінің есігін ашқан сәттен-ақ бұл жиынның қарапайым кездесу емес екені аңғарылды. Мұнда жиналған әйелдердің жанарында өзгеше жігер бар еді. Бірі – өз кәсібін кеңейтуді армандайды. Бірі – отбасылық табысты арттырудың жолын іздейді. Енді бірі – өмірін өзгерткісі келеді. Бірақ бәрін біріктірген ортақ мақсат бар. Ол – қоғамнан өз орнын тауып, мүмкіндігін дәлелдеу.
Қазақ тарихына көз салсақ, әйелдің еңбек пен жауапкершіліктен ешқашан шет қалмағанын көреміз. Көшпелі дәуірдегі аналар тек ошақ басында отырмады. Олар ел басқарған ерлердің ақылшысы болды, жаугершілік заманда ұрпақты аман сақтады, жоқшылықта шаңырақты шайқалтпады. Ұлттың рухани өзегін ұстап тұрған да – сол аналар еді.
Осы өткен семинарда сол тарихи рухтың жаңа бейнесі байқалды. Ендігі майдан – білім мен кәсіптің, бәсеке мен экономиканың алаңы. Қазіргі әйел үшін сауаттылық – тек әріп тану емес, қаржыны басқару, нарықты түсіну, маркетингті меңгеру, уақытпен бірге жүру.
Семинар аясында ұйымдастырылған қолөнер және кәсіп көрмесі қазақ әйелінің табиғи талантын тағы бір мәрте әйгіледі. Ұлттық нақышпен көмкерілген бұйымдар, қолдан дайындалған өнімдер, тәттілер мен түрлі кәсіп түрі – бәрі де «қазақ әйелі тек тұтынушы емес, өндіруші» деген ұғымды айқындап тұрды.
Кезінде әжелеріміз жүн түтіп, алаша тоқып, соның арқасында бір әулеттің тұрмысын түзесе, бүгінгі әйел сол ұлттық өнерді кәсіпке айналдырып отыр. Бұл – дәстүрдің үзілмегені.
Ал «Кітап – AMANAT» жобасының таныстырылымы руханият пен кәсіптің бір-бірінен ажырамайтынын көрсетті. Себебі тарихта қай кезеңде де білімсіз қоғам ұзаққа бармаған. Алаш арыстарының өзі «Ұлтты сақтайтын – білім» деген ұстанымды алға қойды. Ахмет Байтұрсынұлының «Білімді болуға оқу керек, бай болуға кәсіп керек» деген сөзі дәл бүгінгі қоғамға арналғандай естіледі.
Жиынды ашқан «AMANAT» партиясы Шиелі аудандық филиалының атқарушы хатшысы Жібек Орынбайқызының сөзі де осы бағытпен үндесті. Оның лебізінде әйелдің тек отбасы емес, тұтас қоғам үшін маңызды тұлға екені анық байқалды. Расында, мемлекет дамуы үшін экономикалық белсенді әйелдер қатары көбеюі қажет. Өйткені әйел табысты болса, отбасы тұрақты. Отбасы тұрақты болса, қоғам берік.
Семинарды «AMANAT» партиясы Шиелі аудандық филиалына қарасты Әйелдер қанатының жетекшісі Сәуле Құрманәліқызы жүргізіп отырды. Онда сөз сөйлеген спикерлердің әрқайсысы өз тақырыбын өмірмен байланыстыра отырып жеткізді.
Гаухар Бақытжанқызы әйелдердің қоғамдық процестердегі орны туралы айта келе, қазіргі кезеңде нәзік жандардың саяси және әлеуметтік белсенділігі артып келе жатқанын атап өтті. Шынында да, тарихтағы аналардың даналығы бүгінгі қоғамдық жұмыстардан да көрініс табуда.
Балдырған Нұртуғанқызының қаржылық сауаттылық жөніндегі баяндамасы бүгінгі қоғамның ең өзекті мәселелерінің бірін қозғады. Қазір адамдар ақпараттың көптігінен емес, қаржыны басқаруды білмегендіктен қиналады. Несиеге тәуелділік, жоспарсыз өмір, табысты тиімді игере алмау – талай отбасының әлеуметтік мәселесіне айналған. Сондықтан қаржылық сауаттылық – тек экономикалық ұғым емес, отбасы тұрақтылығының кілті.
«Ауыл аманаты» жобасының қатысушысы Нұргүл Базарбекқызының әңгімесі ауыл әйелдерінің шексіз мүмкіндігін көрсетті. Қазақ даласында кәсіптің үлкені мен кішісі жоқ. Ниет пен еңбек болса жеткілікті. Оның тәжірибесі ауылдағы қарапайым әйелдің де үлкен табысқа жете алатынын дәлелдеді.
Ал кәсіпкер Арайлым Бағдатқызының табыс жолы – бүгінгі жастар үшін нағыз мотивация. Оның кәсібі тәтті өнім шығарумен ғана шектелмейді. Ол – еңбекке сенудің, тәуекел етудің, өз ісіне адал болудың үлгісі.
Психолог-тренер Назира Кенжебекқызы өткізген «Әйелдер психологиясы» тренингі жиынның эмоциялық өзегіне айналды деуге болады. Себебі қазіргі қоғамда әйелдің сыртқы күресінен бұрын ішкі күресі ауыр. Ол өзін дәлелдеумен шаршайды. Бір мезетте жақсы ана, табысты кәсіпкер, белсенді қоғам мүшесі болуға тырысады. Ал мұның артында үнсіз қажу жатады. Тренинг барысында осы мәселелердің ашық айтылуы көптеген қатысушының ішкі әлемімен үндескендей болды.
Шара соңында жаңа партия мүшелеріне билеттер мен білім сайысының жеңімпаздарына сертификаттардың табысталуы да символдық мәнге ие еді. Шиеліде өткен бұл семинар шын мәнінде қазіргі қазақ әйелінің жаңа портретін көрсетті. Ол – руханияттан ажырамаған, тарихын ұмытпаған, бірақ заман көшінен де қалмайтын әйелдің бейнесі. Кешегі Тұмар ханым елдің шекарасын қорғады. Бүгінгі қазақ әйелі отбасының экономикалық шекарасын қорғап жүр. Кешегі Зере мен Ұлжан ұлттың рухын тәрбиеледі. Бүгінгі аналар сол рухты біліммен, кәсіппен, санамен жалғастырып келеді.

Сұлушаш МАДИЯРОВА
25 мамыр 2026 ж. 28 0